Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарамсыз ИВЛ аппараттарын сатып алған": Вице-министр сенатордың сөзі расталса, отставкаға кетуге дайын

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басы дауға қалды. Бейбіт Атамқұлов басқаратын ведомство мемлекет қаржысына істемейтін, ақауы бар 600-ден артық «ИВЛ» аппараттарын сатып алыпты. Сөйтіп, оны өңірлерге жібергенде, жарамсыз екені анықталған. Коронавирусқа шалдыққандарды ажалдан арашалайтын құрылғылар төңірегіндегі дау-дамайды сенаторлар әшкереледі.

Бір данасының құны бірнеше миллион теңге тұратын өкпені жасанды желдететін құрылғылар қалайша жарамсыз болып шықты? Жауапты ведомство не деді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Денсаулық сақтау саласындағы бұл былықты сенатор Нұрлан Қылышбаев жалпы отырыста хабарлады. Жоғары палата депутаты үкіметтің резервтегі қаржысын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дұрыс игермей, облыстарға іске жарамсыз құрылғыларды жіберген дейді.

«Биылғы жылы бюджетті дұрыс игермеу фактілері анықталды. Мысалы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үкіметтің резервтегі қаржысына отандық компаниялардан 17 аймаққа арналған 1500 өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алған. Алайда өңірлер тек 831-ін ғана қабылдаған. Ал қалған 669 өкпені жасанды желдеткіш құрылғыларында ақау болып шыққан», - деді сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев. 

Ақау дегенде, осы 600-ден артық ИВЛ аппараттары толық жабдықталмаған болып шықты. Әсіресе, Жамбыл мен Түркістан облыстарына, сәйкесінше жіберілген 53 және 58 техниканың біреуі де іске аспаған. Дегенмен, жауапты министрліктің маманы сенатордың бұл мәлімдемесін жалған деді.  

«Жалған ақпарат. 1500 ИВЛ  аппараттары 297 ауруханаға жеткізілді. Оның 140-ғы қазіргі күнде жұмыс істеп тұр. Қалғандары әлі жұмысқа қосылмаған», - деді министрдің орынбасары индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Талғат Жанжүменв.

Талғат Жанжүменовтың сөзінше, бұл 1500 аппарат үкімет тапсырмасымен жасалған. Әрбірінің құны 8 миллион 900 мың теңге. Шенеунік, тіпті, коронавирустың ауыр түріне шалдығып, өлім мен өмір арасында жатқандарды аман алып қалатын құрылығыларды жинайтын отандық зауыт жұмысын сенаторларға таныстырған да еді.

«Менің ойымша, мамандардың анализдері бойынша, біздің аппарат құны нарықты-экономикалық бағасымен өте құнды. Жоғары да емес, орташа деңгейде бағасы», - деді Жанжүменов. 

Сенат депутаттарының сынына қалған шенеунік «халық қалаулылары сенбесе, 1500 аппаратты бір-бірлеп тексеріп шықсын» дегенді де айтты. Ол үшін осы тыныс алуға көмектесетін құрылғыларды алған ауруханалар тізімін бар деді. Біз сондай-ақ жоғарыда аталған Жамбыл және Түркістан облыстарына хабарлыстық. Бірінде дәрігерлер ИВЛ-дар істеп тұр десе, өзгесіндегілер бұл ақпаратқа жауап бере алмады. Ал, вице-министр ақпарат расталса...     

"Дәл қазір отставкаға кетуге дайынмын", - деді.

Біз мәлімдеме жасаған ақпаратты нақтылмақ ниетпен сенатор Нұрдан Қылышбаевқа да хабарластық. Бірақ, сөйлесудің сәті түспеді.

Айта кетейік, еліміз бауырлас Қырғызстанға Мммлекет басшысының тапсырмасымен 400 ИВЛ құрылғыларын қайырымдылық аясында жібермек. Бірақ оның  фирмасы, қайдан шыққаны әлі белгісіз.  

Талқылау