Соңғы жаңалықтар

Жасөспірімдер үйінің түлегі жетім балаларды 15 млн теңгеге алдаған

Таразда балалар үйі тәрбиеленушілерінің есеп шотындағы үй аламыз деп жинаған қаражатты алаяқтық жолмен ұрлағандар анықталды. Белгілі болғаны, бірнеше адамнан тұратын қылмыстық топ жеті жеткіншекті тақырға отырғызған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

ақша

Светлана - облыстық балалар мен жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі. Екі жыл бұрын есеп шотынан 2 млн 300 мың теңге ұрланған. Ол "алаяқтарға алдандым" дейді. Айтуынша, құрбысы бір ерлі-зайыптымен таныстырған. Сол бейтаныс біреулер оның іші-бауырына кіріп, соңында тақырға отырғызыпты. 

"Ерлі-зайыпты және тағы бір нотариус кісімен жолықтық. Олар мені қояр да қоймай пәтерге кіргізіп алды. Сөйтіп балам ауру, оған көмек керек деді. Сол жерде жылап-сықтап, тек сен ғана көмек бере аласың деп, бір құжаттарға қол қойғызды. Ал ертесіне пәтер аламын деп жинаған банктегі ақшам жоғалып кетті", - деді жәбірленуші Светлана Чеславлева.

Светлана болған жайтты дереу директорға айтқан. Артынан дау көтеріліп, тағы 6 тәрбиеленушінің сан соғып қалғаны анықталған. Жалпы сомасы 15 млн теңгеге жуық қаражат жоғалған. Күдіктілер жәбірленушінің кейбірін алдап түсірсе, кейбірін қорқытыпты.

"Әр баланың шотынан 2 миллионнан жоғары ақша ұрланған. Балалардың айтуы бойынша, олардың біразы қорыққаннан қол қойған. Біразы білмеген. Қалай шешілгенін біз де түсінбедік. Себебі бұл жерде нотариус қол қойған. Және куәліктер жасалған", - деді Ләззат Мәдиева, Жамбыл облыстық Балалар мен жасөспірімдер үйі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Мәдиева.

Жәбірленушілер арыз жазғаннан кейін 25 жастағы келіншек қолға түсті. Ол осы балалар үйінің бұрынғы түлегі екен. Полицейлер күдікті жетімдерге үй әперемін деп алдағанын айтты. Қазір осы дерек бойынша іс қозғалыпты. Ал оның сыбайластарына қатысты әзірге мәлімет жоқ. 

"Ол облыстық балалар мен жасөспірімдер үйінің түлегі бола тұра, күдікті осы мекеме түлектерінің шотынан мемлекеттік жылжымайтын мүлік сатып алуға бөлінген ақшалай қаражатты алуға қатысты болған", - деді Гүлсара Мұхтарқұлова.

Жетімдердің қолды болған қаражаты мемлекеттен берілген. Олар бір тиынын жаратпай, ай сайын түскен ақшаны банкке жинап, үй аламыз деп үміттенген еді. Алайда алаяқтар онсыз да тағдыры қиын балаларды тақырға отырғызып кетті. Енді ұрланған қаражат қайтарыла ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр