Жанкүйерлер "Қайрат" – "Реал" матчына билет сатып алып, ойынға кіре алмағанын айтып шағымданды
Фото: Тhreads.com/@abdulova.a@pelle_17/Видеодан скрин
Қазақстандықтар 30 қыркүйек күні өткен көптен күткен “Қайрат” – “Реал” матчына билетті сатып алып стадиондағы хаостың кесірінен ойынды көре алмай қалғанын айтып, наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушылары әділетсіздіктің құрбаны болғанын айтып, сондай-ақ тәртіп сақшыларының жұмысын сынап тастады.
“Билет сатып алу үшін Ticketon-да 4 сағат кезек күттім. 150 мың теңгеден билет алып, стадионға кіру үшін 2,5 сағат кезекте тұрдық. Бірақ бізді кіргібей қойды. Ұйымдастыру жұмыстары нөл! Адамдар кептеліп жатты, ұлымның дем ала алмай жатқанын көріп, бұл хаостан шығып кеттім. Алматы полиция департаментінің қызметкерлері, адалынан билет сатып алған адамдардың ойынға кіруі үшін ешқандай шара қолданбағандары үшін рахмет! Мұндай қаражатқа сендер ештеңе ұйымдастыра алмадыңдар”, – деп шағым білдірді желі қолданушы.
Сонымен қатар ол жанкүйерлердің қауіпсіз жүруі үшін арнайы дәліздердің болмағанын айтты.
Динара есімді желі қолданушы да баласы екеуіне 250 мың теңгеге билет сатып алып, кезектен өтіп, турникетке жете бергенде әлдекімнің стадионға ешкімді кіргізбеу туралы бұйрығын естіген. Ол сонша еңбектеніп, билет сатып алғанда дәл ойын күні стадионға кіре алмай, орнына басқа адамдардың матч тамашалағанын айтып, ашынды.
Қолында билеті бола тұра ойынды өз көзімен көре алмағандардың қарасы көп.
“Билеті бола тұра матчқа кіре алмаған мен сияқтылар бар ма? Барлығы төбелесіп, кезексіз кіріп кетуге тырысқан жабайылардың кесірі. Жүздеген адам ұзын-сонар кезекте тұрды, бірде-бір полиция қызметкері болмады. Кезектегі адамдардың арасынан әрең дегенде аман шықтым”, – деп жазды желі қолданушысы.
Сондай-ақ олар стадионда ине шаншыр жер қалмағанын айтты.
“Сатыларда да, дәліздерде де адам толды. Полиция қызметкерлері жанкүйерлерден ақша алып, кіргізді деген сыбыс бар. Басшылық шара қолдана ма? Сол күні қауіпсіздікке кім жауапты болды? Арыстанғали Расылханұлы, кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенемін. Қонақтардың алдында ұят болды. Билетті адалынан сатып алған адамдар үшін бұл әділетсіз, біреулер танысы арқылы өтіп кеткен”, – деп жазды жанкүйерлер.
“Реал Мадрид” футбол клубының өкілдері кей жанкүйерлерге билет берген. Үш баласымен тарихи матчқа куә болмыз деп келген жанкүйер билеті жоқ адамдардың стадионға кіруге кедергі келтіргенін айтты.
“Өзін таныстырмастан бір қыз келіп, жанкүйерлерді стадионға кіргізетін уақыттың аяқталғанын айтты. Билеті жоқтар билеті бар адамдардың алдын бөгеп қалды. Еріктілер билеті бар адамдарды кіргізу үшін алдындағы адамдарды бір-бірден тартып алып отырды. Осылайша хаос болып кетті. Сөйтіп олар жағдайды реттеу үшін полиция қызметкерлерін шақырды. Алайда полиция кіретін есікті жауып, ешкімді кіргізбейміз деп шешті.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
