Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)

Фото: Іnstagram.com/southern_sky_airlines/АН-24
Қазақстандықтар пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан ұшақтардың қазіргі күйі мен сапасына шағымданды. Ел арасында адам тасымалдайтын ұшақты көрген кей жолаушылар ұшудан бас тартқан. Stan.kz редакциясы ескі әуе кемелерінің тізімін жасап, оның жарамдылығы және қауіпсіздігі қалай тексерілетіні туралы жазды.
Қазақстандық Семей-Астана бағытында “Оңтүстік Аспаны” (Южное Небо) әуе компаниясының ұшағын көріп, ұшуға қорқып қалғанын айтты. Желі қолданушысы арнайы жазба жариялады.
Фото: threads.com/@knzhbv.s
“Әуе компанияға қарамай Семейден Астанаға ұшаққа билет алған едім. Ұшаққа кіргенде “Оңтүсіктік Аспаны” екенін түсіндім. Бір жолаушы кіріп, ұшудан бас тартты. Бәрін рәсімдеп болғанша 45 минут күттік. Ұшақтың ішіне кірсең төбесі төмен, түсқағаз жабыстырылған, қатты дыбыстан құлақ бітіп қалды, ұшақ қирап қалатындай көрінді. Мен қатты қорықтым бірақ бұл өзінше қызық екен. Біз үйреніп кеттік пе, әлде шынымен өзгертетін уақыт келді ме”, – деп жазба қалдырды қазақстандық.
Мұндағы бейнежазбада ұшақтың салоны анық көрінген. Қабырғаларына түсқағаз жабыстырылған шағын ғана ұшақ. Жолаушылардың көбі оны газельге теңеді.
Фото: Әлеуметтік желіден скрин
“Өзгерту керек! Қабырғаға кілем іліңдер”, “Бұл ең сенімді ұшақ”, “Мұндай әуе компаниясының барын білмейді екем”, “Салонның интерьері мықты екен”, “Астанадан Семейге ұшамыз деп қатты дыбыстан құлақтан айырылып қала жаздағам”, “Қонбақ болып төмендегенде құлаймыз ба деп ойлап едім. Жолаушылардың бірініңж жағдайы нашарлап кетті”, – деп жарыса жазды желідегілер.
“Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” акционерлік қоғамының мәліметінше, қазір Қазақстанның азаматтық әуе кемелерінің елімізде қолданысқа берілгеніне 30 жылдан асқан, бірақ ұшуға жарамды және коммерциялық тасымалға пайдаланылып жүрген 8 ұшақ бар. Олар: Ан-24Б, Ан-24РВ, Ан-24РВ, Boeing 757-21B,Boeing 757-204,Boeing 737-522, Boeing 737-522, Boeing 737-548.

Фото: Stan.kz
“Оңтүстік аспаны” әуе компаниясының Ан-24Б әуе кемесінің қолданысқа берілгеніне 54 жыл болған. Ал Ан-24РВ ұшағы 51 жылдан бері ел ішінде жолаушыларды тасымалдап келеді. Ал Ан-24РВ әуе кемесінің шығарылғанына тура жарты ғасыр болған. “SCAT” әуе компаниясының бес бірдей ұшағының шығарылғанына 30 жылдан асса да, жолаушылар тасымалдап жүр.
Айта кетейік, “Оңтүстік аспаны” – Қазақстан аумағы бойынша авиациялық қызмет көрсетеді. Әуе компаниясы 2016 жылдан бастап тұрақты түрде жолаушылар тасымалдайды. Әуе кемелерінің паркінде АН-24 және Ан-2 ұшақтары бар.
Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңына сәйкес, жолаушыларды, багажды, жүк пен поштаны ақылы түрде тасымалдау, яғни коммерциялық әуе тасымалы тек арнайы рұқсаты – сертификаты бар әуе компанияларға ғана рұқсат етіледі. Бұл компаниялар тұрақты және тұрақты емес, яғни чартер рейстерді де орындай алады.
“Қолданыстағы сертификаттарға сәйкес, “Оңтүстік Аспаны” Әуекомпаниясы” АҚ және “SCAT” Әуекомпаниясы” АҚ жоғарыда көрсетілген әуе кемелерін ішкі және халықаралық әуе бағыттарында коммерциялық әуе тасымалдарын орындау үшін пайдалануға рұқсат етілген”, – дейді Азаматтық авиация комитетіндегілер.
Заңның 47-бабына сәйкес, азаматтық әуе кемесі ұшуды орындау үшін жарамды болуға тиіс. Сондай-ақ ұшуға жарамдылықтың қолданыстағы сертификаты болған кезде ғана пайдалануға жіберіледі.
Азаматтық әуе кемесі мына жағдайда ұшуды орындау үшін жарамды деп танылады:
- Ол дұрыс жобаланған, жасалған, қажет жабдықтармен қамтамасыз етілген, ұшу жарамдылығы сақталған, техникалық қызмет көрсету мен жөндеуден өткен болса;
- Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы заңнама мен экологиялық заңнама талаптарына сай болса.
Әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты Қазақстанның Азаматтық әуе кемелері мемлекеттік тізіліміне тіркелген әуе кемелеріне беріледі:
- Азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылық нормаларына және осы типтік конструкцияға арналған немесе басқа ұқсас құжаттарға сәйкес эксплуатациялық құжаттарға сәйкестігі негізінде, сондай-ақ эксплуатацияға жарамдылығын растайтын бағалау актісі бойынша;
- Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық сертификатын беру және сертификаттау ережелеріне сәйкес.
“Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” акционерлік қоғамы жыл сайын азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау жұмыстарын жүргізеді. Ұшуға жарамдылық сертификаты 1 жыл мерзімге беріледі.
Авиасарапшы Абыл Кекілбаев, керісінше, АН24 ұшағының өте сенімді әуе кемесі екенін атап өтті.
“Әуе компнаиялардың осындай ұшақтарды пайдаланып жүргенін біз білеміз. Ол ұшақтар көбіне субсидияландырылған бағыттарда ұшады. Бұл ұшақтардың пайдаланатын себебіміз, бірінші эономикалық тұрғыдан тиімді. Сондай-ақ АН24 ұшағы дайындалмаған жерге қона алады. Әуе кемесін негізі сондай мақсатта құрастырған. Кез келген жерге дайындықсыз ұшып-қона алады. Қазір оларды ауыстыратын ұшақтар жоқ. Көбіне Батыс Қазақстан, Алматы облысындағы кішкентай әуежайлардан 50-60 адамдық ұшақтар ұшады. Ол жаққа Boeing сияқты ұшақтар ұшып бара алмайды. Ол жерде жанармай мәселесі, ұшып-қону жолағы көлемінің жетпеуі секілді мәселе бар. Сондықтан бұл ұшақтар әуежайлардың бәрі бір деңгейге жеткенше қолданыста болады. Білуімше, ол ұшақтарды жаңасына ауыстыруға әрекеттеніп жатыр. Бірақ ол бір күнде жасалатын жұмыс емес. Ұшақты құрастыру, оны зауыттан алғанша 3-4 жыл керек. Бұл жұмысты әуе компаниялары былтырдан бері қолға алды. Десе де бұл ұшақтардың жарамдылық мерзімі үнемі тексеріледі және сертификаты бар. Рейс орындауға рұқсат етілген ұшақ – ұшуға қауіпсіз ұшақ”, – деді Абыл Кекілбаев.
Сондай-ақ ол жаңадан салынып жатқан Қатон-Қарағай, Зайсан, Кендірлі әуежайларына жаңа, заманауи ұшақтар әкелу үшін жұсытар атқарылып жатқанын айтты.
Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)