Блогер Жанәбіловтертің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Фото: Ерболат Жанәбіловтердің желідегі парақшасынан
Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлер Жанәбіловтерге қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы cенаттағы брифинг кезінде агенттіктің төраға орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу басталды. Іс кеше немесе алдыңғы күні тіркелді. Олар (Жанәбіловтер блогерлер – ред.) елде", – деді Елемесов.
Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі уәкілетті органда тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін жауапкершілікті қарастырады. Жаза ретінде 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру көзделген.
Оның айтуынша, материалдар апелляциялық сот шешімінен кейін Қаржылық мониторинг агенттігіне түскен.
"Сот шешім шығарып, одан кейін әкімшілік іс материалдары бізге берілді. Сот қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтады. Тергеу мерзімін нақты айту қиын, бірақ шамамен екі айдың ішінде аяқтаймыз деп ойлаймыз", – деді ол.
Жеңіс Елемесовтің айтуынша, блогерлердің қызметінен түскен нақты табысты анықтау әзірге мүмкін емес.
Сондай-ақ ол Just King деген атпен танымал басқа бір блогерге қатысты да материалдар уәкілетті органдарға жіберілгенін айтты. Бұл іс бойынша алынған және жұмсалған қаражат сомасы анықталады.
Еске сала кетейік, 9 қазанда апелляциялық алқа Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Толегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдаған еді.
18-21 тамыз аралығында Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Толегенова автокөлік ұтыс ойынын жариялаған. Пайдаланушылар тікелей эфирді күтсе, оларға ақылы оқуға сілтеме жіберілген, оның бағасы 30 мың теңге болған. Ұтысқа қатысу үшін курсты сатып алу керек болған, бұл қоғам тарапынан үлкен сынға ұшырады.
Туризм және спорт министрлігі ресми лотерея операторлары мен агенттерінен басқа ешкімге ұтыс ұйымдастыруға және билет сатуға болмайтынын ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Ерболат Жанәбіловтің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік ісін тоқтату туралы қаулы шығарылды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс Экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды. Оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс те тоқтатылып, қылмыстық іске ауыстырылды.
Еске салайық, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі
