Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енем мен күйеуім қорыққаннан сыртқа шығып кетті": Үйде босанған қазақстандық келіншектер оқиғасын бөлісті

Әйел адамның өміріндегі ең маңызды сәттерінің бірі - ана атануы. Болашақ сәбидің денсаулығы, күтімі мен қажеттіліктері де ата-ананың жауапкершілігінде. Ал баланың қайда және қалай дүниеге келуі әр ананың өз таңдауы. Әрине, басым көпшілігі әдеттегідей перзентханада босануды жөн көреді. Бірі толғақты жеңілдетеді деп суда босанғанды қалайды. Ал енді бірі үйде босанып жатады. Себебі өз үйін перзентханадан жайлы көреді әрі өзін қауіпсіз сезінеді.

Фото: pixabay.com

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, үйде босанудың да өз артықшылықтары мен кемшіл тұстары бар. Үйде босануға бел байлаған әйел үлкен тәуекелге баратанын түсінуі керек. Егер жүктілік жақсы өтсе, жақын маңда перзентхана немесе жедел жәрдем болса және жаныңызда тәжірибелі акушер маман болса үй жағдайында босануға болады. Алайда үйде босануға мәжбүр болған әйелдердің бар екенін де ескеру қажет. Амалсыздан үйде босанған келіншектер өз оқиғасымен бөлісті. 

31 жастағы Жәмиля есімді келіншек екінші перзентін үйде босанып қалған. 

"Қыста, желтоқсанның 21-і күні босандым. Түнімен тісім ауырып шықты. Сөйтсем тіс толғақ болған екен. Ертесінде түске қарай ішім ауыра бастады. Ауылдық жерде тұрамыз, ауруханаға апаратын көлік табыла қоймады. Толғақ қысып, суым кетіп қалды. Жедел жәрдем шақырдық, бірақ уақытысында келмеді. Өзімнің жатын бөлмемде босандым. Жедел жәрдем мен босанып болған соң екі жарым сағаттан кейін жетті. Осылай екінші балам дүниеге келді. Баланың кіндігін өзіміз амалдап кестік. Шүкір, биыл қызым 9 жасқа толады", - дейді Жәмиля Сейтпанова. 

Айтуынша, өзі жеңіл босанған. Алайда жанында дәрігер болмағандықтан жаңа туған нәрестенің өмірі үшін қорыққанын жасырмады.

"Босанғанда қатты қиналған жоқпын. Өзім босандым. Енем мен күйеуім қорыққаннан сыртқа шығып кетті. Босана сала баланың кіндігін кесіп, жылы орап үлгердік. Абысыным келіп қалып баланы орап алды. Бірақ босанған соң "қызым қиналып қалады ма" деген уайым болды. Дегенмен бәрі жақсы болды. Қазір қызым 3 сыныпта оқиды. "Жұртты шулатып туылғансың" деп күліп өзіне де айтып отырамыз", - дейді келіншек.

Жәмиля Сейтпанова басынан өткен оқиғасымен бөлісіп қана қоймай, үйде босануға мәжбүр болған жағдайда қыз-келіншектерге не істеу керегін айтты. 

“Мен сияқты аяқ астынан босанатындай жағдай болса, асықпай алдымен босанатын жерді тазалап, дайындап алған дұрыс. Жедел жәрдем кешіккен жағдайда болса жаныңызға сенімді адамды алып, босана беруге болады. Бірақ қан кету қауіпі бар. Ондай кезде қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер болмаған соң ештеңе істей алмай қалуыңыз мүмкін. Сол себепті мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс деп есептеймін”, – дейді Жәмиля Сейтпанова.

7 баланың анасы Қалдыкүл Шыныбекова да алтыншы перзентін үй жағдайында босанған. Әрине, өзі қалағандықтан емес, шарасыздықтан.

“Әрине, үй жағдайында босану оңай емес. Перзентханадағыдай жағдай болмайды. Қызымды босанар кезде ауылдағы акушер, фельдшерлер келіп көмектесті. Енем ырымын жасап, жеңіл өтсін деп дем салып,  етегімді бүріп қойды.  Таңғы уақытта асықпай сиырымды сауып келгенмін. Сағат 08:00-де толғағым басталды. Дәрігерлер босанатын уақыты таяп қалды, ауруханаға үлгермейміз деді. Өзімде қан қысымы бар болатын. Бірақ Алланың көмегімен түскі 12:00-де қызымды аман-есен, жеңіл дүниеге әкелдім. Әрине босанарда әйел адамда қорқыныш болады, себебі адамнан адам шығу оңай емес. Босанған соң тары көже, ыстық сорпа, қуырдақ жеп күтіндім", - дейді Қалдыкүл Шыныбекова. 

Үй жағдайында босану жайлы акушер-гинеколог Дана Амангелдіқызы маман ретінде өз пікірін айтып, бұған түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

“Шетелдерде үйде босану қалыпты жағдай болғанымен, Қазақстанда әйелдерге ондай жағдай жасалмаған. Үйде босану өте қауіпті. Қыз-келіншектер үйде босануға мәжбүр болған жағдайда да ешқандай кеңес бермеймін. Себебі мені басқаша түсініп қалуы мүмкін. Ондай жағдайға тап болмас үшін әйелдер жүктілік кезінде денсаулығына немқұрайлы қарамау керек. Әсіресе айы-күні жақындағанда дәрігерге қаралып, ана мен сәби өміріне қандай да бір қауіп болса алдын алу қажет. Анасын, құрбыларын тыңдап босанатын уақытты соңына дейін күтіп жүруге болмайды. Әйелдің қан қысымы жоғары болуы мүмкін. Көп қан кетіп қалса әйелдің екі сағат ішінде өліп кету қауіпі бар”, – дейді маман.

Талқылау