Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жапырақты шайнап, жарақатқа жаққан": Орангутанг бетіндегі үлкен жараны емдік өсімдіктің көмегімен емдеп жазды

Индонезияда сумартандық орангутанг дәрілік өсімдіктің көмегімен бетіндегі жарасын емдеп алды. Ғалымдар жабайы табиғатта жануарлардың өзін-өзі емдеуі алғаш рет тіркелгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: BBC.com/Safruddin

2022 жылдың маусымында Индонезиядағы Гунунг-Лойзер ұлттық саябағында бетінде үлкен жарасы бар Ракус атты орангутанг зерттеушілердің көзіне түскен. Ғалымдар оның жарақатты басқа орангутангмен жекпе-жек кезінде алған деп болжады. 

Уақыт өте зерттеушілер Ракустың безгек пен қант диабетін емдеу үшін жергілікті жерде қолданылатын қабынуға және бактерияға қарсы өсімдік “акар кунинг” деп аталатын өсімдіктің сабағы мен жапырақтарын шайнап жатқанын байқаған.

Ол өсімдіктің сұйықтығын жеті минут бойы бетіне қайта-қайта жаға берген. Кейін Ракус жапырақтарды шайнап, одан алынған қоспаны жараның бетіне жаққан. Ол жарты сағат бойы емдік өсімдікті жеген. Ғалымдар маймылдардың бұл емдік шөппен қоректенетінін бұрын да байқаған. Алайда оны емдік мақсатта қолданғанын алғаш көруі. 

Қоспа мен жапырақтар оң әсерін берген көрінеді. Арада бес күн өткенде маймылдың бетіндегі жара түгелдей жазылып кетті. Ал бір айдан соң Ракус құлан таза айықты. 

Ғалымдар Ракус емдік жапырақтарды қолданады деген қорытындыға келді. Өйткені орангутангтар бұл емдік шөпті өте сирек жейді. Тағы бір ескеретін жағдай, Ракус жараны ұзақ уақыт бойы үзбей, емдеген. 

“Ол сұйықтықты бірнеше рет қолданып, кейінірек жараға қою өсімдік қоспасын жақты. Бұл процесс ұзаққа созылды. Сондықтан ол бұл әдісті әдейі қолданды деп есептейміз", –  дейді доктор Лаумер.

Сондай-ақ зерттеушілер Ракустың әдеттегіден әлдеқайда ұзақ демалғанын байқады. Бұл оның жарақатының жазылуына сеп болды.  

Ғалымдар бұл мінез-құлық адамдар мен маймылдардың ортақ арғы атасынан қалыптасқан болуы мүмкін деп санайды.

“Олар – біздің ең жақын туыстарымыз. Бұл біздің олармен ортақ қасиеттеріміздің бар екенін тағы бір рет дәлелдеді. Біз басқалармен салыстырғанда бір-бірімізге ұқсаймыз", – дейді Германиядағы Макс Планк институтының биологы және зерттеудің жетекші авторы Изабелла Лаумер.

Талқылау