"Жауапты адамдар сыра ішіп жүр": Айнұр Асанберді Жапонияда өтіп жатқан EXPO көрмесіндегі Қазақстанның павильонын сынады
Журналист Айнұр Асанберді Жапонияда өтіп жатқан көрмеге барып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Айта кетейік, Осака қаласында 158 ел мен 9 халықаралық ұйымды біріктірген ауқымды халықаралық оқиға – Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі басталған еді.
“Жүрегім ауырды… Бүкіл әлем болашақпен тыныстап жатыр. Америкалықтар — айға үй саламыз дейді. Немістер — ұшатын көлікпен келеді. Жапондар — робот пен рухты біріктіріп отыр. Түркіменстан мен Әзірбайжанның жеке ғимараты, өзіндік стилі, айтары бар.
Ал біз… жартылай киіз үй. Жартылай ұят. Жартылай қатысу. Жартылай ел екенімізді танытқандай… Ұлт болмысын танытудың орнына, бұрыштағы қарапайым декорацияға айналып қалғандаймыз. Түсінем, қарапайымдық – қасиет. Бірақ мұндай ауқымды сахнада бұлай мазақ болғанша ештеңе қоймаған жөн бе еді. Жарайды қойған екенбіз, қаншама адам сол ЭКСПО үшін жарты жылға Жапонияға келді. Солар ең болмаса әдемілеп ақпарат беріп шығарып салса ғой, шіркін… Сонша іздеп барып өз елімнің күйіне қарап көңіл құлазыды… Тіпті қарсы алып тұрған жігіт ешкімді жақтырып тұрған жоқ”, — деп жазды журналист.
Одан кейін жауапты адамдардың да не істеп жүргенін де жасырмады.
“Мақсатым – елімізді сынау емес. Тек осы көрменің соңында 10 адам жүр. Бәрін Осакада барда сыра ішіп отырғандарын көрдім. Мына жерге келгендерді күтіп алып ештеңе қоймаса да ақпарат берсе деген ой ғана. Солар жарты жылға көрме үшін келді”, — деп жазды ол Instagram stories-те.
Одан кейін QazExpoCongress ұйымының өкілі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
“Бастапқыда Қазақстан Республикасы 1 мың ш. м. жер учаскесінде ауданы 800 ш. м. асатын "А" типті павильонда орналасуы керек еді. Алайда 2024 жылы Қазақстандағы ауқымды су тасқынына және жойқын апаттың салдарын жою, сондай-ақ азаматтарға көмек көрсету үшін қаражатты үнемдеуге байланысты елдің EXPO-ға қатысуы мен бюджетін қысқарту туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесін өткізу жөніндегі жапон қауымдастығы қазақстандық тарапқа жалпы ауданы 63 ш. м. "С" санатты павильонда орналасуды ұсынды. Бұл ретте EXPO-ға қатысатын 158 елдің 93-і "С" санатындағы павильондарға, қалғандары "А" және "Х" санаттағы павильондарға орналастырылды. Шағын алаңға қарамастан, ҚР павильоны 4 жоғары технологиялық аймақтан тұратынын және контенттің мазмұнына, атап айтқанда тарихқа, мәдениетке, экономикалық көрсеткіштерге, экожүйеге, туризмге, инновацияға және т.б. ерекше назар аударылғанын атап өткен маңызды. Шаңырақ символына негізделген тұжырымдама интерактивті аймақтарды біріктіреді: көпқырлы мұраны ашатын 3D мэппингтен бастап, келушілердің жүздері біртұтас визуалды кенепке біріктірілген иммерсивті проекциялық шоуға дейін қойылған. Экспозицияның әрбір элементі Қазақстанның экология, туризм, инновация және тұрақты даму саласындағы әлеуетін зерттеуге арналған”, – деді ресми өкілі.