Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жарты жылда 12 мың тоннадан астам уран: "Қазатомөнеркәсіптің" биылғы жетістіктері жарияланды

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тұрақты әрі сенімді нәтижелерге қол жеткізді. Бұл кезеңде уран өндіру көлемі 12 242 тоннаны құрап, компаниялар тобы бойынша сату көлемі 7 625 тоннаға жетті. Жалпы кіріс 660 млрд теңгеден асып, операциялық пайда өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсіп, 253 млрд теңгені құрады. Таза пайда 263 млрд теңге болса, республикалық бюджетке төленген салық көлемі 400 млрд теңгеден асты.

"Компания өз қызметінің негізгі бағыты – уран өндіруді сақтай отырып, сирек жер металдарын игеруге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысына ерекше назар аудару. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ресурстық базаны кеңейту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Түркістан облысында болжамды қоры 20 мың тоннадан асатын уран кен орындарын барлауға жаңа лицензия алынып, Шу-Сарысу уран провинциясында үш перспективті учаскеде геологиялық барлау жұмыстары басталды", — деді "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Халықаралық ынтымақтастық та кеңейе түсті. Биыл "Қазатомөнеркәсіп" Швейцарияның Axpo және Чехияның ČEZ компанияларымен уран жеткізуге келісім жасады. Сонымен бірге Иорданияның JUMCO компаниясымен барлау және өндіру жобаларын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Словакияның SEAS компаниясымен уран өнімдерін жеткізу, ал Румынияның Энергетика министрлігімен бериллий өнеркәсібін дамыту мен табиғи уран жеткізуді кеңейту бағытында келісімдер жасалды.

Маңызды жетістіктердің бірі – "Қазатомөнеркәсіптің" Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (WNA) басқарушылар кеңесіне сайлануы. Бұл халықаралық қауымдастық тарапынан сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді.

Компания әлеуметтік жауапкершілік пен өңірлерді дамытуға да басымдық беріп отыр. Биылғы жартыжылдықта отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеден асатын оффтейк келісімшарттарға қол қойылды.

Адами капиталды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қазатомөнеркәсіп тәуелсіз зерттеу нәтижесі бойынша Қазақстандағы ең тартымды үш жұмыс берушінің қатарына енді. Сала бойынша бірінші орынды иеленді. Компания қатысуымен ҚБТУ базасында алғаш рет "Уран ісі" атты бакалавриат бағдарламасы ашылды. Сонымен қатар, Murager білім гранттары және Izbasar тағылымдама жобасы жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.

Әлеуметтік жобалар да тұрақты жүзеге асырылып келеді. Қызметкерлер мен олардың отбасыларына, өңір тұрғындарына қолдау көрсетуге бағытталған бастамалар экологиялық мәселелермен қатар өрістетіліп отыр.

Осылайша, "Қазатомөнеркәсіп" Қазақстанның әлемдік атом саласындағы көшбасшылық орнын нығайтып қана қоймай, ел экономикасы мен өңірлердің дамуына да елеулі үлес қосып отыр. Компания төмен көміртекті энергетикаға көшу жолындағы жаһандық үрдістерге белсенді атсалысып, Қазақстанның халықаралық беделін арттыруда.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 10:00
Талқылау