Жастар арасындағы төбелес: Қонаевтағы бірнеше адамды көлікпен қаққан сәт видеоға түсіп қалды
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысы, Қонаев қаласында жастар арасындағы жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан екі топтың төбелеске жиналғаны анық көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдымен бір топ жігіт бірнеше көлікпен келіп, багаждан қаруға ұқсас заттарды шығара бастайды. Алайда қарсы топ оларды күтпеген жерден көлікпен қағып өткен. Жүргізушілер тоқтамай, көліктен шықпай, әдейі адамдарды басып өткен сәт те бейнежазбаға түсіп қалған.
Видео кадрларында екі адамның қаққанын анық байқауға болады. Жарақат алғандарды достары көлікке салып алып кеткен. Кейін бір жас жігітке медициналық көмек көрсетіліп жатқаны көрінеді, оның беті қатты жараланған.
Куәгерлердің айтуынша, бұл жанжалға өткен жылы болған атысқа қатысы бар кейбір адамдар да араласқан. Ол оқиғада 20 жастағы жігіт қаза тауып, бірнеше адам сотталған екен.
Жәбірленушілердің туыстары да оқиға жайлы пікір білдірді. Уразалин Жандарбектің жары Акерке Ермектің айтуынша, қайғылы жағдай 21 тамыз күні кешкі сағат шамамен 22:10-22:30 аралығында болған. Сол күні Нурасыл, Амиржан және Дауреннің арасында жанжал туындап, оқиға орнына Болат есімді азамат келген.
Куәгерлердің сөзінше, оның қолында қару болып, ол Нурасыл мен Амиржанды қуа жөнелген. Екеуі "Подхоз" жақтан "Баварияға" қарай бет алып, алдын ала Жандарбекке хабарласып, кездесуге шығуын өтінген. Дәл осы сәтте Жандарбекке көлік қасақана соққан.
Жәбірленуші тарап кінәлілер істі басқа арнаға бұрып, өздеріне тағылған айыпты жасыруға тырысып жатқанын алға тартады.
Алматы облысының полициясы оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
"Полиция қызметкерлері ізін суытпай екі күдіктіні анықтап, ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген полиция жауабында.
Полиция әзірге төбелес кезінде жарақат алғандар туралы нақты мәлімет берген жоқ.
"Хутор бандасының" басшысы делінген Хасанның соты: Жәбірленуші оны қалай ұрлап, ұрып-соққанын айтты
Алакөлде демалушылар арасында төбелес шығып, екі жігіт полиция бөлімшесіне жеткізілді
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде көпқабатты үй ауласында бетперде киген ер адам автокөліктің әйнегін сындырып, жүргізушіні таяқпен ұрған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жарақат алған жүргізуші ауруханаға жеткізілді. Полиция күдіктіні ұстағанын хабарлады.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
