Жайна Сламбекқызы "Хабар" арнасының директоры болып тағайындалды
Жайна Жақсылықова "Хабар" арнасының директоры лауазымына тағайындалды. Бұл туралы агенттіктің басқарма төрғасы Берік Уәли хабарлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.
"Бүгіннен бастап Жақсылықова Жайна Сламбекқызы "Хабар" арнасының директоры лауазымына тағайындалды. Жайна журналистиканың өз жауынгері. Көрермен қауым оны сараптамалық бағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі ретінде жақсы таниды. Әріптесімді жаңа қызметімен шын жүректен құттықтап, сәттілік тілеймін! "Хабардың" дамуына қосар үлесіңіз зор болады деп сенемін! " – деп жазды Уәли желідегі парақшасында.
Айта кетcек, Берік Уәли 29 наурызда "Хабар агентігі" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Оған дейін Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз хатшысы болды.
Жайна Сламбекқызы 1974 жылы 12 қарашада Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қуаңдария ауылында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтаған.
Еңбек жолын 1996 жылы жазда "Хабар" агенттігінде тілші болып бастаған. 2014 жылдың ақпанына дейін комментатор, атқарушы продюсер, тележүргізуші, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры болып жұмыс істеді.
2014 жылдың ақпанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін "Астана" телеарнасында "Біздің уақыт" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.
2019 жылдың тамызынан "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасында "Apta" бағдарламасының жетекшісі және жүргізушісі болды.
Жайна Сламбекқызы - Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты (1999 ж). Отандық тележурналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Президенті сыйлығымен марапатталды (2019 ж), сонымен бірге "Тұмар" ұлттық телевизия сыйлығының иегері (2020 ж).

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
