Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шәкірттеріміз әлем чемпионы атануда": Алматылық кәсіпкер еліміздегі алғашқы шахмат академиясын қалай ашқанын айтып берді

Бүгінде Жансая Әбдімәлік атындағы академияда 4000-нан астам шәкірт тәлім алып шыққан. Олардың дені қазақстандық, әлемдік, халықаралық сайыстардан топ жарып, жүлдеге ие болған. Еліміздегі алғашқы шахмат академиясында әлемнің бес дүркін чемпионы, гроссмейстер Жансая Әбдімәлік тәлім алған әдістеме бойынша ең үздік гроссмейстерлер сабақ беріп, балаларды жарқын болашаққа бағыттап, бойындағы қабілеттерін ашуға көмектесуде. Орталықтың негізін қалаған кәсіпкер Данияр Әшіров  Stan.kz  тілшісіне берген сұхбатында академияның жұмысы, шахмат мектебін ашуға сеп болған жағдай жайлы айтып берді. 

Еліміздегі алғашқы шахмат академиясы 2014 жылы Алматы қаласында ашылды. Оның негізін гроссмейстер, шахматтан әйелдер арасындағы әлемнің бес дүркін чемпионы, халықаралық шебер Жансая Әбдімәліктің ата-анасы Данияр Әшіров пен Алма Әшірова қалаған. Алғашында мектепте үйірме ретінде ашылған академия бүгінгі күні Алматы бойынша жүлдегерлер саны бойынша көш бастап тұр. 

“Барлығы 2008 жылы Жансаяның Вьетнамдағы әлем чемпионатындағы жеңісінен басталды. Ол сол уақытта Қазақстандағы шахматтан алғаш чемпион атанған спортшы еді. Елге оралған соң Жансая оқитын мектепке бардық. Сол кезде 300-ге жуық оқушы шахматқа қызығушылық танытты. О бастан қызыма қолдау көрсетіп, түрлі турнирлерде жанында болып, қолым тимейтіндіктен мектепте ашылған үйірмеге өзім емес, басқа маманды ұсындым. Аз уақыт ішінде шахматқа қызығушылардың саны өсіп, мұндай үйірмеге балалар ағылып келе бастады. Осы кезде “неге шахмат академиясын ашпасқа?” деген ой келді. Осылайша Жансая білім алған сингапурлық академияның аналогы бойынша біз еліміздегі алғашқы шахмат академиясын құрдық. Академияға бірінші болып грузиялық мамандар келді. Бұдан кейін Ресейден, Украинадан, Беларусьтен, Грузиядан, Армениядан, Әзербайжан және Испания елдерінен беделді гроссмейстерлерді шақырттық”, – деп бастады әңгімесін кәсіпкер. 

Академияда 2014 жыл мен 2020 жылдың аралығында 4000-нан астам бала академиядан білім алған. Оның сөзінше, орталықтың бірегей оқыту әдістемесі қазақстандық менталитетке бейімделген.

Академияда 2014 жыл мен 2020 жылдың аралығында 4000-нан астам бала білім алған. Оның сөзінше, орталықтың бірегей оқыту әдістемесі қазақстандық менталитетке бейімделген.

“Шахмат академиясына 4 жастан бастап балаларды қабылдаймыз. Жас бойынша шектеу қойылмайды. Ересектер де, балалар да өз қалауынша шахмат ойнай алады. Олар арнайы топта немесе жеке сабақ алып жаттыға алады. Жұмыс күндері келе алмайтын болса, демалыс күндері жаттыға алатын арнайы топ бар. Соған жазылып, сабақтарға қатыса алады. Қазір жұмыс істеп жатқан екі филиалымызда 1100-дей оқушы, реконструкцияға жабылған оқушылар сарайында 250-ден аса тәлім алушымыз бар. Бәрін қосқанда академия қазіргі таңда 1350-дей оқушыны шахматқа баулып отыр”, – дейді Данияр Әшіров. 

Академияның тағы бір филиалын ашу жоспарда бар екенін айтқан кәсіпкер мұндай жетістікке қол жеткізуіне Jusan Bank-тың қосқан үлесі зор екенін алға тартты. 

“Екінші филиалымызды ашқан кезде Jusan Bank-пен жұмыс істедік. “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы арқылы банктен субсидия алып, жұмысымызды бастап кеткен едік. Қазіргі таңда академияның үшінші филиалын ашу үшін Jusan Bank-ке өтінім бергенбіз. Біз шахматтан әлемдік деңгейдегі үздік филиал құрғымыз келеді. Сондай-ақ Алматының әр ауданынан өз филиалымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Тек Алматымен ғана шектелмей еліміздің әр аймағынан академия ашқымыз келеді. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан ашамыз деп ойлаймын. Осы қалалардан бізге ұсыныстар түсіп жатыр. Міне, осы тұрғыда Jusan Bank-ке арқа сүйеп отырмыз”, – дейді кәсіпкер. 

Айта кетсек, академия бес жыл бойы медальдар саны бойынша Алматыда көш бастап тұр. Ал 2018 жылдың көктемінде академияның алты жасар оқушысы Дінмұхаммед Төлендинов 7 жасқа дейінгі оқушылар арасында әлем чемпионы атанған. 

“12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында болған ел чемпионаттары арасында академия оқушылары керемет нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ал халықаралық жарыстарды алатын болсақ, біздің шәкірттеріміз жастар чемпионатында әлемдік деңгейде тамаша нәтижелер көрсетті. Сондай-ақ академия шәкірттері Азия чемпионаттарында топ жарып жүр. Академия Қазақстан шахмат тарихында алғаш рет 7 жасқа дейінгі балалар арасында Азия мен әлем чемпионын тәрбиелеп шығарды. Мен бұны айтуға тұрарлық дәреже деп ойлаймын. Өйткені біздің академия әлем чемпионын жарты жылдың ішінде баулып шықты”, – дейді Әшіров. 

Кәсіпкердің айтуынша, мұның барлығына академияның үздік әдістемесі мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізу мүмкін болды. 

“Академиямызда қабырғасында кәсіби жаттықтырушылар мен гроссмейстерлер жұмыс істейді. Олардың көбінің шахмат бойынша жаттықтырушы деген жоғары білімі бар. Шахматтың кәсіби деңгейі бойынша ТМД елдері арасында Қазақстанның үлесі жоғары. Сол себепті біз басқа елдердегі мамандарды қызықтырамыз. Академияда басқа елден келіп, шәкірттерімізге шахматты үйрететін жаттықтырушылар үлесі 90 пайызды құрайды. Ал қалған 10 пайызы – шахмат бойынша спорт шеберіне кандидат болған біздің қазақстандық жас мамандар”, – дейді Данияр Әшіров. 

Бизнесте де шахматтағыдай 2-3 қадамыңды алдын ала ойлап алу керек деген ол болашақ кәсіпкерлерді өз ісін бастаудан жасымауға шақырды. 

“Қазір бизнесті қалыптастырудың алғашқы кезеңдерінде өз ісіңді ашуға мүмкіндік беретін тиімді және нақты жұмыс істейтін мемлекеттік бағдарламалар бар. “Бизнестің жол картасы-2025” бағдарламасының арқасында Jusan Bank пен ДАМУ қорының ынтымақтастығымен біз Алматы қаласында шахмат академиясының екі филиалын аштық. Бұл шахматты осы зияткерлік спорт түрімен айналысқысы келетіндер саны бойынша көшбасшылар қатарына шығаруға мүмкіндік берді. Жас кәсіпкерлер мұндай мүмкіндіктерді қалт жібермеуі керек”, – дейді Данияр. 

Сонымен қатар, бес дүркін әлем чемпионын тәрбиелеп өсірген ата-аналарға өз кеңесін айтты. 

“Баланы 5-6 жасқа дейін әртүрлі үйірмелерге қатыстырған дұрыс. Ол әйтеуір бір жерде болмасын, екінші жерде өзін көрсетеді. Көбіне ата-аналар баласының бірінші сәтсіздігін көреді де, беріле салады. Баласының ұнжырғасы түскенін байқайды да, “ата-аналық махаббатпен” оның көңілінің түскенін қаламай спорттан шығарып алады. Мысалы, білім беретін мектептерде қанша сәтсіздікке ұшырап жатса да, балаларын алып кетпейді ғой. Бір бақылауды, екі бақылауды шығара алмай қалса, математиканы не істейсің, мектепті таста деп айтпайды. Сондықтан ата-аналарға шыдамды болыңыздар дегім келеді.  Балаларыңызды бірінші сәтсіздіктен беріле салуға үйретпеңіздер”, – деп қорытындылады сөзін Данияр Әшіров. 

07.04.21 ж. № 1.2.35/225/37  лицензияны Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген.

Талқылау