"Финалда секеңдеп, секіріп дұрыс емес үлгі көрсетемін бе деп қорықтым. Маған шоу көрсет деді..." – Айдос Сұлтанғали
Фото:Olympic.kz
Жуырда Загребте өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали ғана ел қоржынына алтын жүлде салды. Бұл Қазақстан күрес тарихы үшін де айтулы оқиға. Өйткені Айдос – ХХІ ғасырда грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны. Бұған дейін ол екі мәрте әлемдік додада қола медаль еншілеген. Айдос Сұлтанғали осы жылы өзінің мықтылығын дәлелдеп, тарихи алтынға қол жеткізді. Осы тұста ел намысын абыроймен қорғаған чемпионның өзімен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып, алдағы жоспарлары туралы білді.
– Айдос, тарихи жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Жалпы грек-рим күресінен алтын жүлдені еліміз бір ғасыр бойы күтті. Сіздің ойыңызша, осы уақытқа дейін бұл жетістікке қол жеткізуге не нәрсе кедергі болды?
– Барлық жылы лебіз құттықтауларыңызға рақмет! Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Қаншама маңдай тер мен күш жігер жұмсадық. Күні-түні оқу-жаттығу жиындарда болдық. Аллаға шүкір тарихты жаңарту маған бұйырған екен. Өте қуаныштымын. Бұған дейін де біздің қаншама мықты ағаларымыз күресті. Ол кісілер жарысқа кеткен кезде біз тақымымызды қысып, қолдау көрсетіп отыратын едік. Ағаларымыз екінші, үшінші орындарға ие болған еді. Өзім де екі рет әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болдым. Еліміз бұл жүлдені ұзақ күтті. Тарихты жаңартқаныма өте қуаныштымын.
– Әлем чемпионы атанған боксшыларымыздың бастарына баспана, астарына көлік сыйлап, қомақты қаржымен сый құрмет көрсетіп жатыр. Ал сіз қаншалықты деңгейде құрметке ие болып жатырсыз? Шенеуліктер, жерлестеріңіз не сыйлады?
– Ең бірінші сыйлық бас бапкеріміз Қонысбек ағайдан болды. Бізге "кім әлем чемпионы болады менің атымнан бір жылқы" деп айтқан еді. Жарыс аяқталған соң бір жылқының ақшасын берді. Бапкеріме алғысым шексіз. Бұған қоса аға-бауыр, достар жылқы мінгізді. Күні кеше әкімнің қабылдауында болдым. Маған ол кісі екі бөлмелі пәтер және жаңа sonata Hyundai көлігін сыйға берді. Тек рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Мұндай сыйлықтар бізді әріқарай жігерлендіріп бұдан да жоғары жақсы нәтижеге жеткізеді деген сенімдемін.
– Бұған дейін сіз әлем чемпионаттарында екі мәрте қола жүлдегер атандыңыз. Ал биылғы біріншілікке Қырғызстанның үздік балуандары қатыспағаны белгілі. Осыған байланысты кейбір пікір білдірушілер бұл жолы жүлде алу сізге оңайырақ болды деп айтып жатыр. Бұл жөнінде сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Иә қырғызстандық Жоламан Сәрсенбек жарақатына байланысты жарысқа келмеді. Бірақ Жоламан Сәрсенбек келгеннің өзінде 63 келіде қатысатын еді. Бірақ жеңсек те, жеңілсек те айтылатын сөз бәрібір айтыла береді. Ондай сөздерге ешқандай көңіл бөлмейміз. Біреу қатысты ма, қатыспады ма бізге айырмашылығы жоқ. Біздің маңдайымызға әлем чемпионы болу жазылған екен. Жарыс жолында оңай қарсылас болды деп айта алмаймын. Тек мықты балуандар ғана болды. Үздік балуандардан Жоламан Сәрсенбек қана қатыспады демесеңіз, оның өзі бір келі жоғарғы салмақты белдесетін болып жатыр.
– Қазіргі әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан бір ғана алтынға қол жеткізді. Еркін күрес пен әйелдер күресінде де нәтижелер көңіл көншітпейді. Балуандарымыздың әлемдік деңгейде топ жаруына не кедергі деп ойлайсыз?
– Балуандардың барлығы барын салды. Өте мықты дайындалып бардық. Бірақ грек-римнен бір ғана жүлдемен қайттық. Сол жүлде алтын медаль болған соң көңіліміз тынышталды. Дегенмен жанымдағы өзіміздің балуандар жеңілген соң алтыныма қуана алмадым. Олар ұтылған соң қысылып, өзімді біртүрлі сезіндім. Бәріміз орын алып, үздік үштіктен көрінгенде жақсы болар еді.
– Президент арнайы қоңыру шалып құттықтады ма? Қандай әсер алдыңыз?
– Иә жарыс аяқталған соң демалып, телефон қарап жатыр едім, әлеуметтік желіде президент өзінің инстаграмында мені белгілеп құттықтап салыпты. Өте қуаныштымын. Содан кейін өзіміздің Геннадий Головкин ағайымыз да салыпты. Мен үшін бұл – зор мәртебе.
– Жеке бапкеріңіз Райымбек Ғабиденнің бұл жетістігіңізге тигізген септігі ұшан теңіз. Ол кісі де құрметке бөленіп, марапатқа ие болып жатқан болар…
– Бапкерім Райымбек Ғабиденсіз бұл жетістікке жетуім мүмкін емес еді. Бапкеріме көп рақмет! Ағайыма да көңіл бөлді. Бапкерім әлем чемпионын шығарғаны үшін өмір бақиғы зейнатақымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар үш бөлмелі пәтер сыйға берілді. Ағайым үшін өте қуаныштымын.
– Әлем чемпионатына қанша уақыт дайындалдыңыздар? Ендігі мақсат жоспарыңыз қандай?
– Негізі әлем чемпионаты 2006 жылдан басталды ғой. Міне содан бері алтынға жетсек екен деп үздіксіз дайындалып келдім. Ес білгелі алтынды аңсап келдік. Барлығын тыңғылықты дайындық шешеді. Бір сәт отырып демалу деген жоқ. 2006 жылы қалай дайындықты бастадым міне содан бері үздіксіз шыңдалып келе жатырмыз.
– Басты мақстаңыз 2028 жылғы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары болар. Қазір отызға келіп қалдыңыз, жас кедергісін келтіреді деп ойламайсыз ба?
– Басты мақсат әрине 2028 жылғы Олимпиада ойындары. Жоқ, жасым жиырма тоғызда. Жас кедергісін келтірмейді. Керісінше енді күшімізге мініп, жілік майымыз толып, ашылып жатырмыз. Өйткені қазір тыңмын. Бас бапкердің жаттығу процесі өте қатты ұнайды. Осы әлем чемпионатында күшім тасып, бес белдесу өткізсем, ол шамалы аздық еткендей болды.
– Әлем чемпионатында финалда өзбектің жас балуанын бастапқы минуттан-ақ ұттыңыз. Бұл жеңісті өте салқынқандылықпен қабылдағаныңызды байқадық. Өмірде де сондай сабырлысыз ба?
– Барынша сабырлы болуға тырысамын. Өмір көңілді, қалжыңдап жүремін. Әлем чемпионатының финалында маған қаншама халық қарап тұрғаннан кейін секеңдеп секіріп, қуанып аспанға ұшып жерге түсіп жатсам, артымнан келе жатқан ұрпаққа дұрыс емес тәлім-тәрбие теріс үлгі көрсетемін бе деген ойымен ең дұрысы боз кілемнен тып-тыныш шығып кеткенді жөн көрдім. Біздің Азамат деген дәрігеріміз маған "шығып сальто істе, шоу көрсетші" деді. Ағайға дұрысынан боз кілемнен шығып кетейік дедім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Автор: Ақерке Өмірхан

"Финалда секеңдеп, секіріп дұрыс емес үлгі көрсетемін бе деп қорықтым. Маған шоу көрсет деді..." – Айдос Сұлтанғали
