Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері

Әсел Қанай қараша айында Мысырда өткен каратэден әлем чемпионатында қола медальға ие болды. Сондай-ақ Әлем ойындарында "Жыл үздігі" атағын да жеңіп алды. Әлемдік додадан кейін әлі сый-сияпатқа ие болмағанын айтқан спортшы бұнымен тоқтамай, одан да биік белестерді бағындыруға бар күшін салатынын жеткізді. Stan.kz тілшісі Әсел Қанаймен тілдесіп көрді.
– Әсел әлем чемпионатынан жеңіп алған алғашқы жүлдеңіз құтты болсын! Осы әлем чемпионатына қанша уақыт дайындалдыңыз? Ең қиынға соққан қарсыласыңыз кім болды?
– Көп рақмет! Әлем чемпионатына дайындық жылдың басынан басталды, өйткені осы жолғы әлем чемпионаты бұрынғыдан өзгеше форматта өтті. Бұл жарысқа әлемнің тек 32 спортшысы ғана қатысты. Бұрынғы чемпионаттарға әр елден бір спортшы ғана қатысатын еді. Жылдың басынан іріктеу басталды. Премьер-лигадан ұпай жинай бастадық. Сонымен қатар құрлықтық жарыстарда үштікке кірген спортшылар тікелей әлем чемпионатына жолдама алды. Мен өзім рейтинг арқылы өттім. Жыл басынан әр жарысқа қатысып, жоғарғы ұпай жинадым. Бұл әлем чемпионатында ең қиын қарсыласым қытай қызы болды. Жартылай финалда сол спортшыға 1:1 есебі мен төрешілер шешімі бойынша ұтылдым. Енді алдағы жарыстарда ол қыздан кеткен есемді қайтарамын.
– Айтулы халықаралық доданың бәрінде ел намысын қорғауға барасыз. Көп жыл бойы мұндай жарыстарға жиі қатысу денсаулығыңызға кері әсерін тигізбей ме?
– Иә, жылдың басынан бастап демалған жоқпыз. Өйткені жоғарыда айтқанымдай әлем чемпионатына іріктеу бар дегендей. Сонымен қатар әлем чемпионатына қатыстым. Ал мамыр айында болған Азия чемпионатында аяғымды жарақаттап алдым. Сол жарақата әлем ойындарында кедергісін келтірді. Сол себебті әлем ойындарына тыңғылықты дайындала алған жоқпын. Осы жарақаттан соң маған өте қиын болды. Ал әлем чемпионатында намысқа тырысып дайындалып, емделдім.
– Каратэнің әдіс-тәсілдерін өмірде пайдаланған тұстарыңыз болды ма? Оқушы Әсел қандай болды?
– Мектеп пен университетке көп бардым деп айта алмаймын. Өйткені оқу-жаттығу жиындары мен жаттығулар болды. Өмірімде ондай жағдай бір рет университет қабырғасында оқып жүргенде болды. Дегенмен айта кетейін, мен кәсіби спортшы болғандықтан, қарапайым адамдарға күш қолдануға болмайтынын жақсы білемін. Соған сай тәрбиелендім. Бірақ әкемнің "бірінші болып – тиіспе, ал тиіссе – аяма" деген тәрбиесімен өстім. Сондықтан маған біреу тиіскен жағдайда қарап қалмаймын.
Негізі, бірінші болып мен бастамадым. Олар алдымен маған тиісіп, әлімжеттік көрсеткісі келді. Сол себепті мен де аяған жоқпын (күліп). Біз университетке жаңа ғана түскен, әлі балмұздақ кезім еді. Дене шынықтыру сабағында екінші курстың қыздары келіп, дұрыс сөйлемей, бізге әлімжеттік көрсеткісі келді. Алғашында үндемедім, екінші рет те мән бермедім. Бірақ шектен шыға бастаған соң, оларды өз орындарына қоюға тура келді. Ақырында өз орындарына қойдым.
– Неге дәл осы каратэ спортын таңдадыңыз? Кім алып келді? Алғашқы бапкеріңіз кім?
– Алғаш рет спорт залына әкем алып апарды. Ол менің қайтпас-қайсар мінезімді байқап, намысшылдығымды жоғары бағалады. Сол кездерде мен біраз бұзық болып, төбелеске де бейім едім. Алғашында әкем мені таеквондо үйірмесіне апарғысы келген. Алайда біздің жақта таеквондо үйірмесі болмағандықтан, үйге жақын каратэ үйірмесіне бардым. Алғашқы бапкерім – Маратұлы Асқар. Әкем әр жарысымда мені қадағалап, бақылап жүретін. Оның мақсаты – мені тек өзін-өзі қорғауға үйрету емес, қызым биіктерден көрініп, еліміздің көк туын желбіретсе деген ниетпен жіберді.
– Өзіңізді оқырмандарға жақынырақ таныстыра кетіңізші… Руыңыз қандай? Спортқа қанша жасыңызда келдіңіз?
– Мен кіші жүз Қаракесек руының қызымын. Спортқа жеті жасымда қадам бастым. Осы спорт түрімен айналысып келе жатқаныма 17 жыл болды. Бүгінге дейін жетіп жүрген барлық жетістіктерім – отбасым және туған-туыстарым және бапкерлерімнің сенімі мен қолдауының нәтижесі.
– Барған әр жарысыңыздан жүлдемен ораласыз. Сіздерге шенеуніктер және федерация қаншалықты деңгейде қолдау көрсетіп жатыр?
– Иә, барған әр жарысымыздан қоржынымыз бос қайтпай, жүлдемен оралуға барымызды саламыз. Өйткені бізге сенім артып отырған еліміз және жанымызға жақын қолдау көрсететін адамдар бар. Федерация және мемлекет тарапынан барлық қолдауды көрсетіп жатыр. Федерация тарапынан дәрі-дәрмек барлығы қамтылған. Жарыстарымызға еш алаңсыз дайындаламыз.
– Әлем чемпионатындағы жеңісіңізден кейін қандай сый-сияпатқа ие болдыңыз? Басыңызға баспана, астыңызға көлік мінгізген болар?
– Әлем чемпионатынан кейін әзірге ешқандай сый-сияпат алмадық. Облыс әкімінің қабылдауына енді кіремін. Сол кезде қандай да бір қолдау көрсетілуі мүмкін деген үміт бар. Әзірге баспана, көлік сияқты марапаттарға ие болған жоқпыз. Каратэ спорты Олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына кірмегендіктен, дзюдо мен бокс сияқты спорт түрлеріндегідей марапаттар көп беріле бермейді.
– Түркістан облысының намысын қорғайсыз. Осы Түркістанда дүниеге келдіңіз бе? Сізге қаншалықты деңгейде қолдау көрсетіп жатыр?
– Негізі Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. Бірақ белгілі себептермен Түркістан облысына көштік. Иә, Түркістан облысы қолдау көрсетеді. Әлем чемпионатынан кейін облыс әкімінің қабылдауына кіресің деп айтқан. Бірақ нақты әлі ештеңе белгісіз. Мүмкін сол уақытта сый-сияпат беріп қалар.
– Еліміздің каратэшілері барған әр жарыста жүлделі қайтады. Бірақ сіздердің жетісітіктеріңіз кеңінен насихатталмайтын сияқты. Бұған көзқарасыңыз қандай? Расымен де жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілмей ме?
– Каратэшілер барған жарыстан жүлдеге ілінуге тырысады. Алайда каратэ Олимпиадалық спорттар қатарында жоқ. Сол себепті шығар кейде жетістіктеріміздің көрінбей қалуы. Бірақ елімізде басым спорт түрлері қатарындамыз. Яғни ендігі жылы Азия ойындарында каратэ спорты болғандықтан, басым спорт түрлеріне кіреміз.
– Каратэ Олимпиадалық спорт емес. Ішіңізде Олимпиадалық спортқа барғанда деген сияқты әттеген-ай қалып кеткен жоқ па?
– Каратэ қазір Олимпиадалық спорт емес. Тек Токио Олимпиадасында ғана каратэ Олимпиадалық спорт қатарына қосылды. Бірақ мен оған қатыса алмадым. Дегенмен ешқашан үмітімді үзбеймін. Каратэ болашақта Олимпиадалық спортқа кіреді деген үмітім зор. Бұл үмітіміді ешқашан өшірмеймін.
– Каратемен шұғылдану қиын емес пе? Отбасыңыз тұрмысқа шық, денсаулығыңызға ауыр деп айтып жатқан жоқ па?
– Жалпы, әр спорттың өзіндік қиындығы бар. Ешбір спорт оңай болмайды. Жеңіс те, жеңіліс те қиындықсыз келмейді. Жарақат аламыз әрі психологиялық, физикалық тұрғыдан да оңай емес. Бірақ барлық белестерді еңсеріп, алға қарай ұмтылып, шыңдаламын. Отбасым тұрмысқа шығу жөнінде асықтырмайды. Олар әрдайым маған сенеді, қолдау көрсетеді және өз таңдауыма құрметпен қарайды.
– Қателеспесем әжеңіздің қызысыз. Кішкентай кезіңізден әжеңіздің қолында тәрбиелендіңіз бе? Әр жарысыңызды үзбей қарайтын болар…
– Иә, мен нағашы әжемнің қызымын. Нағашы әжемнің бірінші ыстық немересімін ғой. Кейде әкем жарыстарда екінші орын алсам, ұрсады. Тіпті скакалкамен ұрады. Сол кезде мен әжемнің үйіне барамын. Жарыстан кейін бірден әжеме хабарласамын, ал хабарласпасам, әжем менің ұтылғанымды біледі. Сосын мен жайлап әжеме: "Ұтылып қалдым, екінші орын алдым" деп хабарлаймын. Әжем кейін әкеме хабарласып, "Қызым екінші орын алды" дейді де, "Бұйырғаны осы, ұрыспа, тиіспе, жыламасын" деп мені қолдайды.
Фото: Спортшының жеке архивінен
Әжем әрдайым мені қолдап, дұға етеді. Күні бүгінге дейін жарысымды тікелей эфирден көреді. Қанша қарама десем де, әйтеуір бәрібір уайымдап, менімен бірге жылайды, менімен бірге қуанады.
Біздің үйде біз екі қызбыз. Сіңілім де әрдайым мен үшін уайымдап, мен жарысқа шыққанда барлық шаруасын ысырып, тек менің жарысымды қарайды. Бастығы "Жұмысыңды істесеңші" десе ол "Әпкем жарысқа шығып жатыр, мені мазаламаңдар" деп айтады екен. Ол менің әрдайым тілеуімді тілейді. Барлық қарсыластарымды біліп алған. Оларды зерттейді, олардың жекпе-жектерін көреді, кейде маған жазып, ақыл-кеңесін айтып, үйретеді. Шынында, ол – менің кішкентай бапкерім.
Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері