Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көпшілік қазақ әйелдері оргазм ала алмайды": Қазақстандық сексолог қазақ отбасыларындағы басты проблемаларды атады

Соңғы деректер бойынша, қазақ ерлерінің арасында белсіздікке ұшырағандар үлесі 20%-ға жеткен. Әйелдердің арасында да қанағаттанбаушылық сияқты проблемалар жиі кездеседі. Сексолог Жанна Төремұратова қазіргі кездегі әйел мен ердің арасындағы салқындық, бір-біріне жыныстық қанағаттанбау ажырасуға басты себеп екенін айтады. Сексология тақырыбы неге қазақ әйелдерін ұялтады? Stan.kz тілшісі сексологтан сұрап білді. 

Ерлі-зайыптылар арасындағы ең негізгі мәселе жайлы ...

Бүгінгі біздің қазақ қоғамындағы ең басты мәселе - отбасындағы диалогтың жоқтығы. Ер адам мен әйел бірін-бірі тыңдауды, бірінің жағдайын бірі жасауды қойған. Қандай да бір мәселе туындағанда бірлесіп отырып шешуді ұмытқан заман болды. Соның кесірінен ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөзге келмей, ең оңайы ажырасып кету деп ойлайды. 

Ер адам болсын, әйел адам болсын жауапкершіліктен қашады. Қыз отбасыға келін болып түскенде атадан қалған "судай сіңіп, тастай бат" деген өсиетін бойына сіңіруі керек. Келін болып түскен әулеттің алдында үлкен жауапкершілігі бар екенін біліп, түсуі керек. 

Ер адамның мойнындағы жауапкершілік - отбасын асырау. Бойдақ кезіндегі оңды-солды жүрістерін азайту керегін ұғынуы керек. Ерлі-зайыпты арадағы кикілжіңді екеуара шешуі керек.  

 

Адамдар психологиялық азғындауда

Карантинге байланысты әйел мен күйеудің таңнан қара кешке дейін үйде отыруына байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп келе жатыр. Бұған себеп - адамдардың психологиялық азғындауы. Одан кейін проблема ешқашан біржақты болмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деген кезде бірінші ер адамның әйел адамға жасайтын физикалық әлімжеттігін қарастырамыз. Одан бөлек психологиялық жағынан да зорлық көрсетуі мүмкін. Әйелді қорқыту, қысым жасау, "үйден шықпа, бұрынғы құрбыңмен аралассаң, таяқ жейсің" деп әлімжеттік жасайды. Зорлықтың тағы бір түрі -  экономикалық қысым. Әйел өз айлығын өзіне жарата алмай, күйеуі қаржылық тұрғыдан зорлық көрсетуі мүмкін.

Енді жыныстық зорлық көрсетіп, әйеліне қол көтеретін ер адамдар өмірде ешқандай жетістікке жете алмаған, ер адамдық потенциалын іске асыра алмаған. Сөйтіп өшін әйелден алады. Әйелін ұру арқылы өзін еркек сезінеді. 

Ал өзін ұруға мүмкіндік берген, "тиран" күйеумен бірге тұрып жатқан әйелдер кезінде әке мейірімін толық ала алмаған қыздар. Олар ер адам осындай болуы керек екен, мені осылай жақсы көреді, ұрып-соққанына көнуім керек дегенді ойлайды. Ер адамның болмысы осындай түсінеді.

Ақыл есі дұрыс, өзін сыйлатын әйел өзіне күш қолданып жатқан жерден кетуге тырысады. Сондықтан бала кезден ер бала болсын, қыз бала болсын, жыныстық сауатын ашып, дұрыс тәрбие беру керек. Физикалық түрде ешқандай зорлық-зомбылық көрсетпеуі керек.

 

"Күйеуімді қалай қандырамын", "күйеуім тез бітіріп қояды" - маған келетін қыздардың сұрағы 

Сексолог маман ретінде келіп қаралатын қыз-келіншектерді екіге бөліп қарауға болады. Біреуі күйеуі үшін келеді. Олар күйеуімді қалай қанағаттандырамын, бала тумаған кездегідей төсек ләззатын қайта бастауға бола ма, босанғаннан кейінгі кеңейіп кеткен қынапты  қалай тарылтуға болады, күйеуім басқа жақтан ләззат іздемесе екен деген сарындағы сұрақтармен келеді. 

Екінші топтағы әйелдер керісінше күйеуім мені қанағаттандырмайды, тез бітіріп қояды, оргазм ала аламаймын деген мәселемен келеді. Бұл жердегі мәселе ең жақын адамы күйеуімен ашық әңгіме айта алмауында. Төсек қатынасына келгенде біздікілер өте ұяң. Мұны тәрбиеден деп айтып жатамыз. Бірақ ...

Кез келген ер адам әйел адамды қанағаттандырғысы келеді. Оның қанағаттанғанын көргісі келеді. Әйеліне өзінің қалаулы болып тұрғанын сезгісі келеді. Сондықтан әйел адам өзі ең бірінші төсектен ләззат алып үйренуі керек. Өзі бақытты болған адам ғана басқа адамды бақытты ете алады. Ал күйеуім үшін қынабымды тарылтамын, күйеуім үшін емшегімді үлкейтемін деу қате пікір. Ең бірінші өзіңде бармен бақытты болып үйрен және мұндай тақырыптарды күйеуімен ашық түрде оның намысына, арына тимейтіндей етіп сөйлесу керек. Сондай-ақ "төсекте не істегенімді қалар едің", "саған не ұнайды" деген сынды ашық әңгіме болуы керек. 

 

Еркек адам басқа әйелге кетіп қалса, ол оңбаған деген сөз емес

Маған келіп қаралатын пациенттердің арасында бір-біріне деген қанағаттанбаушылық 100%. Егер олар бір-біріне қанағаттанбаса, сексолог маманға келіп қаралмас еді. Бұл, әсіресе, қазақ отбасыларында басым. Тек ортада бала болғаны үшін ажырасып кетпеу керек деген оймен ғана бірін-бірі ұстап тұрады. 

Еркек адам басқа әйелге кетіп қалса, ол оңбаған деген сөз емес. Демек, әйелдің де бойында бір мін болуы мүмкін. Көп әйелдер бала туып берсем болды ер адам менен кетпейді деп ойлайды. Ер адам балаға да қарамайды. Ажырасуға ең басты бір себеп - бірін-бірі қанағаттандыра алмауы.

 

Көпшілік қазақ әйелдері оргазм ала алмайды 

Қазақ әйелдерінің көпшілігі оргазм алмайды, төсекте қанағаттанбайды. Оның басты себебі ұят болады деген тәрбиеден. Кішкентайынан ол жайында айтуға болмайды деген тыйымды көп естіген. Тұрмыс құрып, жыныстық қатынасқа түскен кезде өзінің жолдасына сол тақырыпта айтуға, ол жайында мамандардан кеңес алуға ұялатын болады. 

Оргазм сезінгенде эндорфин гормоны бөлінеді. Сол арқылы әйел өзін бақытты сезінеді. Ал оргазмды сезінбеген әйел көп шаршағыш, жүйке жүйесі тозып, ашуланшақ болады және иммунитеті әлсірейді. Сол арқылы әртүрлі ауруларға бейім болып келеді.

 

Пәктікті сақтау ер балаларға да өте маңызды

Қыз баланың барған жеріне пәк болып баруы біздің қоғамда өте маңызды. Сексолог ретінде бұны қолдаймын. Өйткені әртүрлі ер адаммен жыныстық қатынаста болса бет пердесі ашылып, жеңіл жүріске кетіп қалуы мүмкін. Әр түрлі инфекцияларды жұқтыруы мүмкін. Кейбіреулері аборт жасатып, бедеулік мәселесіне душар болады.

Сондай-ақ пәктікті сақтау ер балаларға да өте маңызды. Тек қыздар ғана емес, жігіттердің де ақ некеге адал болып баруы керек. 

Ер жігіттің де, қыздардың да жыныстық тұрғыда жетілген соң төсек қатынасын қалауы - қалыпты дүние. Кәмілет жасқа толған соң балалары отбасын құрамын деп жатса, ата-ана қарсы болмауы керек. Балалы болып оқу мен жұмысына кедергі келтіреді десе, жүктіліктен сақтану тәсілдері бар. Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Баланың санын, қашан туатынын жоспарлауына болады. Ақ некесін қиып, үйлене тұра жүктіліктен сақтануға болады. Бірақ бала тууды да ұзаққа қалдырмағаны жөн.

ДДСҰ 30 жасқа дейін ең болмағанда бір балалы болуға кеңес береді. Өйткені 30 жастан соң әйелдің буыны қатады, бала тууы қиынға соғады. 

 

Қыздың пәктікті сақтап ұзақ уақыт жүруіне болмайды

Әйел ағзасының төрт қызметі бар. Төрт қызметінің біреу дұрыс болмаса міндетті түрде ауруға душар болады. 

Бірінші, етеккір циклінің келуі. Ай сайын қалыпты жағдай дұрыс өтуі керек. 

Екінші, жыныстық қатынас қызметі болуы керек.

Ұзақ уақыт жыныстық қатынасқа түспейтін болса, гормондары сыртқа шықпайтын болса, оргазм сезінбесе, ол міндетті түрде қандай да бір ауруға душар болады. 

Үшінші, бала туу қызметі. Жатыр бала тууға арналған орган болғандықтан, ол өзінің қызметін атқару керек. 

Төртінші, бала емізу қызметі. Бала туған соң емшегінің формасы бұзылады деп емізбей қоятын жағдай кездеседі. Баланы дұрыс емізбегендіктен, омыраудың рагы болып асқынып кетуі мүмкін. 

Қыздың пәк болып келуі өте маңызды, бірақ сол пәктікті сақтап ұзақ уақыт жүруіне болмайды. Қыз балаға оқыма демейміз. Қыздар оқиды, жұмыс істейді, әке-шешесіне көмектеседі. Бірақ жұмыс та, оқу да ешқайда қашпайды. Ағзасының төрт қызметін атқаруға асығу керек. Қызға неғұрлым ертерек тұрмыс құрып, ертерек жыныстық қатынасты бастаған денсаулығына соғұрлым пайдалы.

26-27 жасқа дейін пәк болып жүру қыз балаға аса қиын емес. Денсаулығына аса бір кінәрат тудыра қоймайды. Дегенмен қыз баланың гормондары ойнап тұрады. Сол кезде жыныстық қатынасқа деген құмарлығы болып, әртүрлі мастурбация немесе басқа да бір зиянды әдеттерге үйреніп алуы мүмкін. Ертеңгі күні ол ер адамға құмартпай қалады. Өйткені өзінің құмарын өзі қанағаттандыратын болады. Сөйтіп ұзақ уақыт тұрмыс құрмай кәрі қыз атануына сол себеп болуы мүмкін. Кәрі қыздарды көбейтпес үшін қызыңыздың ертерек тұрмыс құруына жағдай жасаңыздар. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр