"Тамада министр": Қызметінен босатылған оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев несімен есте қалды
Фото: Stan.kz
Оқу-ағарту министрлігін 3 жылға жуық басқарған Ғани Бейсембаев уәдесін үйіп-төгіп бергенімен, орындағаны мардымсыз болды дейді қазақстандықтар. Мұғалімдер мен қоғам белсенділері оның тұсында білім беру саласында қағазбастылық азаймай, керісінше күшейгенін, реформалар мен бастамалардың көбі аяқсыз қалғанын алға тартады. Сыншылар экс-министрдің жұмысы көбіне жиындар мен марапаттарға көбірек мән беруімен есте қалып, "тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты" деген сипаттама берді. Осы ретте Stan.kz бұрынғы бас ұстаздың кемшіліктері мен енгізген ұсыныстарын тізбектеп шықты.
“Шешім қабылдаудан қорықты”
Желіде сынағандар алғашқылардың бірі республикалық "QAZBILIM" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы. Ол министрдің қызмет атқарған жылдарын босқа кетті деп өткір сынады.
"2 жыл 9 ай оқу-ағартудың тізгінін ұстады. Қысқа уақыт емес, үлкен мүмкіндік. Оған дейін 8 ай вице-министр болғанын ескерсек, дайындық уақыты да жеткілікті болды. Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты. Сөзімен келіп, сөзімен кетті. Алдыңғы министрдің тұсында қабылданған біраз оң шешімдердің күшін жойды. Қарапайым тұрғыда “Алтын белгілерге” қатысты шешім, 1-сыныпқа оқушы қабылдау уақытын өзгерту шешімі, оқушы қозғалысының шешімі, ақылы олимпиада өткізбеу сияқты ұпай бермейтін, бірақ қажет шешімдерді. Бәрі тек оқу-ағартудағы тәртіпті әлсіретті. Ең қызығы, бұл кісінің уәделері еді. Уәдені үйіп-төгіп берді. Бірақ орындалмады", – деп сынға алды Аятжан Ахметжанұлы.
Қоғам белсендісі бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың уәделерін тізбектеп шықты. Оның айтуынша, министр қызметке келген сәтте бірқатар бастама көтерілгенімен, олардың көбі жүзеге аспаған. Осы ретте ол бұрынғы басшының, ең әуелі, сынып жетекшілеріне 3 есе үстеме ақы қосылады деген уәдесін еске салды. Алайда үш есе түгілі, 3%-дық үстеме де қосылмағанын атап өтті.
"Екіншіден, білім беру бағдарламалары жаңарады деді. Өзі Алтынсарин атындағы Білім академиясы президенті боп тұрғанда басталған тірліктің не болғанын да жұрт білмейді. Керісінше, химия, физика, биологияны қосып жаратылыстану ғылымы пәні қылу, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері бірігеді, алгебрамен геометрия бірігіп математика болады деп, отпен суды қосып бейкәсібилік көрсетті де, солай мемлекеттік стандартты өзгертті. Жұрт шулап еді, оны да сиырқұймышақтандырып жоқ қылды. Ескі, 2016 жылғы бекітілген мемстандарт пен оқу жоспарларын жаңарту, әттеген-айларын шешу үшін жасалған мемлекеттік стандарт пен оқу жоспары жүйесі дайын еді ол келгенде. Енгізбеді, өкінішке орай, созбақтап жүріп қоштасты. Шешім қабылдаудан қорықты", – деп шүйлікті қоғам белсендісі.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
“Сүйікті ісі – форум өткізу мен жиналыс жасау еді”
Қоғам белсендісі бас ұстаз Ғани Бейсембаевтың министрлігі тұсында қағазбастылық қысқармай, керісінше, арта түскенін айтады. Оның пікірінше, мұғалімдердің жұмысы жеңілдемек түгілі, есеп-құжаттарға батып кеткен.
"Қағазбастылықты азайтамын деді. Керісінше, оның кезінде мұғалімдердің құжаттары мен есептілігі кемі бес есеге артып, қағазға көмілді. Мұны бүкіл мұғалім растар. Бұл кісінің сүйікті ісі – форум өткізу мен жиналыс жасау еді. Өңірлерге барып, мұғалімдер мен басшылардың басын қосып, сағаттап ақыл айту – сүйікті ісі болды", – дейді ол.
Сонымен қатар Ғани Бейсембаевтың білім берудегі тәрбие мәселесі де сынға алынды.
"Мұғалімдерді тәрбиелік іс-шараларды әлеуметтік желілерге рилс түрінде түсіруге бұрды да, хэштегтер мен желідегі посттармен тәрбиенің сапасы өлшенді. Бірақ шынайы жағдайдың кері кеткені елде болған қаншама іс-шарадан белгілі. Мұғалімдердің мезгілсіз сенбілігі, шырша отырғызуға баруы, су қоймаларының күзетіне тартылуы секілді оқиғалар ел есінде. Ал, сыни көзқарас білдірген, ойын ашық айтқан қаншама мұғалім қуғынға ұшырады. Айтпақшы, министр ретінде келе салған соң қарапайым мұғалімді сотқа бергені де ел есінен шықпаған шығар", – деп атап өтті қоғам белсендісі.
Еске салайық, бұған дейін Ғани Бейсембаевтың кезінде мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тартудың сорақы мысалы Семейде тіркелген еді. Қалалық шыршаны безендіру ісіне педагогтар жұмылдырылып, соның салдарынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев 4-5 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысып, өлім аузынан қалды.
Фото: Stan.kz
Бұдан бөлек қоғам белсендісі оның қызмет еткен тұсында министрлік маңындағы түсініксіз бизнестер көбейіп кеткенін еске салды.
"Білім саласында ақылы курстардың саны артты. Неше жыл тоқтаған ақылы олимпиадалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Бұдан бөлек президент бастамасымен басталған "Жайлы мектеп" жобасын шатқа яқтатты. Оның авторы өзі болғысы келіп, бұл жобаны "Келешек мектептері" деп қайта атады. Бірақ комфортты мектептер саны 367-ден 217-ге азайды. Оның өзі әлі түсініксіз. Президент жайлы мектептерді бөлек жүйеде басқару туралы тапсырма берді. Бірақ, орындай алмады. Жүйесі де, мазмұны да өзгермеді. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арқылы мектептер желісін құру әрекеті сәтсіз аяқталды", – деп пікір білдірді Аятжан Ахметжанұлы.
“Оқу-ағарту министрлігі шын мәнінде шашырап қалды”
Сонымен қатар ол басқару кезінде ең көп дау тудырған бастамалардың бірі – нысаналы мектептер жобасы болды. Бұл жобаға қыруар қаржы жұмсалғанымен, нақты нәтиже бермеді. Керісінше, қағазбастылық пен есеп-қисап көбейді. Министр педагогтердің аттестация жүйесін жеңілдетуге уәде бергенімен, жағдай керісінше өрбіді. Жаңа тәртіп мұғалімдердің жұмысын жеңілдетпей, бюрократияны күшейтіп жібергенін қоғам өкілі атап өтті.
"Марапат тарату, медаль үлестірумен аты шықты. Автоматты түрде берілетін марапаттау жүйесі туралы анекдоты ешкім есінен кетпеген шығар. Жүздеген мың алғыс хаттар мен грамоталар беріп, абырой жинағысы келді. Бірақ марапаттың қадірі қашып, құнсызданды", – дейді маман.
Мұғалімдер мен мектеп директорларының жалақысын күрт көтеру, колледж оқытушыларына магистр дәрежесі үшін үстеме ақы қосу жөніндегі уәделер де орындалмай қалғаны атап өтілді.
"Жасанды интеллект дәуірі келді, президент тапсырма берді. Ұстаздар мен оқушылар екі жыл бойы жасанды интеллект қолданды. Бірақ министрлік тарапынан қажетті нормативтік-құқықтық актілер әлі де шығарылмады. Абай ұлттық мектебін құру бастамасы да аяқсыз қалған. Керісінше, "ұлттық мектеп" жасау уәжінің көлеңкесінде QAZBILIM ұлттық лицейінің бірнеше мектебі жабылып, бұл білім беру саласына зиян тигізді", – деп қоғам белсендісі өзінің мектебі туралы да қоса кетті.
Дене шынықтыру пәнін бөлу, жекеменшік мектептердің мәселесін шешу секілді бастамалар да нақты нәтиже бермеген екен.
"Қаншама жекеменшік мектептер өздерінің заңды қаржысын ала алмай, білімге қаржы салған жанашыр азаматтар зардап шекті. Өкінішке қарай, оқу-ағарту министрлігі шын мәнінде шашырап қалды. Жаңа министрге осыны реттеп, жүйеге түсіру – ауыр міндет. Бюджет тапшылығы мен орынсыз жоспарлаудың зардабын орта білім саласы әлі тартады деп алаңдаймыз", – деген пікір білдірді.
Фото: freepik.com
“Мектеп формасы мен хиджаб мәселесіндегі қатаң мәлімдемелері”
Ғани Бейсембаевтың министр болған кезеңі тек білім сапасы мен реформалар төңірегіндегі уәделермен емес, қоғамды дүр сілкіндірген бірқатар даулы оқиғалармен де есте қалды.
2024 жылы өткен баспасөз мәслихатында ол үш жыл бұрынғы 3 мыңға жуық дала әжетханасының саны небәрі онға дейін қысқарғанын мәлімдеді. Алайда кейбір мектептерде ішкі санитарлық торап бола тұра, "кепілдік үшін" сыртқы әжетханалардың сақталуы қоғамда күмән туғызды.
Алматы облысында домбыра пәнінің мұғалімі кәмелетке толмаған қызды зорлады деген айып қоғамды дүр сілкіндірді. Министр жағдайды "өрескел әрі кешірілмейтін" деп бағалап, қатаң шаралар уәде етті. Бірақ кейіннен күдіктінің мектептерде мүлде жұмыс істемегені белгілі болып, министрліктің ақпараттық саясаты сынға ұшырады.
2023 жылдың қарашасында Бейсембаевқа қарсы ең үлкен соққы педагогтардан жасалды. 130-дан астам мұғалім президент пен мәжіліс спикеріне ашық хат жолдап, министрдің қызметінен кетуін талап етті. Қол қойған хатта министрдің кадрлық ауыс-түйістерге жол беріп, туыстық байланыстарды алға тартқаны, белсенді педагогтарға қысым көрсеткені және білім сапасын көтеруге бағытталған құжаттардың толыққанды дайындалмағаны айтылды. Мұғалімдер Бейсембаевтың қызметі білім беру саласының дамуына кедергі келтіріп отыр деп санап, оның орнын босатуды сұрады.
Мектеп формасы мен хиджаб мәселесіндегі қатаң мәлімдемелер де қоғамды екіге жарды. Бірі министрді заңға сүйенді десе, енді бірі оны ата-аналардың таңдау құқығын шектеумен байланыстырды. Экс-министр оқушылар белгіленген киім талабын сақтамаса, олардың ата-аналары жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Фото: pixabay.com
Бұған дейін парламентте мектеп асханаларының жетіспеушілігі де сөз болды. Сол кездегі депутат, қазіргі жаңа министр Жұлдыз Сүлейменова 800-ге жуық мектепте асхана жоқ екенін айтып, балалардың тамақ сапасына кім жауап беретініне алаңдаушылық білдірді. Алайда министр Ғани Бейсембаев нақты дерек бойынша асханасы жоқ мектеп саны 591 екенін жеткізді. Оның сөзінше, жаңа мектептердің барлығында асхана қарастырылғанымен, шағын жинақты мектептерде бұл мәселе әлі де өзекті болып қалған.
“Жақсы тұстары да бар”
Экс-министрдің ұсыныстарының бәрі бірдей қоғам тарапынан қолдау таппаса да, ол білім саласында қордаланған мәселелерді шешу жолында түрлі қадамдар жасауға тырысты. Сын-пікірлерге қарамастан, Бейсембаевтың бірқатар бастамасы ұстаздар мен оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруды көздеген жүйелі өзгерістер ретінде бағаланды. Мысалы, ол мұғалімдерге сыйлық берудің мәдениеті жайлы пікір білдіріп, гүл сыйлауда тұрған ешқандай әбестік жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, 1 қыркүйек күні оқушылардың ұстаздарына гүл сыйлауы – қалыптасқан дәстүр әрі мұғалім үшін үлкен қуаныш. “Гүлден артық сыйлық жоқ. Оқушының пәк көңілмен сыйлаған гүлін ең әдемі нәрсе деп білемін" деген еді ол мұғалімдер саммитінде. Дегенмен министр гүлдің құнына қатысты қандай да бір шектеудің бар-жоғын нақтылаған жоқ.
Ғани Бейсембаев мектеп асханаларындағы ас мәзірін өзгертуге де бұйрық берген еді. Жаңа стандартқа сәйкес оқушылар құнарлы әрі ұлттық тағамдармен тамақтанатын болды. Мәзірде қайнатылған жылқы еті, сиыр етінен сірне, қара бидай наны, жент, құрт, ірімшік сияқты ұлттық тағамдармен қатар, йогурт, көкөніс пен жеміс-жидек те бар. Мәзір балалардың жас ерекшелігіне сай жасалып, денсаулыққа пайдалы әрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді. Әр мектепте тамақ сапасын арнайы комиссия қадағалайды.
Сонымен бірге бұрынғы бас ұстаз сабақ кезінде оқушылардың смартфон қолдануына шектеу қоюды ұсынды. Министр бұл шешімді ата-аналардың шағымдары негізінде енгізілгенін айтып, балалардың зейінін бөлуге әсер ететін факторларды азайтудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай шектеу тек сабақ уақытына қатысты екені де түсіндірілді.
Министр әрқашан педагог беделі бірінші орында тұруы керек екенін атап өтті. Бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебінде бітіруші оқушыны соңғы қоңырау мен бітіру кешіне бір күн қалғанда оқудан шығарып жібергені қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кейін оқушы өзінің әрекеті үшін кешірім сұрап, жағдайға байланысты өз нұсқасын жариялап, тіпті президентке үндеу жолдады. Осыған орай қоғамда түрлі пікірлер айтылып, кейбір депутаттар оқушыны жақтаса, экс-министр Ғани Бейсембаев керісінше мұғалімді қорғап, мұндай жағдайдан бүкіл қоғам сабақ алуы керек екенін жеткізді.
Одан қалды Алматы облысы Қаскелеңдегі қанды түн оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді қайта көтерді. Бітіру кешінде болған қайғылы оқиғада бір оқушы сыныптасын қорғап жүріп қаза тапты. Одан кейін мектеп директоры мен бірнеше мұғалім жауапқа тартылды. Бірақ Бейсембаев мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы болып, "мектеп өз міндетін орындады" деп мәлімдеді. Сөйтіп қызметінен кеткен директорды орнына қайта тағайындады.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысының жарлығымен Ғани Бектайұлы Бейсембаев оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылғанын жаздық. 2022 жылы оқу-ағарту вице-министрі болған Ғани Бейсембаевты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 4 қаңтарда оқу-ағарту министрі етіп тағайындады. Оның орнына Тоқаев экс-депутат Жұлдыз Сүлейменованы тағайындады.

"Қылмыстық істен айналып өтетін жолды тапқан": 50-ге жуық қазақстандық белгілі блогерден ақшаларын қайтара алмай жүр
