Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапон самурайының ұрпағы 5 жылдан бері Алматыда тұрып жатыр

Жапон императоры Шёгун самурайының ұрпағы Аяка Мукайяманың Қазақстанда тұрып жатқанына 5 жыл болды. 15 жасында нағашы жұрты – қазақ топырағына аяқ басқан жапондық қыз жанға жайлы Жапония еліне оралғысы келмейді. П.Чайковский атындағы Алматы өнер колледжінің 4-курс студенті Аяка Мукайяма қазақ елінің қонақжайлылығы мен дархандығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аяка Мукайяма Жапония елінде туып, жапон ұлттық тәрбиесін сіңіріп өссе де, Қазақстанға деген құрметінің ерекше екендігі байқалады. Айтуынша, оның ата-анасы Қазақстанда танысқан екен.

«Менің ата-анам Қазақстанда танысқан. Әкем ол кезде Қазақстандағы Жапонияның бас консулы болып қызмет істеген. 1990 жылдардың ортасында Жапон киносының күндері өтеді. Сол шараға анам (ол кезде шығыстану факультетінің студенті) құрбыларымен бірге барады. Сол жерде әкем мен анам танысып, араласып тұрады. Кейін әкем Германияға консул болып кетеді. 3-4 жылдан соң қайтып келіп, анам екеуі үйленген. Бірнеше жылдан соң отбасымен Жапонияға кеткен. Содан 1999 жылы мен тудым», – дейді жапон қызы.

Аяка Мукайяма жапон императорының, ақсүйектің ұрпағы болу қандай жауапкершілік жүктейтінін айтты.

«Әкем маған Мукайяма тегі туралы көп айтатын. Сен бұл текті алып жүргенің сен үшін үлкен жауапкершілік, мәртебе деп айтатын. Жапон императорына жақын Шегун самурайының ұрпақтары батылдығымен, өжеттігімен, азаматтығымен тарихта қалған. Мен солардың атына кір келтірмеуім керек», – дейді ол.

Мукайяманың айтуынша, оны Қазақстанның менталитеті, өмір сүру салты, дәстүрлері өте қызықтырған.

«Маған өзге елдің менталитеті, өмір сүру салты, дәстүрлері өте қызық болды. Сосын, анамның туған жері, балалық шағы өткен жері болғандықтан көргім келді. 15 жасымда Қазақстанға алғаш рет келдім. Жапонияда маған бар жағдай жасалды. Ешқандай таршылық көрмедім. 5 жасымнан скрипкаға, баскетболға бардым. Ата-әжелерім де материалдық тұрғыдан өте ауқатты тұратын. 2014 жылы жалғыз өзім Қазақстанға келдім. Нағашы әжеммен тұрып жүрдім. Ол кісі мені, мен оны түсінбеймін. Ыммен түсінісетінбіз. Басында Жапонияны сағынатынмын. Оның үстіне асқазаным қазақтың тамағына үйрене алмай жүрді. Тек қана күріш жеп жүрдім. Уақыт өте келе мен Қазақстанның адамдарына үйрене бастадым. Олардың ашықтығы, мейрімділігі, еркіндігі маған қатты ұнады. Жапондықтар өліп кетсе де ішіндегісін айтпайды. Қазақстанда қалам деген шешіміме әке-шешем екеуі де қарсы болды. Әкем «3 ай Қазақстанда тұрып көрсін, сосын қайтып келеді» деп ойлады. Жапонияда жүргенде гитара аспабын үйреніп жүрген едім. Қазақстанға келгенде Геннадий Ким деген гитарадан сабақ беретін ұстазға жолықтым. Жапонияда музыкалық білім беру Қазақстаннан төмен деп айтар едім. Жапонияда техника бойынша мықты музыканттар көп. Бірақ әртістік шеберлік, жүрекпен ойнау жоқ», – дейді жапон қызы.

Аяка Мукайяманың сөзінше, бастапқыда ол Қазақстанда тіл білмегені үшін қиналған екен.

«Мен жапон қызы болғандықтан Жапон елін жерге қаратпауым керек болды. Бала кезімнен алған тәрбием, ақсүйек ұрпағы, үлкендерге ізет, әділдік сияқты қасиеттерді бойыма сіңіріп өстім. Жапондықтар үлгермедім, түсінбедім деген түсінікті білмейді. Өте еңбекқор. Таңнан қас қарайғанша тынымсыз өзін-өзі жетілдірумен айналысады. Мен үшін бірінші қиындық тіл білмеуден басталды. Орыс тілін үйренуге кірістім. Оған достарым, курстастарым, отбасым көмектесті. Ал үйде анаммен жапон тілінде сөйлесемін. Жапон тілінде кітап оқимын. Театрларға, киноларға бардым, тіпті аяғымды сындырып алғанда да гипспен сабаққа келіп жүрдім. Мен осындай тынымсыз еңбегімнің арқасында тіл үйреніп, гитараны да бір кісідей меңгердім», – дейді ол.

Сондай-ақ, ол Қазақстан халқының жайбарақаттығына таңданған екен.

«Қазақстанда мені адамдардың жайбарақаттығы таңқалдырды. Кез-келген жерге кешігіп келу дәстүрі таң қалдырды. Сосын кей дәстүрлерге таң қалдым. Мәселен, нағашы апаммен тойға барғанда екі сағат кеш басталғаны. Сонымен қатар, отырыста маған қойдың құлағын музыкантсың ғой деп кесіп бергенде шамалы ойда қалдым. Алматының ауа райы маған жақпады. Қазір қыс, қар болған соң ғана жағдайым жақсы. Жаз басталса, менде аллергия қозады», – дейді ол.

Десе де Аяка Мукайяманың Жапонияға оралғысы жоқ. Ол елдегі ұстазы мен достарын қимайтын көрінеді.

«Жапонияға қайтқым жоқ. Өйткені мен Қазақстанда гитара таптым, керемет ұстазым және жақсы достарым бар. Оларды қиып кете алмаймын», – дейді Аяка Мукайяма.

Оқи отырыңыз:

Тарихшы: Байзақ батыр елінің азаттығы үшін өмірін құрбан етті

Павлодар әкімінің орынбасарына дүкендегі картоптың түрі ұнамай қалды

Біріккен Араб Әмірліктері: Визасыз тәртіп жөнінде не білу керек?

Қорқыт ата Әзірбайжанда шығарылатын комикс кейіпкеріне айналады

Талқылау