Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жатырын алып тастаған: Павлодарда нәрестесінен айырылған келіншек кінәлі мамандардың жазалануын сұрайды

Павлодарда тоғыз ай сәбиін күткен әйел ауруханада баласынан айырылып қалған. Сонымен қоса дәрігер оның жатырын алып тастапты. Ол кінәлі мамандардың жазалануын сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

26 жастағы Гүзалия Жетпісова енді бала көтере алмайды. Қайғыдан қан жұтқан әйел нәрестенің шетінеп кетуіне медицина мамандары кінәлі дейді.  Жүктілік кезінде оның еш жері ауырмаған, қауіп болмаған. Қазір полиция қайғылы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Гүзалия Жетпісова жүктіліктің 37-аптасында іші ауырып, бірінші қалалық ауруханаға түскен. Айтуынша, дәрігерлер ешқандай қауіп жоқ деп, оны үйіне қайтарып жіберген. Бірақ бес күннен кейін әйелдің суы кетіп, дереу жедел жәрдем шақырыпты. Сол кезде дәрігерлер шақалақтың жүрек соғысын ести алмаған көрінеді.

“Ультрадыбыстық монитордан көрсеткенде, баланың жүрегін ести алмай тұрмыз деді. Нақты себебін айта алмады. Сол кезде мен қаңсырап жаттым. Жанымда болған маман осыны көре тұра, ешқандай шара қолданбады. Кейін мен есімнен танып қалдым”, – деді Павлодар тұрғыны Гүзалия Жетпісова. 



Есін жиған сәтте қатты ауырсынып тұрғандықтан, келіншек кесарь тілігін жасауды өтінген. Бірақ дәрігерлердің бас тартқанын айтады. Гузалия Жетпісованың бала босануы шамамен жеті сағатқа созылған. Содан кейін сәбиінің шетінеп кеткенін біліпті. Жағдайы күрт нашарлаған соң дәрігерлер жатырын алып тастапты. Жансақтау бөлімінде 20 күн жатып, ауруханадан шыққан келіншек басынан өткен жағдайға дәрігерлерді кінәлайды.

“Кінәлілер заң бойынша қатаң түрде толықтай жазасын алғанын қалаймын. Мұндай адамдар жұмыс істемеуі керек деп есептеймін”, – деді павлодарлық келіншек. 

Айтуынша, жүктілік кезінде ешқандай асқынулар болмаған, сонымен қатар дәрігердің бір де бір қабылдауын жібермедім дейді. Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік тексеріс жүргізген. Нәтижесінде үш дәрігерге сөгіс жарияланды.

“Павлодар қалалық №1 емханасы мен №1 ауруханасына жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша емханалық және стационарлық деңгейде бұзушылықтар анықталды”, – деп мәлімдеді ДСМ-ның медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті бөлімінің бас маманы Наргиз Нұрғалиева. 

Қазір полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Талқылау