Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасөспірімдер есірткіні жарнамалауға әуестенген: Елордада есірткі қылмысымен күрес қалай жүргізілуде

Елордалық  полиция департаменті келтірген деректерге сәйкес, биылдың алғашқы 8 айында мегаполисте есірткіге байланысты 455 қылмыс анықталған. Соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында 6 іс қозғалған. Астана қаласы ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция полковнигі Сергей Ильиных шаһардағы  қылмыс деңгейі мен жастар арасындағы нашақорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.

Полиция полковнигі географиялық орналасу аймағына орай Қазақстан есірткіні өзге елге тасымалдауда тиімді жолға айналғанын сөз етті. Соған байланысты еліміздің қай өңірін алсақ та бүгінде есірткі түйіткілді мәселе болып отыр. Бұл тұрғыда психотропты заттарды тасымалдау, сату, жарнамалау қылмыстары бас қаламызда өршіп тұр, дейді ол.

“Елордамызда есірткіні заңсыз тасымалдау саудасы бойынша 137, психоактивті және есірткі заттарын өткізуге байланысты 108 іс қозғалды. Қылмысты құрықтау нәтижесінде Астана қаласы бойынша 250 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Олардың ішінде 100 келі марихуана, 116 келі гашиш және 35 келі синтетикалық есірткі болды”,- деді Сергей Ильиных.

Басқарма басшысы қалада кәмелет жасына толмағандардың да есірткіге қатысты қылмыстар бойынша ұсталып жатқанын жасырмады. Сөзінше, жасөспірімдердің көпшілігі есірткі жарнамаларын таратумен айналысады екен.

“Кәмелетке толмағандар арасында 2022 жылы Астана қаласында 6 дерек анықталып, іс қозғалды. Олар көбіне есірткі сайттарының атауы көрсетілген жабыстырғыш, суреттерді таратып, оларды жарнамалау жұмыстарына айналысып жатады. Есірткіні сақтап, таратушы жасөспірімдер де жоқ емес. Осы тұста елімізде жасөспірімдер психотропты заттарды тасымалдау қылмыстарымен айналысқаны үшін 14 жастан бастап жауапқа тартылатынын ескерткім келеді”,- деп қосты полиция полковнигі.



Осыған дейін ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті 2022 жылдың басынан бері елімізде 23 есірткі зертханасының жойылып, 2 мыңға жуық сайттардың бұғатталғанын мәлімдеген болатын. Оның ішінде есірткі жарнмасымен айналысқан 10 сайт  Астана қаласының аумағында тіркелген екен.

“Көбіне қала жастары оқуға келгеннен соң оңай ақшаның соңынан еріп, осындай жұмыстарға орналасып жатады. Олар қала бойынша есірткі заттарын сататын сайт пен желі арналарының жарнамасын тарату немесе курьерлік қызмет арқылы психотропты заттарды тасымалдаумен айналысады”,- деп түсіндірді басшы. 

Полковниктің сөзінше, Астанада “Қарасора” арнайы операциясы бойынша ОПМ “Дәрмек” және басқа да 4 есірткі зертханасы анықталып, 66 сайт бұғатталған.

“Есірткі саудасына байланысты қылмыстар ауыр және аса ауыр болып бөлінеді. Мәселен, есірткі жарнамаларын таратқандар 3 жылға, оны сақтап, сату жұмыстарымен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді”,- деді Сергей Ильиных.

Бұған қоса ол қазір полиция департаменті қала әкімдігімен бірігіп шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Оның ішінде нашақорлыққа қарсы күрес, науқастарды емдеу шаралары және нашақорлықпен тікелей күресу, қарсы тұру шаралары бар.

“Аурудың емін іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші нашақорлыққа салынған жастарды қалай құтқарамыз деп ойланудың алдында оларды бұл жолдан қалай қорғайтынымызды білгеніміз жөн. Сондықтан біз қазір ата-аналар комитетімен бірлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз”,- деп қорытындылады полковник.

Айта кетсек, республика бойынша бүгінге дейін 2 000-ға жуық есірткіге қатысты қылмыс тіркеліп, 6,3 тоннадай есірткінің өзге түрі, 330 келі шамасында синтетикалық түрі тәркіленген.

Талқылау