Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
Фото: Рexels.com
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына арналған қанша грант бөлінгенін және қай салаға басымдық беріліп, ел экономикасын көтеру үшін қандай мамандар сұранысқа ие екенін айтты. Министрліктің мәліметінше, биылғы оқу жылына бөлінетін гранттар былтырғымен бірдей. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева сараланған гранттар мен “Серпін” бағдарламасына да тоқталды.
2025-2026 оқу жылына 77 мыңнан астам грант бөлінген. Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы Еңбек министрлігі ұсынған кадрларға деген қажеттіліктің орта мерзімді болжамы негізінде жасалған.
- Бакалавриат – 77 мыңнан астам грант;
- Магистратура – 10 мыңнан астам грант;
- Докторантураға – 3 мыңға жуық грант.
“Былтыр да 78 мыңға жуық грант бөлінген еді. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы сол көлемде сақталды. Педагогика саласына 13 мыңнан астам, ақпараттық коммуникациялық технологияларға және инженерлік бағытта 20 мыңнан астам грант қарастырылған. Басқа салаларға қажеттілігіне сай бөлінді. Біздің экономикамызға байланысты қазір инженерлік, су және энергетика, жол құрылысы, көлік, әуе жолдары мен темір жол саласындағы мамандар қажет. Сол себепті дәл осы салаларға тиісті гранттар бөлініп отыр. Талапкерлердің арасында медициналық, педагогикалық және инженерлік бағыттарда, биотехнология, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен істері мамандықтарына сұраныс көп. Былтырмен салыстырғанда грант көлемі сақталады”, – деді Жанна Есинбаева.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін 800 мыңнан астам жоғары білімді мамандар қажет. Оның ішінде:
- 60%-дан астамы – инженерлік білімі бар мамандар,
- 21%-ы – педагогикалық білімі бар мамандар.
Ал сараланған гранттар биыл екі дайындық бағытына беріліп отыр. Ол педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар саласына бөлінді.
“Былтырғыдай 300 грант қарастырылды. Яғни, былтырғы пилоттық жоба биыл жалғасады. Сараланған гранттың негізгі ерекшелігі – негізгі конкурс кезінде грант ала алмаған, бірақ Ұлттық бірыңғай тесттен жоғары балл алған талапкерлерге грантқа түсуге мүмкінді береді. Биыл сараланған грант байқауы негізгі байқаудан бөлек өткізіледі. Яғни, негізгі, жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілер тарапынан берілетін және “Қазақстан халқына” қорынан берілетін гранттар конкурсы аяқталған соң, сараланған гранттар байқауы өтеді. Сараланған гранттың құны – 500 мың теңгедан басталады. Мемлекет тарапынан 500 мың теңге төленеді, ал қалған жартысын талапкердің өзі немесе басқа де демеушілік қаржы есебінен төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сараланған грантқа ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Негізгі гранттар конкурсы шілденің 13-20 арасында өтеді, яғни бір апта бойы құжатар қабылданады. Сол тапсырылған құжат жетілікті, ол сараланған гранттар конкурсына жарамды. Конкурс базада сақталған талапкерлер арасында жүргізіледі”, – деді ведомство өкілі.
Биыл “Серпін” бағдарламасына 2 мыңнан астам грант қарастырылған. Айта кетейік, стандартты грант бойынша жұмыс өтеу мерзімі 3 жыл болса, “Серпін” бағдарламасымен оқыған студенттер үшін 2 жыл.
Сондай-ақ 2025-2026 оқу жылында мемлекет “Инженерлік, өңдеу, құрылыс" саласына басымдық беріп, 18 946 грант бөлген. Ал педагогтерді дайындауға 13 226 грантқа тапсырыс берілді.
“Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” – 11 585;
“Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика” – 9 188;
“Ауыл шаруашылығы және биоресурстар” – 2 379;
“Қызмет көрсету” – 2 200;
“Өнер және гуманитарлық ғылымдар” – 1915;
“Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат” – 1485;
“Бизнес, басқару және құқық” – 1423;
“Ветеринария” – 1 275.
Бұған дейін Саясат Нұрбек мемлекет пен министрлік педагогикалық мамандықтар үшін белгіленген ортақ шекті балды өзгертпеуге уәде берген еді.

Павлодарда "Қауіпсіз қала" жобасын іске асыруға 8,6 млрд теңге жұмсалмақ, Қытай Deep Seek-ті жасауға одан үш есе аз жұмсады – Депутат
