Жас жігіт сүйіктісіне "Қазақ радиосы" арқылы ұсыныс жасады
Қазақ радиосы студиясына қоңырау шалған Ақжан есімді оралдық азамат сүйгеніне өмірлік жар болуға ұсыныс жасады. Тақырыпқа байланысты пікірін білдіріп, ұсыныс жасаған Ақжан сүйіктісімен қалай танысқаны жайлы да айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақ радиосына сілтеп хабарлайды.
"Армандастар" көңілашар-сазды бағдарламасында "Махаббат қызық мол жылдар" атты тақырып қозғалған. Орал қаласынан хабарласқан жігіт осы сәтті пайдаланып, сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасаған.
"Есімім Ақжан. Сіздерге Орал қаласынан байланысып отырмын. Енді бүгінгі тақырыпқа келетін болсақ, өзімнің ұнатқан қызымды 2016 жылдан бері танимын. Біз Орал қаласында Махамбет Өтемісұлы атындағы мемлекеттік университетте бірге оқып, білім алдық! Мінеки, қыз бен жігіт болып жүргенімізге 4 жыл болды. Енді осы сәтті пайдалана отырып, сіздер рұқсат етсеңіздер, өзімнің болашақ жарыма үйленуге ұсыныс жасағым келеді", - дейді жас жігіт.
Осы уақытта Ақжанның сүйіктісі Айжамал көлікте достарымен бірге радио тыңдап келе жатқан екен.
Жүргізушілер жігіттен сүйіктісінің телефон номерін қалдыруды сұрайды. Сол сәтте бірден Айжамалға хабарласып "Иә, келісемін" деген жауабын алады. "Дәл осылай ұсыныс жасайды деп күтпедім. Қобалжып тұрмын", - дейді ару қыз.
Бағдарлама жүргізушілері осындай сәтке куә боламыз деп ойламаған. "Біз үшін де тарихи сәт десек те болады" деп таңданыстарын жасырмады.
Радио арқылы жүрек сөзін жеткізген Ақжан мен Айжамалға тыңдармандар жылы лебіздерін білдіріп, ақ тілектерін жолдады.
Бұдан алдын, АҚШ тұрғыны Ли Лохлер өзінің жүріп жүрген қызы Сути Дэвидке ерекше жолмен үйленуге деген ұсыныс білдіргенін жазған едік. Ол мультфильмнің кейіпкерлерін өзгертіп, сүйіктісіне тосын сый жасаған.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
