"Қылмыстық істен айналып өтетін жолды тапқан": 50-ге жуық қазақстандық белгілі блогерден ақшаларын қайтара алмай жүр
Скриншот
Бір топ қазақстандық Ләззат Айдарқұлова есімді астаналық блогерге алданып, сан соғып қалғандарын айтты. Сөздерінше, блогер желілік бизнеске тіркеймін немесе түрлі бағдарлама бойынша грант жеңіп беремін деген желеумен ақша алған, сондай-ақ сатып алынған тауарларды бермей кеткен. Астаналық келіншекке алдандық деген жәбірленушілер редакциямызға хабарласып, қаржысын қайтара алмай жүргендерін айтып, оның лайықты жазасын алмағанына шағымдарын жеткізді.
Блогерге 2023 жылдан бері әр түрлі өңірден шамамен 50-ге жуық адам алданған көрінеді. Олар 75 мың теңгеден 500, 800 мың, тіпті 2 миллион теңгеге дейін қаржысынан айырылды. Ақтөбелік тұрғын Айдарқұлова “Даму” бизнесті қолдау қоры арқылы несие шығарып береді дегенге сеніп, 500 мың теңгеге қағылған.
“Ол жеке парақшасында “қара тізімге түсіп қалып, несие ала алмай жүргендерге несие алып беремін” деп жарнама жасады. Бұл қызметіне 500 мың теңге сұрайды. Ешқандай кепілсіз 10-15 миллион теңге несие шығады деп уәде етті. Содан соң 14 күн күтуді сұрады. Ақыры ештеңе өзгерген жоқ, несие шығарып бермеді, ақшаны да қайтармады”, – деді ақтөбелік тұрғын.
Тағы бір желі қолданушысы блогердің Greenleaf желілік маркетинг бизнесіне жарнамасына алданып қалғанын айтады.
“Желілік маркетингке амбассадор боламын деп жарнама жасағандықтан, нөміріне жазып 420 мың теңгеге келістік. Ол амбассадор болуы керек еді. Ақшаны өзіне емес, бала күтушісі, сіңлілеріне аудартты. Сосын 188 мың теңгеге оны тіркеп, сыйлық жібердім. Алайда мекенжайын айтқан жоқ, өзі көлікпен алдыртты. Әрі қарай “бүгін тіркеймін,ертен тіркеймін” деп созбақтап кетті. Кейін телефонын да алмай, хабарламамды ашпай қойды. Әлеуметтік желіден бұғаттап тастады. Алданған бірнеше адам бар екен, ортақ чатқа қосылдым. Бірнеше адам арыз жазса да, ешқандай нәтиже жоқ”, – деді жел қолданушысы.
Нұрдәулет Мэлс атты блогер де бұл мәселені көтерген. Оның видеосының астына алданғандарын айып жазғандардың қарасы өте көп. Бірі 200 мың, тағы біреулері 300 мыңға алданғандарын жарыса жазды.
Ақтөбеде 8 рет сотталған келіншек бостандықта жүр: Ол бірнеше жыл бойы 30-дан астам адамды алдаған
Редакциямызға жүгінген Диана есімді астаналық тұрғын да блогерден ақшасын ала алмай жүргенін мәлімдеді.
“Дүкенімнен өз кеңсесіне тұрмыстық заттар – кір жуғыш ұнтақ, сынды заттар алады. Оның бәрі 74 500 теңгеге шықты. Тауарды алып, оны 1 аптадан соң төлеймін деді. Кейін кеңсесін ауыстырып тастаған екен. Байланысқа шықпады. Желіден бұғаттап тастаған. Таныстарымның көмегімен мекенжайын анықтап, үйіне барып, қарызымды сұрадым. Алайда “74 мың теңгеге бола әңгіме айтып тұрсың ба?” деп өзіме зекіді. Полицияға арыз жазуға бардым. Алайда олар мұны қарамайтындарын, азаматтық сотқа жүгіну керегін айтты. Сонда полицияның міндеті қандай? Еліміздің заңы қалай жұмыс істейді? Бірнеше адам арыз жазған күннің өзінде бұл ақшаларды өндіре аламыз ба?”, – деп ашынады Диана.
Жәбірленушілер қылмыстық іс қозғата алмай отырғандарына қынжылады. Сөздерінше, ол қылмыстық жазадан құтылу мақсатында заңды айналып өтетін құйтырқы жолды тапқан. Әдейі алғашында кеңес беріп, қызметтің бір бөлігін көрсеткен болады. Заң бойынша мұның өзі жартылай жасалған жұмыс деп саналады дейді. Осылайша оның әрекеті қылмыстық құқықбұзушылық емес, азаматтық дау болып кетеді екен.
Stan.kz тілшісі жағдайды анықтау мақсатында Астана полициясының баспасөз қызметінен пікір сұрады. Алайда сауал әлі дайын болған жоқ. Сондай-ақ тілшіміз Ләззат Айдарқұлованың өзіне жазып көрді. Алайда ол да жауап бермеді.
Ләззат Айдарқұлованың қазір Instagram-парақшасында 310 мың оқырманы бар. Өзін “бизнес леди” деп таныстырған келіншек онлайн сауда, тендермен айналысатынын, сондай-ақ БАД өнімдерін сататынын жазған.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
