Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасанды жолмен бала көтеру қай кезде харам болып саналады? ҚМДБ өкілі жауап берді

Елімізде әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Бұған назар аударған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында арнайы бағдарлама іске қосылатынын мәлімдеді. Президент "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша квота санын 7 есе өсіруді тапсырды. Осының арқасында жылына балалы болуды армандаған 7 мың отбасы ата-ана атану бақытына қол жеткізеді.Ал дінімізде жасанды жолмен бала көтеру туралы қандай үкім айтылған? Жасанды ұрықтандыру күнә ма? Stan.kz тілшісі ҚМДБ өкілдерімен байланысып, жауабын алды. 

эко

Елімізде жасанды ұрықтандыруға кезекте тұрғандар мен жасатқысы келетіндердің саны артқан. Балалы болуға асыққан отбасылардың мұңын Тоқаев "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы шешуді тапсырды. Бұл - бала сүйе алмай отырған отбасылары үшін үлкен қуаныш. Дегенмен, жасанды ұрықтандыруға шариғатымыз рұқсат ете ме? Қолдан бала көтеру күнә емес пе? ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасанбай Аманқұл жоғарыдағы сұрақтарға жауап берді

Оның сөзінше, жасанды ұрықтандырудың бәрін күнә деп айтуға болмайды. 

"Жасанды ұрықтандыру туралы қазіргі заманның ғалымдары өздерінің пәтуаларын айтқан. Мұның бәрін бір шетінен күнә деп айтуға болмайды. Шариғат рұқсат ететін және харам саналатын тұстар бар", - дейді ол.

Діни маманның айтуынша, қолдан ұрықтандыруда еркектің жыныстық ұрығы мен аналық жұмыртқа клеткасы ерлі-зайыптыларға тиесілі болуы керек. Сондай-ақ  ол жұмыртқа клетка иесі болған некелі жарының жатырына енгізілуі тиіс. Осылай ұрықтандыруға шариғат рұқсат береді. 

"Бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және зина ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған. Сондықтан бөгде еркектің ұрығын қолдану және ұрықты бөгде әйелдің жатырына орналастыру жолдары шариғатқа қайшы, харам болып табылады. Мұндай жолмен дүниеге келген бала дінімізде "зинадан туған", "тексіз" деген атаққа ие болады. Қазір, өкінішке орай, осындай жолмен ЭКО жасап жатқандар да бар", - деп түсіндірді Хасанбай Аманқұл.

Сондай-ақ ҚМДБ өкілі іштей ұрықтандырудың тағы бір жолын айтты.

Оның айтуынша, әйел бала көтеруге жарамды болып, бірақ жұмыртқа клеткаларында кінәрат болса, күйеуінінің ұрығын бөгде бір әйел адамның жатырына табиғи немесе жасанды жолмен салады. Мұндай әдіс шариғатта зина саналып, харам болып есептелінетінін кесіп айтты. 

"Сырттай ұрықтандыру мәселесіне тоқталсақ. Еркектік ұрық пен аналық жасушаларды табиғи жолмен емес, арнайы түтікшемен сырттай ұрықтандырады. Ер мен әйелдің ұрықтары біріккен кезде әйелінің жатырына енгізеді. Бұл дұрыс қадам. Некелі ерлі-зайыптардың арасында жүргізіліп жатыр. Бұл жерде де ұрық басқа бір кісінікі болса немесе аналық жұмыртқа басқа кісінің ұрығы салынатын болса харам болады", - деп түсіндірді Хасанбай Аманқұл. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау