"Жасанды интеллект еліміздің тілінде сөйлеуі керек": QazCode қазақ тіліндегі ЖИ-өнімдерді ұсынды
QazCode-тың Жасанды интеллект және деректерді басқару директоры Анар Джафарзаде Digital Bridge 2025 форумындағы компанияның стендінде инновациялық ЖИ-өнімдерді жан-жақты таныстырды.
Әзірлемелер қатарында Орталық Азиядағы алғашқы корпоративтік платформа Aventa бар, ол өз ЖИ-ассистенттеріңізді жасауға мүмкіндік береді. Екіншіcі – Dialogiq мәтіндік және дауысты сұраныстарды өңдейтін, клиенттермен қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ екі тілді араластырып сөйлеген жағдайда да байланыса алатын платформа. Үшінші жоба – Doctor Assistant (AIDA) дәрігерлер мен телемедициналық платформаларға арналған интеллектуалды медициналық көмекші.
Спикердің айтуынша, QazCode екі жылдан астам уақыт бұрын Beeline Қазақстанның спин-оффы ретінде құрылған. Бүгін компания Beeline үшін ғана емес, басқа ұйымдарға да, оның ішінде Қазақстан нарығында және шетелде, атап айтқанда Еуропада, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда инновациялық шешімдер ұсынады.
"Қазір стендте жұмыс істеп тұрғаны – жай ғана көрнекілік үшін емес, шынымен жұмыс істейтін өнімдер. Сіздер пайдаланушылардың өздеріне агенттер құрып, жасанды интеллект функцияларын өмірде және бизнесте қалай қолданатынын, онымен қалай сөйлесетінін көре аласыздар", – деді Анар Джафарзаде.
Aventa платформасының мысалында қызметкер өз лауазымдық міндеттері аясындағы күнделікті тапсырмаларды осы платформа арқылы автоматтандыра алады. Ол үшін тиісті коннекторды таңдап, қажетті деректерді жүктеп, ЖИ-агенті орындайтын тапсырмаларға арналған нұсқауларды қалыптастырады.
"Бізде алдын ала автоматтандырылған агенттер де бар. Мысалы, HR-агент барлық қызметкерге бірдей тапсырмаларды орындайды: менің демалыстарым, әріптестердің демалыстары, іссапар сұраныстары туралы және т.б. ақпарат береді. Мен бір ғана сұрақпен бүгін кім демалыста екенін біле аламын, осылайша оларды артық тапсырмалармен мазаламаймын. Егер маған корпоративтік клиникалар туралы ақпарат қажет болса, ЖИ-агентке жүгінемін, ол маған HR-ға жазбай-ақ, өзекті мәліметті жылдам береді", – деді Анар.
Aventa платформасы – толықтай қазақстандық өнім, әрі LLM-агностик: ол әртүрлі тілдік модельдермен (LLM) жұмыс істей алады. Қазір платформада төрт ірі тілдік модель қолжетімді, оның ішінде ISSAI NU, Astana Hub, ұлттық ақпараттық технологиялар және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен әзірленген қазақстандық KazLLM моделі бар. Сондай-ақ батыстық және қытайлық модельдер де қолжетімді.
"Платформамыздың басты артықшылығы – барлық дерек ел ішінде қалады. Біз қазақстандық заңнаманы қатаң сақтаймыз, ал батыстық Big Tech компаниялардың шешімдері туралы олай айта алмаймыз. Бұл әсіресе дербес деректермен жұмыс істейтін ұйымдар үшін өте маңызды", – деп атап өтті спикер.
Анар Джафарзаде KazLLM әзірленуі, көптеген LLM секілді, деректерді жинау және өңдеу кезеңінен басталғанын айтты. Кейін модель бірнеше қосымша оқыту фазасынан өтті, бұл кезеңдерде команда оны түрлі білім салаларына бейімдеді. Әр кезеңде нәтижелер салыстырылып, сапасы мен релеванттығы ең жоғары нұсқа таңдалды.
"Теориялық тұрғыдан алғанда, шетелдік LLM-дерді де жергілікті қолдануға болады, бірақ олар көбіне қазақ тілін қолдамайды. Ал біз мемлекеттік тілдегі құжаттармен жұмыс істейміз. Мысалы, Dialogiq платформасын алайық: клиент call-орталыққа хабарласқанда, ЖИ-агент дауыс сұраныстарын өңдеп, орыс немесе қазақ тілінде жауап береді. Тіпті адамдар екі тілді араластырып сөйлегенде де сұраныстарды дұрыс өңдейді. Көптеген басқа модельдің ондай мүмкіндігі жоқ, ал KazLLM-нің қолынан келеді", – деді ол.
KazLLM-нің даму келешегі туралы ол, модельдің нақты қолданбалы кейстер мен салалық міндеттерге бейімделіп, қосымша оқытудан өтіп жатқанын, бұл оның бизнес пен мемлекеттік сценарийлердегі тиімділігін айтарлықтай арттыратынын атап өтті.
Сонымен қатар KazLLM-ге Қазақстаннан тыс елдерде – Қырғызстанда, Өзбекстанда, Украинада және өздерінің жергілікті тілдік модельдерін дамытқысы келетін басқа елдерде де қызығушылық артуда. Жақында қолға алынған бастамалардың бірі – урду тіліндегі UrduLLM-ді жасап жатқан Пәкістан командасын қолдау. QazCode-тың KazLLM құрудағы тәжірибесі мұндай шешімдерді басқа елдерде де жылдам әзірлеуге және бейімдеуге көмектеседі.
"Құдайды күлдіргің келсе, оған өз жоспарыңды айт деген сөз бар ғой. Жасанды интеллект – ең жылдам дамып жатқан салалардың бірі, ертең кім не жасайтынын болжау мүмкін емес. Бүгінде ол жылдамдығы мен көлемі адамның қолынан келмейтін көптеген міндетті шешеді, бірақ әлі де шеше алмайтындары бар. Сондықтан алдағы жылдар – адам мен ЖИ симбиозының дәуірі болмақ. Artificial General Intelligence (AGI) яғни, адамды толықтай алмастыра алатын ЖИ туралы айта келе, ол бұл бағыт жақын жылдардың еншісінде емес деп санайды. "Оптимистер бес жылда болады дейді. Менің ойымша, кемінде он жыл қажет. Қазіргі міндетіміз – қолданбалы шешімдерді дамыту және оларды өмірге енгізу",– деді Анар Джафарзаде.
Digital Bridge 2025 аясында компания стартаптармен және шағын бизнеспен ынтымақтастыққа дайын екенін жариялады. QazCode жас командаларға Aventa платформасы негізінде өз шешімдерін жасауға мүмкіндік береді, үш ай сынауға қосылу мүмкіндігі мен мамандардың сараптамалық қолдауын ұсынады. Мұндай формат стартаптарға өнімдерін нарыққа жылдам шығаруға көмектеседі және Қазақстанда бірыңғай ЖИ-экожүйесін дамытудың негізін қалайды.
Сондай-ақ, QazCode басқа қатысушылармен синергия құруды жоспарлап отыр және стартаптарға өз жасанды интеллект платформалары негізінде пилоттық жобалар түріндегі кооперация ұсынады.

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
