Жаңаөзенде уланып өлген екі жасөспірім толық емес отбасынан болған
Жаңаөзенде уланып өлген екі жасөспірімнің жерлеу рәсімі өті. 13 жастағы Сұлтан мен 15 жастағы Нұржан мейрамханада жұмыс істеп, ақша тауып жүрген. Банкетке шығып жүрген жас балалар сол күні мейрамханада қонып қалған. Ертеңінде олардың денесін мейрамхана қызметкерлері тапқан. Мейрамхана бастығы әлі ұсталмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентті AstanaTV арнасына сілтеме жасап.
Банкет өткізіп болғаннан соң келесі күні кезекті шараға дайындалу үшін даяшылар мейрамханада қонып қалады. Алайда ертесінде сағат 10-да денелері табылған. Жасөспірімдердің екеуі қайтыс болып, үшіншісі жан сақтау бөліміне жөнелтілген.
«Алдын-ала қойылған диагноз иіс газынан улану болса, бүгін бірнеше дәрігерлер тобы клиникалық диагноз қойды – жоғары деңгейлі иіс газының токсинді әсері және токсинді энцефалопатия. Қазіргі таңда мейрамхана жабық. Қақпасына құлып салынған. Мейрамхана иесі әлі ұсталмады. Бірақ полиция еңбек қауіпсіздігі ережесінің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалардың түнделетіп жұмыс істеу себебі де анықталмақ. Алайда балалардың ата-анасы барлығынан хабардар болғаны белгілі болып отыр», - дейді Жаңаөзен қ. Орталық аурухананың емдеу бөлімі директорының орынбасары Раушан Жапарова.
«Бізге барлығы шұғыл түрде телефон арқылы хабарланды. Анасының сөзінше олар түнде от жағатын жерде қонған. Оқиға орын алмай тұрып бір апта бұрын мектеп мұғалімдері мейрамханалар мен кафелер бойынша рейд жүргізген. Осындай мекемелерде қызмет ететін жасөспірімдерді іздеген. Мамандардың айтуынша, ол уақытта ешқандай тәртіп бұзушылық болмаған», - деп атап өтті Жаңаөзен қ. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Қолғанат Есмұрзаев.
Білім бөлімінің жетекшісі Ысқақ Құлатайдың айтуынша, қала бойынша 5 оқу орны бар. Жұмыс берушілер 17 жастағы баланы жұмысқа ала береді, алайда ондай жағдайлар өте көп болмайтын.
13 жастағы Сұлтанды мектепте соңғы рет өткен сенбі күні көрген. Мұғалімдер оның ақ көңіл, ашық, сабағын жақсы оқитын бала ретінде сипаттады. Бірнеше жыл бұрын әкесі қайтыс болғанын мұғалімдері білетін, бірақ Сұлтанның мейрамханада түнделетіп жұмыс істейтініні ешкімнің ойына да келмеген.
№7 орта мектебінің директоры Алтынгүл Рахимова қатты таң қалып, әлі есін жия алмай жүргенін айтты. «Сұлтан сыныбының үздігі еді. 4-сынып оқитын бауыры мен студент ағасы бар. 2003 жылы әкелері қайтыс болған», - деді ол.
Бұл оқиғаға қатысты жергілікті шенеуніктер де бей-жай қалмады. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов кәмелетке толмаған жас жеткіншектердің неліктен жұмысқа тартылғандығын анықтауға уәде берді. Сөзінше, аталған іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Мән-жайдың барлығын анықтаймыз, тексереміз. Кеше Жаңаөзен қаласының әкімі мен білім саласының өкілдері балаларынан айырылған отбасыларына барып қайтты. Егер қандай да бір көмек қажет болса, жәрдемдесуге дайынбыз», - деді Серікбай Тұрымов.
Полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізуде. Мейрамхана бастығына қандай айып тағылатыны әлі белгісіз. Еңбек басқармасы балаларды жұмысқа тартқаны үшін ешқандай жаза қолданылмайтындығын хабарлады.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
