Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жартысын алып қалады": Өскемендегі Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері шәкіртақыларын толық ала алмай жүргендеріне шағымданды

Жетім және ата-ана жылуынан қағылған жасөспірімдер соңғы уақытта бұл тұрақты жағдайға айналғанын жазады. Әлеуметтік желіде көтерілген мәселеде аталған мекеме ай сайын 10 мың теңгеден ұстап қалатындығы көрсетілген. Stan.kz тілшісі тақырыппен жақынырақ танысты.

Фото: Ашық дереккөз

"Балалар ақиқатты айтуға құқылы"

Жасөспірімдер үйі қаладағы Абай көшесі, 21 мекенжайында орналасқан. Бейресми мәліметке сүйенсек, қазір мұндағы тәрбиеленушілер саны 80-нен асады. Мәселенің әлдеқашан өршіп кеткенін алдымен Анджелина Федотова жеткізді. Айтуынша, бір кездері өзі де сонда тұрған.

“Әлі есімде, бізден ақша алып отырған уақыт – 2008-2010 жылдар аралығы еді. Ай сайын белгілі бір мөлшерін аузымыздан жырып отырды. Не үшін екенін ешкім түсіндірмеді. Әйтеуір мемлекеттік болғандықтан асханада тегін тамақтанатын едік, – деді ол.

Осыған дейін Жасөспірімдер үйінде тұрған Лана Хайруллина есімді желі қолданушысы  да мұны растап, тез арада шара қолданылуын өтінді. "Жетім балалар құқығын қорғау" қоғамдық қорының бас маманы, қоғам белсендісі Лора Швецтің сөзінше, мұндай шағым жиілей түссе, соңы тексеріспен аяқталуы ғажап емес.

“Егер мемлекет балаларға қаражат бөліп, кейін бәз біреулер оны қалтасына басып жатса, бұл таза алаяқтық. Ерте ме, кеш пе, шындығы шығады. Балалар ақиқатты айтуға құқылы. Ол үшін бүлдіршіндерді кінәлауға болмайды. Іс қозғалса, тәрбиеші деген адамдардың талайының  басы бәлеге қалады ғой”, – деді қоғам белсендісі.

"Жасөспірімдер үйінің бұған қатысы жоқ"

Мәселемен бөлісіп, алайда аты-жөнін өзгертіп беруді сұраған Марал есімді қыздың айтуынша, ай сайын 10 мың теңгеден алып қалып отырады. "Не үшін?" деп сұраған екен, қызметкерлер жарық, тамақтың ақысы деп келте қайырыпты. "Қолымызға тиетін шәкіртақы – 20 мың теңге" дейді. 

Осы бойынша облыстық Білім басқармасы өкілдері ресми жауап ұсынды. Олар Жасөспірімдер үйінің шәкіртақы мәселесіне қатысы жоқтығын айтты.

“ҚР Үкіметінің 2008 жылдың 7 ақпанындағы Қаулысына сәйкес, мемлекеттік шәкіртақы студенттер мен магистранттардың мемлекеттік шәкіртақы мөлшерінің 50 пайызы мөлшерінде бекітіледі. Сондықтан жетімдер мен ата-ана қамқорлығынан қағылған балаларға мемлекеттік шәкіртақының 50 пайызы аударылады. Тәрбиеленушілер шәкіртақыны өздері оқып жатқан мекемеде банк картасына аударылу негізінде алады. Ақша оқу орындарының бухгалтериясына жіберіледі. Жасөспірімдер үйінің бұған қатысы жоқ”, – делінген мәліметте.

Осылай деді де, Өскемендегі көп салалы құрылыс колледжімен жасасқан келісімшарт негізінде аталған мекемедегі балалар тегін тамақпен қамтылғандарын алға тартты. Ал қоғам белсенділері іс насырға шапса, прокуратураны жұмылдыруға әзір. 

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ 
 

Талқылау