Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанарынан айырылған қазақстандық психолог Тұрғын үй жинақ құрылыс банкі арқылы пәтер алды

Қазақстандық психолог Нұржан Дәуітов Жер бетіндегі кез келген адамға қол ұшын созуға әзір екенін айтып жатыр. Себебі, ол әр адамның бақыты тек өзінің қолында екенін біледі. Бұған дәлелі де жоқ емес. Ол – қос бірдей дипломның иесі. Осы күнге дейін түрлі салада жұмыс істеп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен пәтер де алып үлгерген. Аталған пәтердің ақшасын өзі маңдай терімен тапқан ақшасымен өтеп жатыр.

dautov

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Нұржан Дәуітов 1986 жылы Алматы қаласында туған. 5 жасынан бастап қант диабетімен ауырып келеді. Арада біраз уақыт өткен соң, ауруы асқынып, комаға түскен. Осы аурудың салдарынан қазір көзі көрмейді. Десе де мұның барлығы Нұржанның бүгінгі табысты өміріне еш жағымсыз әсерін тигізбеген.  Ол бірнеше салада өзін сынап көрген. Тіпті, Мәскеу, Киев қалаларында психолог болып жұмыс істеген.

“2008 жылдан бастап жазып-оқуым қиындап кетті. Алайда осы уақытта компьютерге деген қызығушылығым артып, оны жөндеу жұмыстарына кірістім. Кейін диджейлердің құрылғыларын жөндеумен айналыстым”, – дейді Нұржан Дәуітов.

Яғни жанарының қызметінің нашарлауына қарамастан, ол әртүрлі технологиялық құрылғыны жөндеген. Нұржан клиникалық өлімді бастан кешірген екен. Бұдан кейін сүйген қызы өзге жігітке тұрмысқа шығып кеткен соң, өзіне қол жұмсамақ болған.

“Әке-шешем ажырасып кеткен. Содан кейін өзім бөлек тұруды ұйғардым. Оларды бұл шешімдері үшін ешуақытта жазғырған емеспін. Керісінше маған жарық дүние сыйлағандары үшін алғыс айтамын. Бір күні анамның үйге келіп мені оята алмай жатқанын өз көзіммен көрдім. Құдды тірі өліктің күйін кештім. Өзімді сырттай бақылай алдым. Ар жақта мені періштелер күтіп алды. “Саған бізге келуге ерте. Сенің жер бетінде жасайтын дүниелерің өте көп” деп айтты. Ал 2004 жылы өзім өміріммен қош айтысқым келді. Мен қатты жақсы көретін қыз тұрмысқа шығып кеткендіктен, 9-қабаттан секірмек болдым. Ол уақытта небәрі  19 жаста едім. Досым құтқарып қалды. Қазір бұл оқиғаға күле қараймын”, – дейді Нұржан.

Бүгінде Нұржанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен алған пәтері бар. Тұрғын үй департаменті оған кезегінің келгенін хабарлағанда, ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтер алуды жөн көрген. Журналист таныстарының көмегімен үйге қажетті ақпарат пен құжаттарды жинаған. Артынша аталған банкпен келісімге келіп, алғашқы жарнаны туысқандарынан алған ақшамен төлеген. Алғабастағы бір бөлмелі пәтердің құны – 4 702 000 теңгені құрайды. Ал ай сайын 35 000 теңге төлеп отырады. Ол пәтерге төленуі тиіс қалған соманы уақтылы өтеп отыруға тырысатынын айтып жатыр. Тұрақты түрде психолог болып жұмыс істейтіндіктен, бұл мақсатының орындалатынына толықтай сенімді.

Нұржан мырза жеткілікті қаржы жинаған жағдайда жанарын да қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Ол өзгелердің өзіне мүсіркеп қарағанын ұнатпайтынын, бақытты болуымыздың тек өзіміздің қолымызда екенін айтып жатыр.

“Қазір ешнәрседен қорықпаймын. Көзім көрмесе де, қалада жалғыз жүремін. Қасымда періштем мен Жаратушы иемнің бар екені сөзсіз. Меніңше, ажалы жеткен кезде кез келген адам өледі. Ал ата-анама айтар алғысым шексіз. Әсіресе анама осы жарық дүниені сыйлағаны үшін. Айналамдағы адамдардың барлығына көмектескім келеді. Себебі, біз өзімізді өзгерту арқылы әлемді өзгертеміз. Өмірге тек бір рет келетіндіктен, оны қалағанымыздай сүруіміз қажет. Бақыт тек біздің қолымызда”, – дейді ол.

 

Талқылау