Жанболат Ағаділовті өлтірген күдікті ұсталды

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті Жанболат Ағаділовтің өлімі мен бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуде, аталған іс бойынша үш адам ұсталды. Бұл туралы елорданың полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы Ғұмар Шыныбеков мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Үш күдіктіге қатысты, оның ішінде Ағаділовке пышақ жарақатын салған адамға қатысты соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы - күзетпен қамауға алу қолданылды. Заттай дәлелдемелер алынып, бірқатар сараптамалар тағайындалды", - деді Шыныбеков.

Ғұмар Шыныбеков тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстық істің егжей-тегжейін айтты.

Оның айтуынша, 7 қараша күні сағат 23 шамасында Көктал ықшамауданында, содан кейін Талапкер ауылында бойжеткеннің кесірінен жастар арасында жанжал шыққан. 10 қарашада қақтығыс жалғасын тапты. Сағат 23 шамасында Ағаділов достарымен бірге бірнеше автокөлікпен Көктал ауылына келіп, бір топ жастармен кездескен.

"Басталған төбелеске 5 адам қатысты, нәтижесінде зардап шеккендердің бірі жеңіл дәрежедегі жарақат, ал Ағаділов жүрек жарақатын алды", - деді Шыныбеков.

Күдіктілер екі көлікпен қашып кеткен. Бірнеше сағат ішінде бұл адамдар анықталып, ізін суытпай ұсталды.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Шыныбеков кісі өліміне күдікті Жанболат Ағаділовті бұрын танымағанын айтты.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша тергелуде, күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін желіде белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділовтің өліміне күдікті ер адамның кешірім сұраған видеосы жарияланды.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр