Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жәнібектің басы дауға қалуы командасының әлсіздігі " – Тұрсынғали Еділов

БоксФото:Stan.kz

Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылдың 6 желтоқсанында АҚШ-та WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда VADA жүргізген допинг-сынамада мельдоний анықталып, айқас кейінге қалдырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовтың айтуынша, мұндай маңызды жекпе-жек қарсаңында Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына ілігуі – оның командасының әлсіздігін көрсетеді.

    "Үш бірдей чемпиондық белбеуді қорғауға арналған аса маңызды жекпе-жек алдында допинг дауына іліну команда жұмысының әлсіздігін білдіреді. Мұндай деңгейдегі кездесуде әрбір ұсақ-түйекке дейін назар аудару қажет. Себебі бұл жай ғана жекпе-жек емес, үлкен жауапкершілік", – дейді бапкер.

Тұрсынғали Еділов Жәнібек Әлімханұлын өте мықты боксшы деп бағалап, оны Геннадий Головкиннің жолын жалғап келе жатқан талант иесі ретінде атап өтті. Дегенмен, оның командасы халықаралық деңгейге сай болуы тиіс екенін айтады.

    "Команда мүшелері ағылшын тілін білуі, еркін сөйлей алуы керек. Тек “Qazaq style”-мен шектеліп қалу қате. Шетелде Жәнібектің жанкүйерлері аз емес, солармен ашық сөйлесіп, сұхбат бергені маңызды. Барлық мәселені алдын ала шешу боксшының командасы, промоутерлері мен менеджерлерінің тікелей міндеті", – дейді ол.

Сондай-ақ бапкер қандай шешім қабылданса да, Жәнібек Әлімханұлының мансабын жалғастыру-жалғастырмауы спортшының өзіне байланысты екенін атап өтті.

    "Қандай шешім шығатынын соңына дейін күту керек. Бірақ қандай жағдай болмасын, егер Жәнібек қаласа, бұл сынақтан кейін де сағы сынбай, мансабын жалғастыра алады. Әлемдік тәжірибеде 50 жасқа дейін жұдырықтасып жүрген боксшылар бар", – дейді ардагер бапкер.

Тұрсынғали Еділов допинг қолданды деген күдік расталса, Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық белбеулерінен айырылып қалу қаупі жоғары екенін де жасырмады.

    "Егер допинг қолданғаны дәлелденсе, чемпиондық белбеулерінен айырылу ықтималдығы өте жоғары", – деді ол.

Сонымен қатар бапкер қоғамда айтылып жүрген "аяқтан шалу" туралы пікірді де толық жоққа шығармайтынын жеткізді.

    "Қарсыластар тарапынан белгілі бір кедергілер болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Қалай болғанда да, барлығын уақыт көрсетеді", –  деді Тұрсынғали Еділов

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 15:31