"Бірінші сабақта-ақ еркін сөйлеуге көмектеседі": Алматылық ағылшын тілі мұғалімі оқушыларға тіл меңгерудің тиімді бағдарламасын жасаған
27 жастағы Жанаргүл Хамитова – Республикалық “Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз” байқауының гран-при иегері. Ол Алматы қаласындағы №173 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Цифрлық технологияларды оқыту жүйесінде қолданып жүрген маман тілді үйренудің тиімді тәсілін жасап шығарып, оқушыларына үйретіп жүр. Оқытушының шәкірттері арасында бүгінде шетелдік оқу орындарында білім алып жүргендері бар. Жанаргүл Хамитованың өзі оқушыларға да, мұғалімдерге де ағылшын тілін үйретіп, халықаралық тестілеуге дайындауға көмектесетінін айтады. Маманмен тілді үйретуге бағытталған авторлық бағдарламасы мен білім жүйесіндегі кейбір кемшіліктер туралы сөйлестік.
Жанаргүл Хамитова, жеке архивтен
Жанаргүл Хамитова – Орал қаласының тумасы. Мектепті Орал қаласында бітіріп, Алматы қаласына көшіп келген. 2016 жылдан бері мұғалімдік қызметте.
Үш дипломым бар
“Білім жолым Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде басталды. Мұнда екі шетел мамандығы бойынша білім алып, ағылшын және қытай тілдерін меңгердім. Осы оқу орнында оқып жүріп академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алуға мүмкіндік туды. Лондон менеджмент ғылымдар академиясындағы LAMS университетінде бір семестр оқып келдім. Онда мен “Business IT” мамандығы бойынша білім алып, ағылшын тілін дамыттым. 2015-2016 жылдары қос дипломды бағдарлама бойынша АҚШ-тағы Миссисипи Мемлекеттік Штат-алқаптық университетіне оқуға түстім.
Осылайша 2016 жылы екі дипломмен бакалавр деңгейін тәмамдадым. Қазақстанға келген соң Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетіне магистратура деңгейі бойынша оқуға түстім. Қазіргі таңда үш дипломым бар. Шетелде оқып келген соң жұмыспен өтеу бойынша мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу міндетті болды. Мұғалімдікке осылай келдім, өзімнің қалаған ісім деп айта аламын”, –дейді ағылшын тілі мұғалімі Жанаргүл Хамитова.
Оқушыларды, мұғалімдерді дайындаймын
Мұғалім 10-11-сыныптарға ағылшын тілінен сабақ береді. Оларды ҰБТ-ға дайындап, шетелге оқуға түсуге дайындауға көмектеседі. Одан бөлек, оқушыларды, мұғалімдерді ағылшын тілінің халықаралық стандартты тестілеуі IELTS-қа дайындайды.
“Халықаралық университетке оқуға түсуге аз уақытта дайындаудың барлық техникасын білемін. Себебі өзім де тапсырғанмын, Лондонға, Америкаға осы сертификат арқылы барған болатынмын”, – дейді ол.
Қазақ, орыс, қытай, ағылшын, тілдерін білемін
Жанаргүл Хамитова 2017 жылы мектеп көлемінде өткен “Жаңашыл мұғалім” байқауында гран-при иегері, аудандық жас мамандар сайысында бірінші орын, одан соң қалалық байқауда 2-орын, ал республикалық байқаудан гран-при ұтқан.
“Байқауда жеңіске жетуіме презентациямды ағылшын, орыс, қазақ, қытай тілінде қорғауым себеп болды. Сонымен қатар, өзімнің авторлық бағдарламамды ұсындым. DDR – техникасы бойынша бірінші сабақтан бастап еркін сөйлеуге мүмкіндік беретін өзімнің әдіс-тәсілдерімді көрсеттім.
Ағылшын тілі мүғалімдері тілді көбіне жаттанды грамматикамен оқытады, бұрынғы совет кезіндегі әдіс-тәсілдерді қолданады. Меніңше, бірінші сабақтан бастап еркін сөйлеудің мүмкін екенін білу үшін міндетті түрде DDR техникасын пайдалану керек. Мұның мәнінде кез келген сөзді ағылшынша түсіндіре алу жатыр. Мәселен, 5-6-сыныпта зат есім дегеннің не екенін оқушы түсіндіре алмаса, оны тек жаттаудан пайда жоқ”, – дейді мұғалім.
Оқушылар бірінші сабақта ағылшын тілінде еркін сөйлеу мүмкін екеніне көз жеткізеді
Мұғалім ақпараттық коммуникациялық технологияларды (АКТ) оқу жүйесінде тиімді пайдануға тырысады.
“Бірнеше елде оқығандықтан, әртүрлі елдердің білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерді өз сабақтарымда тиімді қолдануға тырысамын. Оқушыларды оқытудағы АКТ-ны пайдалану арқылы ағылшын тіліндегі айтылым, жазылым дағдыларын дамытуға ден қоямын.
Ақпараттық коммуникациялық технологиялар: уақытты тиімді пайдалануға, оқушылардың өзін-өзі бағалауына, пәнге деген қызығушылығын арттыруға, барлық оқушыларды сабақта қамтуға мүмкіндік береді. Осы ретте оқыту процесінде цифрлық технология, Kahoot, Bilimland сияқты платформаларды, Ted talks арнасын көрсетемін”, – дейді маман.
Жанаргүл Хамитова 2021 жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қолынан “Жаңа мектепке - жаңашыл ұстаз” жас педагогтердің V Республикалық қашықтықтан өткізілген байқауының “ГРАН ПРИ” жүлдесін иеленген. 2018 жылы Туркияда Nigde Omer Halis Demir университетінде тағылымдамадан өткен. Ағылшын тілі пәні бойынша аудандық, қалалық, республикалық олимпиадаға жүлдегерлер дайындаған үшін Әуезов аудандық оқу бөлімінің басшысынан алғыс хаттар алған. Маманның бүгінгі педагогикалық ұстанымы “Жеті жұрттың тілін біл”.
Жас маман еңбегінің жемісін қазірдің өзінде көріп жатыр. Шәкірттері әлемнің дамыған елдерінде білім алуға мүмкіндік алуда.
“Былтыр оқушым Бақытов Асыл FLEX бағдарламасының финалисі болды, Америкада 1 жыл тегін оқып жатыр. Жақында жаңа біліммен отанына оралады”, – дейді ағылшын тілі маманы.
Оның айтуынша, бүгінде жоғары деңгейге тіл үйрететін сапалы мамандар аз.
“Қазіргі таңда ағылшын тілі курстары өте көп, дегенмен халықаралық емтихандарға жоғары деңгейде дайындайтындар саусақпен санарлық”, – дейді мұғалім.
Жас маман үнемі өзіңді дамытып отыру маңызды деп есептейді.
“Әртүрлі байқауларға қатысып, өзіңді үнемі шыңдап білімді жетілдіріп отыру қажет. Осы ретте сыни ұрғыда ойлау мен логиканы ағылшын тілін оқытуда қатар дамыту керек. Себебі кез келген тақырыпқа еркін сөйлеу алу үшін, қарапайым сөздерді емес, академиялық сөздерді қолданып, 250 сөздік эссені интернеттен көшірмей жазу үшін бұл маңызды. Осындай тәсілдерді авторлық бағдарламамда қолданамын”, – дейді Жанаргүл Хамитова.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
