Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасөспірімді зорлап өлтіргені үшін 15 жылдан бері іздеуде жүрген қазақстандық Ресейде ұсталды

Кәмелет жасқа толмаған қызды зорлап өлтірді деп айыпталған қазақстандық Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин 

Еліміздің Бас прокуратурасы күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға қайтарды. Ол 15 жылдан бері іздеуде жүрген.

Ер адам 2008 жылы Ақсуда кәмелет жасқа толмаған жасөспірім қызды зорлаған. Жазадан қорыққан ол бірнеше танысымен бірге қызды күштеп көлікке отырғызып, ауылға қарай бет алған. Жолда келе жатып бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған сыбайластарының бірі жәбірленушіні тұншықтырып өлтірген.

Қаскөйлер адам өлімін жасыру үшін қыздың денесін айдалаға көміп тастаған. 

“Кәмелетке толмаған қыздың өліміне қатысы барлар әртүрлі мерзімге сотталды. Алайда қызды зорлап, оны өлтіргендер ізін суытып, 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болды”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.



Былтыр қыркүйекте күдікті Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды. Кейін еліміздің Бас прокуратурасының сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті Петропавлдағы тергеу изоляторында отыр. Жасаған қылмыстары үшін ол 10 жылдан 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін діни алауыздықты қоздырғаны үшін іздеуде жүрген қазақстандық Ресейде ұсталған еді.

Талқылау