Жапонияда қызметкердің артық жұмыс салдарынан өзіне қол жұмсағаны үшін компания басшысы қызметінен кетті
Жапонияда Dentsu жарнама агенттігінің президенті Тадаси Исии 24 жастағы қызметкерінің артық жұмыс салдарынан көз жұмғаны үшін қаңтар айында қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол баспасөз конференциясында бүкіл компанияға жетекшілік ететін адам ретінде орын алған қайғылы жағдайға өзін жауапты санайтынын айтты. Сонымен қатар компанияда қызметкерге үстеме жұмыс шамадан көп берілгендігі үшін өкінетінін жеткізіп, кешірім сұрады.
Баспасөз конференциясы алдында Исииге Жапония еңбек министрлігі Dentsu агенттігіне жүргізілген тексеріс нәтижесін прокуратураға жібергені мәлім болды. Сонымен қатар прокуратураға қайтыс болған қызметкердің тәлімгеріне қатысы құжаттар жіберілген.
Жарнама агенттігінің 24 жастағы қызметкері 2015 жылдың желтоқсанында өзіне қол жұмсаған. Ол Dentsu агенттігіне сол жылдың сәуір айында қызметке келген. Қызметкердің өлімінен кейін, қазан және желтоқсан айлары аралығында оны үстеме жұмыс істеуге мәжбүрлегені анықталды. Келісім шарт бойынша аптасына 40 сағаттық жұмыс бекітілгенімен, айына шамамен 105 сағат жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, ол күйзеліске түскен. Ал басшысы түсіністік танытпастан, қалай да берілген жұмысты атқару керек екендігін үнемі қайталап отырған.
Еңбек министрлігі Dentsu агенттігіне қарсы тергеу жұмыстарын бастады. 7 қарашада компания кеңселерінде ауқымды тексеріс және тінту жүргізілген. Ал Токио еңбек бюросы аталған іс бойынша Dentsu президентін тергеуге алғанын мәлімдеді. Исиидің баспасөз конференциясында агенттіктің вице-президенті Тоити Накамото қызметкерге басшылық тарапынан қысым көрсетілгенін, жұмыс тәжірибесі жеткіліксіз болғанын, бірақ компания ешқандай заң бұзбағанын жеткізді.