“Жасанды интеллекті барлық салаға енді": ҰҚК басшысы Қазақстан қауіпсіздігіне төніп тұрған қауіп-қатерді атады
Фото: ҰҚК
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform порталына берген сұхбатында елімізге төнетін ішкі және сыртқы қауіп-қатерлердің барын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ермек Сағымбаев уақыт өтіп, заман өзгерген сайын сын-қатерлер де көбейе беретінін айтты.
“Қазір әлем әлдеқайда күрделі әрі болжап болмайтын сипатқа ие болды. Біз мұны күнделікті жедел-қызметтік жұмысымызда көріп отырмыз. Арнайы қызметтердің алдында тұрған қауіп-қатерлер әрқилы әрі бір-бірімен байланысты бола бастады. Бір жағынан, халықаралық терроризм мен діни экстремизм, заңсыз көші-қон, трансұлттық қылмыс пен есірткі бизнесі сынды біз "дәстүрлі" санайтын қылмыстар әлі қайталанып жатыр. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың кең таралуына және жасанды интеллектінің барлық өмір салаларына енуіне байланысты жаңа қауіп-қатерлер шықты. Бұл мүмкіндіктерді қылмыстық және террористік топтар белсенді түрде пайдалануға көшті”, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
Қазақстан жаһандық саясаттың белсенді өкілі ретінде бұл қауіп-қатерлерден тыс қала алмайды дейді ол.
“Біз жаһандық геосаяси ахуалды да елеусіз қалдыра алмаймыз. Бір өңірде болған жағдайлар лезде басқа елдердің қауіпсіздігіне әсер етеді. Саяси қысым күшейіп, қоғамдық санаға ықпал етіп жатыр, ұлтаралық және өңірлік мәселелер өзекті бола түсті, мәдени-адамгершілік және демографиялық даму үрдістеріне нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басты рөлі — елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, аумақтық тұтастықты қорғау және бейбітшілік пен келісімді сақтау”, – деді Ермек Сағымбаев.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
