Жатырына спираль салған: Шымкенттегі интернаттағы жағдай жайлы жаңа мәліметтері белгілі болды
Шымкент қалалық интернатында мүгедек қызды зорлау ісі жалғасын тауып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында интернатты тексеру нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жоспардан тыс тексеруді Шымкенттегі № 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мониторингтік топ жүргізді.
Мониторингтік топтың құрамына бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді.
"Тексеру барысында қызмет алушылардың құқықтарының көптеген бұзушылықтары және орталықтың қызметін ұйымдастырудың кемшіліктері анықталды. Мысалы, бірнеше палаталарда жатын бөлмелер белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, яғни тиісті бес шаршы метр алаңның орнына қызмет алушыларға 3-тен 4,5 шаршы метрге дейін келеді", - деп атап өтті Еңбек министрлігі.
Жеке жұмыс жоспарлары жеке оңалту бағдарламасын ескере отырып жасалмаған. Сонымен қатар, кейбір адамдар киім мен төсек жабдықтарымен толық күйінде қамтамасыз етілмеген.
"Сондай-ақ, асхана, ас үй, азық-түлік қоймасына мониторинг жүргізу кезінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Бұл құқық бұзушылықтар орталықтың лауазымды тұлғаларына тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ас үй блоктарында және басқа да үй-жайларда санитарлық талаптарға сай еместігіне байланысты жаппай жұқтыру қаупі бар.
2020 жылы объектіге бару барысында берілген ескертулерге мекеме басшылығының әрекетсіздігі және өз деңгейінде әрекет етпеуі атап өтілді" - деп толықтырды министрлік.
Тексеру нәтижелері бойынша Шымкент әкімдігіне орталық директорын лауазымынан босату туралы мәселені қарау туралы ұсыныс жіберілді.
Айта кетейік, тексеріс шараларына Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың қалалық интернатында мүгедектігі бар қызды зорлау туралы өтініші тексеруге негіз болды. Ол қызына интернатта жасырын түрде спираль қойғанын айтты.