Жапонияда алғаш рет премьер-министр болып әйел сайланды
Фото: Риа Новости
Жапония парламенті либералдық-демократиялық партияның басшысы 65 жастағы Санаэ Такаитиді премьер-министр етіп бекітті. Аса консервативті көзқарастарымен танымал Такаити бұл лауазымға ие болған алғашқы әйел болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Жапонияның инновациялық партиясы коалицияны 20 қазан дүйсенбіде жариялады.
Бұған дейін либералдық-демократия партия (ЛДП) буддалық “Комэйто” партиясымен бірге елді 26 жыл басқарған. Дегенмен Санаэ Такаити ЛДП төрайымы болып сайланған соң, Комэйто үкіметтен кетті.
Санаэ Такаити 237 дауыс жинап, жеңіске жетті. Ол Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэнің адамы екен. Сондай-ақ Маргарет Тэтчерді үлгі тұтады. Алайда көпшілігі оның тағайындалуын гендерлік теңдік саласындағы прогрестің белгісі деп санамайды. Себебі Жапонияда патриархалдық нормалар әлі де үстемдік етіп отыр.
Өйткені Санаэ Такаити некедегі әйелдердің бұрынғы тегінде қалуына рұқсат беруге қарсы. Яғни ерлі-зайыптыда бір тек болу керек деп санайды. Сонымен қатар ол біржынысты некеге және Хризантема тағының мұрагері қатарына әйелдерді қосуға қарсы.
Сайлау науқаны кезінде Такаити бала күтіміне салық жеңілдіктерін және өз қызметкерлерін күндізгі күтіммен қамтамасыз ететін компанияларды ынталандыруды жақтаған.
Экономикалық мәселелерде Такаити "Абэномиканы" ұстанады. Бұл – марқұм Синдзо Абэнің саясаты, ол Жапония банкінің ақша-несие саясатын жеңілдетуге және үкіметтің агрессивті шығыстары мен құрылымдық реформалар арқылы экономиканы ынталандыруға негізделген.
Ол, сондай-ақ, өзінің бұрынғы басшысы Шигеру Ишиба келіссөздер жүргізген Америка Құрама Штаттарымен сауда келісімін қайта қарастыруға ниет білдірді. Такаити қазан соңында Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуге мүмкіндік алады.
Әлсіз иен мен бағалардың өсуі кезінде Такаитидің экономикалық саясаты қаншалықты табысты болатыны белгісіз, бірақ ЛДП мен инновациялар партиясы арасындағы коалиция туралы хабарлар жапон қаржы нарықтарын құлдыратты.
Такаити үкіметінің көрші елдермен қарым-қатынасын қалай реттейтіні де белгісіз. ЛДП көшбасшысы Қытайға қарсы ұстанымымен және Тайваньға қолдауымен танымал.
Ол Жапонияның пацифистік Конституциясын қайта қарауды жақтайды және қаза тапқан сарбаздардың, соның ішінде сотталған әскери қылмыскерлердің рухына тағзым ететін Ясукуни храмына үнемі барады.Қытай мен Кореяда саясаткерлер бұл ғибадатханаға бару Жапонияның соғыс қылмыстары үшін жауапкершілігін жоққа шығарады деп санайды.
Такаити 2004 жылы партиялық әріптесі Таку Ямамотомен некелесті. Сөздерінше, екеуі отауласқанға дейін мүлдем кездеспеген. Олар 2017 жылы саяси келіспеушіліктерге байланысты ажырасып, 2021 жылы қайта үйленді. Бірінші некеде Такаити күйеуінің тегін алды, ал екінші некеде күйеуі оның тегін алды.
Санаэ Такаити Heavy metal жанрының жанкүйері және жас кезінен барабанда ойнайды. Жас кезінде ол мотоциклге мінгенді ұнататын, бірақ 1993 жылы саяси мансабын бастағаннан кейін Такаити бұл оның жұмысына кедергі келтіреді деп қорқып, хоббиінен бас тартты.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
