Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлеуметтік желілерді пайдаланып, жастарды арбауына түсіреді": Дінтанушы ең қауіпті радикалды ұйымдар мен олардан келетін залал туралы айтты

Қазақстан - зайырлы мемлекет. Елімізде 120-дан астам өзге ұлт өкілдерінің тұратынын ескерсек, халық арасында түрлі діни ағымдардың болатыны да түсінікті. Дегенмен еліміздің бірлігіне нұқсан келтіріп, халқымыздың сеніміне селкеу түсіргісі келетін кейбір деструктивті діни ағым өкілдерінің зияны айрықша. Себебі кез келген радикалды діни ағымның мақсаты елді ағартуға емес, тура жолды қиратуға бағытталады. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының өкілдері Stan.kz тілшісіне ең қауіпті жат ағымдардың белгілері мен олардан төнетін қауіп жайлы айтып берді. 

радикализм

"Алыста отырып-ақ арбауына ертіп әкетеді": Жат ағымдардың қаупі қандай?

"Нұр-Мүбәрәк" Египет ислам мәдениеті университетінің жанындағы "Діни экстремизммен күрес орталығының" директоры, теолог Тимур Нүсіпханов әрбір жат ағымның жекелеген қауіп-қатерлері бар екенін айтады. Адамды отанынан, отбасынан, жақындарынан оқшаулау арқылы өз идеялогиясының тұтқынына айналдыру – кез келген деструктивті жат ағымның әдеті, дейді ол.

"Жеке өмірі ойрандалып, тағдырлары талқандалған бауырларымызды естіп, біліп жатамыз. Тіпті, азаматтардың ой-санасын тәуелсіздікті жоққа шығарып, Отанды мойындамайтын деңгейге дейін құлдыратады. Сол арқылы өздерінің радикалды мақсаттарына жетелеп, кез келген тапсырмаға дайындайды. Міне, бұл – жат ағымдардың ең қатерлі тұстары осы", - дейді теолог.

"Елімізде мұндай ұйымдарға заңмен тыйым салынғандықтан, олар елді аралап үгіт-насихаттарын жүргізе алмайды", - дейді Нүсіпханов. "Бірақ бұл шектеу олардың түп-тамырын түбегейлі жойып жіберу үшін аздық етіп отыр. Олар алыста отырып-ақ, әсіресе әлеуметтік желілерді пайдаланып, онлайн дәрістерін беру арқылы жастарды арбауына оп-оңай ертіп әкетеді", - деп қосты ол.

Қазіргі таңда елімізде 22 шетелдік террористік ұйымдарға тыйым салынған. Олардың көпшілігі діни ұйымдар болып келеді және ислам терроризмін насихаттайды. 

Радикалды ұйымдардың белгілері қандай?

Деструктивті ұйым дегеніміз алдымен санасы мен пиғылы теріс деген сөз. Яғни, ондай ұйымның қатарында оғаш ойлайтын, санасы мен түсінігі біздің дәстүрлі құндылығымызға, біздің өмір-салтымызға сай келмейтін адамдар болады.

"Олардың көбі Құран мен сүннетті және сәләфия атауын жалау ететіндер, құраншы, дағуатшы, тәңірші, т.б. сөздерді желеу етіп, өздерінің арам пиғылдарын іске асырғысы келетіндер", - дейді маман.

Теолог деструктивті ұйымдардың басты белгілерін де түсіндіріп өтті.

"Олар имамдарды жамандайды, Мүфтиятты қаралайды, сауатсыз деп айыптайды. Біздікі ғана дұрыс ал қалғандарының амалы да әрекеті де теріс деген ойды сіңдіруге тырысады. Сосын бір мемлекет құру идеясын насихаттайды. Өздерінен болмағандарды тәрк етеді", - деп жалғады ол.

Нүсіпханов мұндай ұйымдардың тез дамуын өзара көмектің беріктігімен байланыстырады.

"Ортақ санада болғандармен тіпті қандас бауырларынан артық араласады, қол ұшын береді. Сол үшін бұл ұйымдар дамиды. Өзара жәрдем бар, өзара түсінік бар. Бұлардың да ортақ өздерінің әмір-шейхтары бар, соларды тыңдайды. Сол үшін ата-аналарынан да безініп, қатігездікке бой алдырып жатады. Ал олардың уағыздары сағат сайын, тіпті секунд сайын тоқтамастан жүріп отырады", - деген ол жат ағымдардың бұл әрекеті адамға ойлануға мұрсат қалдырмау екенін айтады.

Тимур Нүсіпханов сонымен қатар қазіргі кездегі Қазақстандағы ең қауіпті діни ағымдар туралы айтып өтті. Олардың алаңға шығып, ашық насихат жүргізуге заңмен тыйым салғанын айтқан ол, діни ағымдардың өз уағыздарын ғаламтор арқылы жүргізетінін жеткізді.

"Интернет арқылы жастарымыздың санасын улап жүрген "Сәләфи" жамағаты бар. Оның ішінде "Ат-такфир-уаль-хиджра" ұйымы. Сондай-ақ "Таблиғшылар" жамағаты да бар. Дегенмен қазіргі кезде белсенді насихат жүргізіп жатқан "Сәләфи" діни ағымы", - деп түйіндеді ол.

Қазақстанда тыйым салынған шетелдік террористік құрылымдардың тізімі:

1. "Аль-Каида"
2. "Шығыс Түркістан исламдық қозғалысы"
3. "Өзбекстанның исламдық қозғалысы"
4. "Күрд халық конгресі"
5. "Асбат аль-Ансар"
6. "Мұсылман бауырлар"
7. "Талибан қозғалысы"
8. "Боз гурд"
9. "Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты"
10. "Лашкар-е Тайба"
11. "Әлеуметтік реформалар қауымдастығы"
12. "Хизб-ут-Тахрир" ұйымы
13. "АУМ Синрекё" East Turkestan
14. "Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы"
15. "Түркістанның ислам партиясы"
16. "Джунд-аль-Халифат"
17. "Сенім. Білім. Өмір"
18. "Таблиғи жамағат" ОҚД
19. "Ат-такфир-уаль-хиджра"
20. "Ислам мемлекеті" (ИГ, ИГИЛ, ДАИШ, ИГИШ)
21. "Фрон-ан-Нусра" (Джабхат-ан-Нусра)
22. "Йакын Инкар"

 

Талқылау