Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жарық шектен тыс көп түспеуі керек: Сәбиді суретке түсірудің талаптары қандай

Жаңа туған нәрестені енді мемлекеттік стандарт бойынша суретке түсіреді. Тіпті құжаттағы ереже мен талаптардың көптігі сонша кей фотографтар жұмысынан бас тартуға бекініп отыр. Алайда, жаңа заң жобасы бізде емес, көршіміз Ресейде ұсынылып, қазірде қарастырылып отыр. 

Жарық шектен тыс көп түспеуі керек: Сәбиді суретке түсірудің талаптары қандай

Қызығы, әріптестерінің бастамасын, отандық дәрігерлер де қолдауда.  Осыған ата-аналар мен фотографтың өздері не дейді? Құжаттағы талаптар қандай? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа туған шақалақты суретке түсіру сәнге айналғаны қашан. Бала қырқынан шықпай жатып ата-аналары оның әрбір қылығын, саусақтарын, табанын түсіріп алуға асығады. Мәселен, елордалық  Мира Крикунованың сөзінше, баланы дәл осындай уақытта түсіру өте маңызды. Сондықтан ол 10 күндік сәбиіне фотосессия жасапты.  Ал нәрестелермен жұмыс істейтін фотографтың жұмысын нағыз ерлікке балап отыр.

«Менің ойымша, фотоссесияға бармай тұрып, ата-аналар әуелі фотографтың қандай екенін, қанша жылдан бері жұмыс істейтінін,  қалай түсіретінін- бәрін егжей-тегжейлі біліп алғаны жөн.  Студиясы қолайлы ма, жоқ па, соны да міндетті түрде зерттеп алу керек. Сонда еш қорқыпай бара беруге болады», - дейді тұрғын Мира Крикунова. 

Десе де, жуырда Ресейде фотографтарға қатысты талап күшейтілді. Бұдан былай арнайы құжатта суретке түсіретін маманның медициналық кітапшасы мен  білімін растайтын дипломының болуы шарт. Одан бөлек студиядағы микроклиматтың жағдайы нормадан аспай, жарықтың шектен тыс көп түспеуі тиіс екені міндеттелген. Мұндай талаптар біздің фотографтарды да алаңдатуда.Олардың сөзінше, мемлекеттік стандарт міндетті болмауы тиіс. Одан бөлек ол жұмысты қиындатып, тіпті бағаның аспандап кетуіне де алып келеді.

«Мен Ресейдегі жаңа заң жобасындағы көптеген тармақтармен келіспеймін. Мәселен, ВИЧ инфекциясы ауа арқылы тарамайды, демек балаға да ешқандай қауіп болмайды емес пе? Сосын тағы бір мәселе бар. Мәселен, аяғы ауыр келіншектерді, босану кезінде кез келген фотограф түсіреді екен, ал жаңа туған сәбиді түсіру үшін арнайы біреу керек. Бұл меніңше, барып тұрған ақымақтық. Енгізсе, оны дұрыстап ойланып, жан-жақты қарастыру керек сияқты», - деді фотограф Әсіл Ідірісова.

«Нью-борн» фотосессиясына деген сұраныс біздің елде енді ғана қызып келеді. Өйткені бұрын ата-аналар баласын бөтен біреудің қолына беруге қорқатын. Оны бұл салада жүргеніне биыл 2 жыл  болған Наталья Опекан да растап отыр. Фотографтың сөзінше, бала әлі әлсіз болған соң, мұндай  жұмыста аса сақ болу керек. Тіпті әр қимылға дейін маңызды.

«Бала анасының жатырында белгілі бір қалыпта жатады. Сондықтан оны түсірген кезде де, сол кейпіне келтіреміз. Артық бір қимылдың өзі қауіпті. Абай болмасаңыз, сүйегін шығарып алуға да болады. Жалпы бұл жерде медициналық білімнің болуы өте маңызды», - деді фотограф Наталья Опекан.

Десе де, бұл уақытта бала өміріне ең маңызды екпелерді қабылдаған соң, дәрігерлер ерте фотосессияның өте қауіпті екенін ескертеді. Сондықтан олар әріптестерінің бастамасын  толықтай қолдайтынын жеткізді.

«Фотограф гигиена ережерімен қоса, алғашқы медициналық көмекті қалай көрсету керектігін білуі тиіс. Одан бөлек, қолында білімін растайтын диплом мен медициналық кітапшасы да болғаны жөн. Сондықтан көрші Ресей қарастырып жатқан заңды толықтай қолдаймыз. Оны біздің елде де енгізсе екен дейміз», - дедіі қоғамдық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғаблов. 

Қалай десек те, қазақ  жаңа туған баланы қырық күнге дейін сыртқа шығармай, бөтен  біреуге  көрсетпейді. Мұндағы басты мақсаты - «тіл-көзден» сақтау.  Ал заманауи трендтен қалмай, баланың тәтті шағын суретке түсіру әркімнің өз шешімі. Сондықтан да, баласының қауіпсіздігіне тек ата-анасы ғана жауап береді дейді сарапшылар.

STAN.KZ
Жұма, 26 Шілде, 2019 13:11
Талқылау