Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есіктері қорадағыдай": Алматыда мемлекеттік бағдарламамен берілген тұрғын үйлер не себепті бос қаңырап тұр?

Алматы қаласындағы "Жас Қанат" ықшамауданында әлеуметтік осал топтарға жалдамалы пәтер ұсынылған. Алайда тұрғын үй пәтерлерінің жартысынан көбі бос тұр. Бұл туралы әлеуметтік желіде ақпарат тараған болатын. Мәселенің мән-жайын білу үшін Stan.kz журналисі "Жас Қанат" ықшам ауданына барып, тұрғын үйлердің жағдайын өз көзімен көріп қайтты. 

Тұрғын үйлерде шындығында тұрғындар өте аз. Оны күндіз де, адамдар жұмыстарынан келетін кешкі уақытта да байқауға болады. 

Тұрғындардың бірі Тәңірбергеннің "Жас Қанат" ықшамауданына көшіп келгеніне бір апта ғана болған. Айтуынша, мұнда бірнеше адаммен пәтер жалдап тұрады. 

"Жалпы жағдай жаман емес. Тек көршілер қатты шулайды. Көбіне күндіз адамдар аз, кешке бірқатар көліктер жиналып тұратынын байқаймын. Дегенмен тұрғындар саны аз. Пәтерді бірнеше адаммен жалдап тұрамын", - дейді жігіт.

Біз подъезіне кіріп көрген №1/87 тұрғын үйінде бар жоғы екі адам тұрады, оны пәтерде кешкі уақытта жанатын шамдардан, терезелердегі ілулі тұрған перделерден байқадық. Аталған тұрғын үйдің бірінші қабатында тұратын әйелмен тілдесуге тырыстық. Тұрғындар пәтерлері туралы шағымдарымен еркін бөлісті. 

Есікті бөтен кісілерге бірден аша қоймады. Өздері, пәтерлері жайлы сұрақтардан да бас ала қашты. Айтуларынша, пәтердің жағдайы жаман емес. Дегенмен дәретханадағы құбырлардың жағдайы көңіл көншітпейді. Көшіп келгендеріне де бір ай болған.

"Жас Қанат" ықшамауданының тұрғыны Тілеулестің көшіп келгеніне бір айға жуық уақыт болған. Айтуынша, сегіз жыл кезекте тұрып күткен баспаналары көңілдерін қалдырған:

"Көпбалалы отбасы болғандықтан, ипотека бойынша үй алуға кезекке тұрдық. Сегіз жыл күтіп, ақыры бізді жалдамалы пәтерге "тығып" қойды. Пәтердің сыйқы нашар, едендегі линолеум жыртылған, плинтусқа жетпейді, жырым-жырым. Кіргеннен бастап линолеумнің асты тас, қалай болса солай салған. Жалаңаяқ жүре алмайсың. Дәретханадағы құбырлар қонақ үй арқылы өтеді, кәріз жүйесі дұрыс жасалмаған, тұрып қалады. Есіктері бірі ашылса, екіншісі де ашылып кетеді, қисық жасалған. Тура бір қорадағы есіктер сияқты", - дейді ол. 

"Балконның есігі сынық, келгелі айтып жатырмын, түзеп береміз деп уәде бергендеріне бір ай болды. Енді не істерімізді білмей жатырмыз. Алты баламен тұрып жатырмыз, үй суық. Үкімет тағы алдап соғып отыр. Пәтерді жалға алғаның үшін төлейсің, мына қираған заттарды тағы жөндеу керек. Бүгін келіп суды өшіріп кетті, сусыз отырмыз. Балконы бар үйде жата алмайсың, тоңазытқышта жатқандай. Мүлдем жағдай жасалмаған. 

Үлкен анамыз бар, бір күн қонып ауырып қалды. Бесінші қабатта тұрамыз, сантехникалық құбырлары дұрыс жасалмаған, қабырғалары қисық. Мұны жөндеуге біздің жағдайымыз жоқ. Алты баламен әрең күн көріп отырмыз", - дейді Тілеулес. 

Айтуынша, алты баласымен үш бөлмелі пәтерді сегіз жыл күтіп әрең алған. Оның өзі жалдамалы негізде. Тілеулес пәтерінің жағдайына көңілі мүлде толмайтынын жеткізді. Бірақ қазір амал жоқтан тұрып жатқан көрінеді. 

№1/87 пәтердің тағы бір тұрғыны да пәтердегі жағдайдың нашар екенін жеткізді. 

"Унитаздары шайқалып кеткен, жағдайы нашар", - дейді ол.

Белсенді Аида Букаева өзінің Facebook парақшасында "Жас Қанат" ықшам ауданында баспананы ипотекаға алуға мүмкіндігі жоқтарға сатып алу құқынсыз пәтерді жалға алуға болатынын жазады. Мұқтаж адам бірден пәтерге бір сағатта көшіп бара алады делінгенімен, шын мәнінде олай емес, дейді ол. 

"Ең қызығы, 120 мың теңгеге тұрғын үйлерде пәтерді жалға алуға болады. Алматы қаласының тұрғыны мемлекеттен әлеуметтік осал топ өкілі ретінде пәтерді мемлекеттік бағдарламамен жалға алады да, оны басқа біреуге жалға береді", - дейді Аида Букаева.  

Белсенді әкімдік қызметкерлерінен құрылған топпен бірген пәтерлерді тексеріп шығу керектігін ұсынды. 

"Келісімшарттарды алып, сол пәтерлерде тұрып жатқан тұрғындардың жеке басын куәландыратын құжаттарымен сәйкестендіріп тексеру керек", - дейді ол.

Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы өз кезегінде 1/86 және 1/87 үйлерде 80 пәтер жалға берілгенін хабарлады. Алайда, оның 40 пәтері бос, дейді белсенді.

Тұрғын үй басқармасында бос тұрған 40 пәтерден кезекте тұрғандар ипотекалық бағдарламаларға қатысуды қалап немесе үйлердің орналасуына, жағдайына, пәтердің аумағына көңілдері толмай бас тартқан.

Аталған пәтерлер келесі кезекте тұрғандарға санатқа сәйкес қайта бөлінетін болады, дейді басқармада.

Қалған 27 адам - шарттарға қол қоюға келмегендер. Оларға келісімшарттарға қол қою үшін басқармаға келу туралы хабарламалар жіберілді. Хабарлама алған және бір ай ішінде келмеген немесе пәтер алудан бас тартқан жағдайда келесі кезекте тұрғандарға қайта бөлінеді.

"Коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген пәтерлердің үшінші тұлғаларға жалға берілуін тексеру жеке және заңды тұлғалардың тиісті өтініштері негізінде жүргізіледі", - деді Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы.

 

 

 

Талқылау