Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Туған ауылымнан шаштараз аштым": Қазақстандық жігітт кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грантты қалай ұтып алғанын айтты

Былтыр елімізде әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарын, NEET санатындағы жастарды қолдау мақсатында Zhas Project жобасы іске қосылған еді. Жоба жастарды қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және сапалы жұмыспен қамтамасыз етуге көмектеседі. Редакция тілшісі осы жоба бойынша қалай грант ұтып алуға болады деген сұраққа жауап іздеп, бұған дейін жеңімпаз атанған жас кәсіпкермен тілдесті.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Атырау облысы Махамбет ауданы Жалғансай ауылының тұрғыны Хабитов Айдос Мұханбетжанұлы былтыр осы жобадан грант ұтып алып, ісін дөңгелетіп отыр. 23 жастағы жігіт ауылынан шаштараз ашқан. 

“Zhas Project” жобасының өтетіні туралы әлеуметтік желіден білдім. Ауылымызда шаштараз жоқ еді. Тұрғындар шашын қидыру үшін қалаға, орталыққа, көрші ауылдарға баратын. Ауыл тұрғындары алысқа қатынамай ауылымызда да осындай қызмет болса екен деген ниетпен бағымды сынап көрейін деп шештім”, – дейді ол. 

Жас кәсіпкердің негізгі мамандығы техник-құрылысшы екен. Бұған дейін құрылыс саласында жұмыс істеген. Ол қай саланың маманы болғаныңа қарамастан идеяң болса “Zhas Project” ұжымы қол ұшын созуға, қолдауға дайын екенін айтады. 

“Әуелі құжаттарымды жинап, тапсырдым. Құжатының бәрі дұрыс болғандар келесі кезеңге өтті. Бұл кезеңде бізге үш күн бойы мамандар онлайн сабақ өтіп, бизнес-жоспар жазуды, кіріс-шығысты есептеуді үйретті, қорғауға қатысты кеңес берді.

Үшінші кезең – қорғау. 3-5 минуттай уақыт беріледі. Бастысы комиссия мүшелерін өзіңе сендіре алуың керек. Бұл жерде де сыннан сүрінбей өттім. 8 адамның ішінде 2-орын иеленіп, кәсіп бастауға 1 млн теңге грант ұтып алдым”, – дейді Айдос Мұханбетжанұлы.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Оның айтуынша,  грант ұтып алу қолжетімсіз нәрсе емес, тек мақсатың айқын болуы керек.  

“Егер сенің мақсатың болып, ұмтылып тұрсаң, мемлекет қолдауы көп деп ойлаймын. Мен тырыстым. YouTube желісінен бизнес-жобаны қалай дайындау керек, қосымша не істеу керегін ізденіп, қарап жүрдім. Атырау облысына 8 грант бөлінген екен. Оған шамамен 32-34 адам таластық. Сол ізденісімнің арқасында үздіктер қатарында болдым деп ойлаймын”, – деп ойын бөлісті жоба жеңімпазы. 

Ол 1 миллион қаржылай қолдауды алғаннан кейін мақсатын жүзеге асыру үшін білек сыбана жұмысқа кіріскен. 

“Қаңтар айынан бастап кәсібімді бастадым. Оған дейін орын тауып, құрылыс салдым. Жұмысыма қажет заттарымның келгенін күттім. Ауыл тұрғындары да “енді өзімізде шаштараз бар” деп қуанып жүр”, – дейді кәсіпкер. 

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Айтпақшы, бұл – әлеуметтік жоба екенін еске сала кетейік. Яғни белгілі бір әлеуметтік топтарға қолдау көрсетуге арналған.

Айдос жоба шарты бойынша 2 ай 30 адамға тегін қызмет көрсетеді екен.

“Қазір менде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімі бар. Балалардың шашын тегін қиып беремін. Айына екі рет келеді, тіркеп, есеп беріп отырамын”, – дейді ол. 

Жоба ережесі бойынша, бұрын грант иеленген адам екінші рет қатыса алмайды. Себебі басқа азаматтарға да мүмкіндік берілу керек. 

“Zhas Project” жобасына тағы да қатысып, жетпей тұрған құралдарымды, машинкаларымды алам ба деп ойлап едім. Күн ысыса желдету жүйесі де керек, орамалдарды, кірді жуатын машина керек. Бірақ бір рет жеңімпаз атанған адам екінші рет қатыса алмайды екен. 

1 миллион жеткіліксіз деп айта алмаймын. Бірақ маған сәл аздау болып қалды. Кәсіп түріне де байланысты шығар. Мемлекеттің жастарға осылай қолдау көрсетіп жатқанына ризамын. Бұл жобаны ұтып алмасам, кәсібім де тек ойдағы жоспар күйінде қалар ма еді, кім білсін. “Zhas Project” маған сенім ұялатты. Осы секілді тағы басқа да бағдарламалар болса қатысып, бағымды сынап көруге ниеттеніп отырмын”, – деп атап өтті жас кәсіпкер. 

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Бағдарламаның шарттары қандай?

"Zhas Project" ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" ҮЕҰ тапсырысымен жүзеге асырылып отыр.

Жобаға 18-35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтініш берген кезде азаматтың облыс аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуі және ресми уақытша жұмыссыз санатында болуы қажет.

Конкурсқа қатысу үшін үміткер барлық қажет сауалнаманы толтыра отырып, ұйымдастырушының ақпараттық ресурсына тіркелуі керек. Ақпараттық ресурсқа тіркелгеннен кейін өтініш беруші жобалық өтінім үлгісін толтырады.

Іріктеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші өтініш бергендерге техникалық іріктеу жүргізілсе, содан кейін конкурс комиссиясы таңдау жасайды.

Техникалық байқаудан өткен қатысушыларға әуелі бизнестің қыр-сырын үйрететін шеберлік сағаттары өткізіледі. Содан кейін ғана жасаған жобаларын комиссия алдында қорғайды. Комиссия мақұлдап, жеңімпаз атанған қатысушыларға жобасын жүзеге асыруға 1 миллион теңгеге дейін сыйақы беріледі.

Конкурс 25 наурызда басталатынын айта кетейік. Өтініштер 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 15 мамырда жарияланады.

Жобаға 360 миллион теңге бөлінген, оның 280 миллионын қатысушылар алады, қалған сома түсіндіру жұмыстарына жұмсалады.

Бұған дейін мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда жастарға өз идеясын жүзеге асыру үшін миллион теңге алуына мүмкіндік беретін жоба іске қосылғанын хабарлап, ол үшін не істеу керегін түсіндірген. 

Талқылау