Жетісу облысында әкесі кішкентай қызына темекі шеккізіп, көпшіліктің сынына қалды

Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде ер адамның бүлдіршін қызға өзі тартып отырған темекіні шеккізген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео авторының айтуынша, бұл жағдай Жаркенттегі стадиондардың бірінде болған.
“Ер адам стадионға екі кәмелетке толмаған бүлдіршін қыздармен келді. Ол 1,5-2 жастағы балаға темекі шеккізіп отыр”, – деп жазды автор.
Желіде қызу талқыға түскен ер адамның әрекетіне қатысты Жетісу облысы полиция департаменті пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, ол жауапқа тартылды. Оның бұл әрекеті ата-аналық міндеттерді өрескел бұзу әрі баланың денсаулығына қауіп төндіру деп бағаланды.
“Ер адам бала тәрбиесі мен оның құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін, сондай-ақ қоғамдық орында шылым шеккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді”, – деп мәлімдеді департамент.
Полиция темекі шегу тек адамның өзіне зиян ғана емес, балалар үшін де теріс үлгі қалыптастыратынын еске салды.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік