Жаңаөзен мен Атыраудағы емхана директорлары 231 миллион теңге жымқырды деген айыппен сотқа тартылды
№2 Жаңаөзен қалалық емханасы мен №4 Атырау қалалық емханасының директорлары ақша жымқырды деген айыппен сотқа тартылды. Біреуіне үкім шықты, ал екіншісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу енді аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Биыл әлеуметтік салада 95 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 58 адам әшкереленді, 34 адам сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті "№2 Жаңаөзен қалалық емханасы" ШЖҚ МКК директоры мен бас бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
“Олар мемлекеттік сатып алу шарты шеңберінде медициналық бұйымдарды жеткізбей, жеке компанияның шотына 10,5 миллион теңге ақша аударып, қаражат жымқырды деп күдікке ілінді”, – деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.
Соттың санкциясымен кәсіпорын директоры қамауға алынды. Алайда қалған деректерді жариялауға болмайды.
Ал 26 тамызда Атырау қаласының соты №4 Атырау қалалық емханасының директоры Сабиров, шаруашылық меңгерушісі Әлжановаға, бас бухгалтер Дүйсенғалиеваға және кәсіпкер Ералиеваға қатысты үкім шығарды. Сот процесі ашық режимде өтті.
“Процеске онлайн түрде облыстық денсаулық сақтау басқармасының және оның 28 ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері қосылды. Сотталушылар заңнама талаптарын бұза отырып, жасалған шарттар шеңберінде іс жүзінде қызмет көрсетусіз кәсіпкерге 231,8 миллион теңге ақша аударып, қаражат жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оларға 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Емхана басшысы Сабиров өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқара алмайды. Әлжанова, Дүйсенғалиева және Ералиева мемлекеттік ұйымдарда 7 жыл материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.