"45°C-қа дейін аяз": Қазгидромет алдағы қыс қандай болатынына болжам жасады
Қазгидромет 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы наурызға Қазақстан бойынша консультативтік маусымдық ауа райы болжамын жасады. Болжамға сай, күз бен қыста жауын-шашын нормадан асып түседі және күннің аномальды түрде суитын кезеңдері болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қараша – қыс алдындағы күздің соңғы айы. Шуақты күндер мен аязды ауа райының жиі өзгеретін кезі. Оңтүстік-батыс, оңтүстік аймақтарда қарашада қар аралас жауын-шашын болжанып отыр. Қатты жел, бұрқасын, көктайғақ пен тұман бір ай бойы болады.
Аязды ауа райы айдың екінші жартысында да білінеді:
- республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі уақытта -15-24°С-қа дейін, күндіз -7-12°С-қа дейін;
- батыста және елдің оңтүстік жартысында түнде -3-15°С-қа дейін, күндіз 0,-7°С-қа дейін.
Кейін Орта Азия мен Жерорта теңізінен жылы ауа массаларының келуі әсерінен күндіз күн жылынады:
- республиканың көп бөлігінде +3+8°С-қа дейін;
- оңтүстік жартысында +8+15°С-қа дейін.
Жалпы қарашада ауа температурасы республиканың басым бөлігінде норма шамасында (нормалар қосымшада келтірілген), қиыр батыста – 1° нормадан жоғары, елдің оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда (Түркістан, Жетісу облысы, Шығыс Қазақстан, Абай облысында, Жамбыл және Алматы облыстарының оңтүстігінде) – 1° нормадан төмен болады.
- Қараша айында жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында;
- солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жартысында нормадан көп;
- (Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, Атырау және Ақтөбе облыстарының солтүстік-батысында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының шығысында, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының қиыр солтүстігінде), елдің оңтүстік өңірлерінде – нормадан аз болады деп болжанған.
Қыс айлары қалай өтеді?
Консультативтік болжамға сәйкес қыста температура режимі климаттық норма шегінде болжанған. Жауын-шашын көпжылдық нормадан асады. Алайда жауын-шашынның тоқтауы мен температураның аномальді төмен фонымен (солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнде 30-45 °C аяз, елдің батысы мен оңтүстігінде 25-35 °C аяз) сипатталатын кезеңдер болады.
Қыстың алғашқы екі айы желтоқсан және қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы норма щамасында деп болжанады. Тек қаңтарда елдің батысында, солтүстік-батысында (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе облысының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстік-батысында) нормадан 1°С жоғары болады.
Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігіндегі нормадан көп болады деп болжанып отыр.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау облыстарында, Түркістан облысының басым бөлігінде, Атырау облысының солтүстігінде, Қостанай, Ақмола облыстарының оңтүстігінде, Қарағанды және Жамбыл облыстарының солтүстік-батысында норма шамасында болжанған.
Маңғыстау облысында, Атырау облысының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында нормадан аз болжанды.
Қаңтар айында жауын шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады.
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақмола, Павлодар облыстарының басым бөлігіндегі, Қостанай облысының солтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында, Қызылорда облысының батыс жартысында нормадан көп болады;
Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының басым бөлігінде нормадан аз болжанып отыр.
Ақпан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары. Еліміздің солтүстік аймақтарында норма шамасында болжанды. Белсенді циклондар әсерінен жауын-шашын еліміздің көптеген аймақтарында нормадан асып түседі. Жауын-шашын республиканың оңтүстік-батыс жартысында климаттық норма шегінде болжанады.
Көктемнің басындағы ауа райы
Наурыз – қыс пен көктем арасындағы өтпелі кезең. Сондықтан жылы күндерден кейін де аяз бен қалың қар қайта болуы мүмкін.
Алдын ала болжам бойынша наурыз айында температура еліміздің басым бөлігінде нормадан 1°С жоғары болады. Ал республиканың оңтүстік-шығыс жартысында норма шамасында болады.
Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан көп. Қызылорда, Ұлытау, Қарағанды облыстарында, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Атырау, Қостанай, Ақмола облыстарының оңтүстігінде, Абай облысының оңтүстік-батысында, Маңғыстау, Алматы облыстарының солтүстігінде, Жетісу облысының солтүстік-батысында норма шамасында, Маңғыстау облысының басым бөлігінде нормадан аз болады.