Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев шенеуніктердің өзін алдап жүргенін айтып, салғырттығы үшін сынға алды

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Тоқаев Үкімет отырысында шенеуніктер өзін алдап жүргенін айтып, оларды сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент Тоқаев жыл басында “Turkistan” газетіне берген сұхбатын оқымаған шенеуніктерге ренжіді. Сонымен қатар, олардың іске салғырт қарайтынын айтып, сынға алды. 

“Жаңа Салық кодексі туралы жақында “Turkistan” газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді.  Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар”, – деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысының пікірінше, банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. 

“Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін “фискальдық деректер фабрикасына” айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет”, – деді Тоқаев. 


Депутат көріпкелдер мен экстрасенстерге салық төлетуді ұсынды


2026 жылы салық режимін қалай таңдау керек: Кәсіпкерлерге маңызды ескерту жасалды


Сондай-ақ Тоқаев Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейтуды тапсырды. 

“Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр”, – деді Тоқаев. 

Президент Жаңа Салық кодексіне тоқталып, оның енгізілуін қамтамасыз ету керегін айтты. Сөзінше, жаңа салық-бюджет саясаты экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет. 

“Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады.  Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі”, – дейді президент.

Сондай-ақ Тоқаев аталған сандар көңілге сенім ұялататынын жеткізді. 

“Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн”, – дейді президент. 

Мемлекет басшысы салық мәселесіне келгенде органдар мен салық төлеушілер арасында сенім қағидаты болуы керек дейді. 

“Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуы тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын”, – деді Тоқаев. 

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев көптің сынына қалған жаңа Салық кодексіне қатысты Үкіметке тапсырма берген еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 12:10