Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жарты жолда қалып қойған: Америкалық азамат Шымкенттен кете алмай жүр

Американың азаматы Шымкенттен кете алмай жүр. Турист құжатын жоғалтып алыпты. Біздің елге саяхаттап келіп, жарты жолда қалып қойған 54 жастағы америкалық азамат амалсыз көпшіліктен көмек сұрайды. Ол Қызылорда мен Түркістан қаласының аралығында байқаусызда барлық құжатын түсіріп алған екен. 

Жарты жолда қалып қойған: Америкалық азамат Шымкенттен кете алмай жүр

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Алексей Чумак – американдық саяхатшы. Ол мотоциклімен бірнеше елді аралап, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен танысуды әдетке айналдырған. Осы жолы Орталық Азияға сапар шегіпті. Бакуден Қазақстанға Ақтау арқылы жетіп, еліміздің бірқатар қаласын басып өткен. Сөйтіп, Шымкентке келгенде, жоспары аяқ астынан өзгерді. Өзі байқамапты, Қызылорда мен Түркістан тас жолында құжаттарын жанынан түсіріп алған. Арасында жүргізуші куәлігі, банк карточкасы және аздаған ақшасы болғанға ұқсайды.

«Менің құжаттарым су өтпейтін арнайы қалтада болатын. Оны сыртқы киімнің төс қалтасына салған секілді едім. Бірақ қалай болғаны белгісіз, түсіп қалыпты. Менің ойымша, құжаттар Шиелідегі жанар-жағармай бекетінде немесе Түркістандағы уақытша тұрақта түсіп қалуы мүмкін», - дейді саяхатшы. 

Қонақ күтіп үйренген халық емеспіз бе, Алексейді шымкенттік әріптестері қол-аяғын жерге тигізбей қошемет көрсетіп жүр. Кезек-кезек күтіп алып, бір-біріне қонаққа шақыруда. Жоғалған құжаттарын қалпына келтіру үшін, құрама штаттарға сұраныс хат жіберіпті. Енді жақын күндері оның есеп-шотына қаржы түсуі тиіс екен. Сол кезде турист сапарын жалғастыруға мүмкіндігі бар.

«Біз барынша көмектесіп жүрміз. Біріміз құжаты жоғалғаны жайында хат әзірлеп жіберсек, енді біріміз ақшалай, уақытша баспанамен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүрміз. Арамыздағы кейбір жігіттер мотоциклге қажетті құрал-жабдықтарды әперіп жатыр. Мұндай жағдай, кез-келген адамның басында болуы мүмкін. Сол үшін көмекті аямауымыз қажет», - дейді қала тұрғыны Максим Косарьев.

Мототуристің айтуынша, үйреншікті іспен 20 жылдан бері айналысып келеді екен. Жер-жаһанды алдында велосипедпен шарлағанын айтады. Содан кейін, мотоциклге отырған. Екі дөңгелекті көлігін сатып алғанына небәрі 2 ай болыпты. Бұған дейін 7 мотоцикл тоздырған. Бірақ алғаш рет құжатын жоғалтып отыр.

«Мен саяхатымды одан әрі жалғастыруға мүмкіндігім болмай тұр. Өйткені, әрбір 300 шақырым жолдан кейін, май құюым қажет. Оған менде ақша жоқ. Құжаттарымды тауып, қайтарып берген адамға сыйақы берер едім», - дейді саяхатшы Алексей Чумак.

Шиелі мен Түркістандық полицейлер жоғалған құжатын іздеп тапқанынша, құрама штаттан көшірмесі де келіп қалар. Оған кем дегенде 5-6 күн қажет екен. Құжаты қолына тиісімен, Алексей сапарын одан әрі жалғастыруды көздеп отыр. Өзбекстан арқылы Тәжікстанға барып, әйгілі Памир тауына шықпақшы. Ол сол үшін 18 мың шақырымды жүріп келгенін айтады.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр