Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеттен 55 миллион теңге мемлекет қаржысы ұрланды
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен 55 миллион теңге мемлекет қаржысы ұрланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ғылыми қызметкерлерінің қаржы жымқыруы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады", - делінген хабарламада.
Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі аса қауіпті аурулардың таралуына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізу үшін университетке 55 миллион теңге бөлген.
"Зерттеу нәтижелері халықаралық конференцияларда талқыланып, содан кейін сәйкес патент алу керек еді. Алайда университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары формальды түрде жүргізіліп, патент алудың түпкілікті мақсаты орындалмады. Бұл ретте жұмысты аяқтау туралы жалған акт жасау арқылы бөлінген қаржы ұрланған. Прокуратураның тапсырмасы бойынша қылмыстық істі облыстық экономикалық тергеу департаменті тергеп жатыр", - деді қадағалау органы.