Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жарық орнатуға 420 миллион теңге жұмсалған: Ақтөбеде тұрғындар арық пен суағар мәселесі шешілмегеніне наразылық білдірді

 

Ақтөбеде суағар мен арық салудың орнына жергілікті билік көпқабатты үйлердің сыртын сәндеумен айналысып жүр. Ол үшін бюджеттің миллиондарын жұмсап үлгерген. Бұған қала тұрғындары наразылық білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

ақтөбеТүсірілімнен скриншот

Былтыр үйлерін су басып, саз кешуге мәжбүр болған тұрғындардың келеңсіз жағдайлары тағы қайталанудан қорқатын халық әкімдікке наразы. Тіпті жеткіншектердің бірі тазаланбаған арыққа түсіп ағып кете жаздаған еді.

Қаланы абаттандырамыз деген Ақтөбенің билігі көпқабатты үйлердің сыртына жарық түсіретін шамдар орнатумен ғана шектелді. Оның өзі тек басты көшелердегі бірнеше үйдің сыртына салынған. Бұл жұмыстарға былтыр 420 миллион теңгеден астам ақша жұмсалды.

Сәндеумен "КМК СТРОЙ" жеке серіктестігі айналысқан. Компанияның негізін қалаушы қалалық мәслихаттың экс-депутаты Ұлан Қозыбақов. Депутат сол кезде қала бюджетінің шығыстарын қалыптастыру міндетін атқарып отырған.

“Шешім қабылдағанда ешқандай ықпалым болған жоқ. Себебі ол жұмыстар облыстық мәслихатта қаралды. Мен бұл жұмысты депутат болып айналысқан жоқпын. 8-9 жылдан бері осы саладамын. Облыстың ақшасына еш әсерім болған жоқ”, – деді "КМК СТРОЙ" ЖШС құрылтайшысы Ұлан Қозыбақов.

Экс-депутат мұны компания қызметін көре алмаған өзге әріптестерім айтып отыруы мүмкін дейді. Өйткені серіктестік Қазақстан бойынша алғашқы үштікке кіреді.

Қала әкімі Мұрат Жөребеков өткен жылғы тасқыннан сабақ алып, төтенше алғанын түсіндірді.

“Былтырғы жағдаймен нақты таныстым. Тіпті өткен жылы жеткіншек суға кетіп қала жаздаған аумақты барып көрдім. Мұндай енді қайталанбас үшін нақты алдын алу шараларын қолға алды”, – деді қала әкімі Мұрат Жөребеков. 

Талқылау