Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарылу қаупі болған": Көкшетауда жолаушылар автобусы өртеніп кетті

Көкшетау әкімдігінің жанында ПАЗ маркалы автобус өртеніп кетті. 20 шақты жолаушы өртке оранған қоғамдық көліктен сыртқа шығып үлгерген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Таңертеңгі уақыт болатын. Жұрт бұл кезде  жұмысқа асығып бара жатқан. Аяқ астынан әкімдік алдындағы аялдамаға келіп тоқтаған автобуста от бұрқ ете түскен. Көлікте отырған жолаушылар жанталасып сыртқа ұмтылған. Әйтеуір бәрі дін аман. Өрттің жылдам күш алғаны сонша, құтқарушылар келгенше автобустың қаңқасы ғана қалды. ПАЗ маркалы автобус жиһаз құрастыратын жекеменшік компанияға тиесілі екен. Бензинмен де, газбен де жүрген. Мамандар қаланың дәл орталығында автобустың  жарылу қаупі болғанын айтады.

“Оқиға орнына келгенде автобус қатты жанып жатты. Жүргіншілері көп орталық көшеде тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды еді. Көліктің іші түтіндей бастағанда жолаушылар өзі ытқып сыртқа шыққан. Оларға көмек қажет болған жоқ. Қазір өрттің себеп-салдары тексеріліп жатыр”, – дейді Көкшетау ТЖБ аға инженері Асқар Сафаров.

Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, автобус желтоқсанның 9-ы таңғы уақытта өртенген. Көлік жиһаз құрастырумен айналысатын "Мышлев А.Ю." жеке кәсіпкерлігіне тиесілі.

"Таңертең "ПАЗ-762" автобусының өртенгені туралы хабар түсті. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 11 адам және 2 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Белгілі болғандай, автобус жиһаз құрастырумен айналысатын "Мышлев А.Ю." жеке кәсіпкерлігіне тиесілі, ішінде 18 жұмысшы болды. Олардың барлығы өз күштерімен эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Сағат 8:48-де өрт оқшауланып, 8:55-те жойылды. Қазіргі кезде, шығу себебі анықталып жатыр", - деді ведомстводан.

Талқылау