Жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға берілді
Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының ұйытқы болуымен, Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Бөкей ордасы аудандық ветеринариялық станциясының ұйымдастырумен ағымдағы жылдың 28-29 қыркүйек күндері Хан Ордасы ауылында ветеринариялық станция басшылары мен малдәрігер мамандарының кәсіби тәжірибе жетілдіруге арналған семинар-кеңестің және жаңа ветеринариялық пунктінің ашылу салтанаты өтті.
Семинар-кеңеске аудан әкімінің м.а. Біржан Меңешов, Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отаралиев, облыстық ветеринария басқармасының өкілдері, ветеринария ғылымдарының докторлары, аудандардың ветеринариялық станциялары басшылары мен малдәрігер мамандары қатысты.
Семинар-кеңестің ашылуында алғашқы сөзді Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов бастап, одан соң кіріспе сөзді аудан әкімінің м.а. Біржан Меңешов және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық иснпекциясының басшысы Марат Отаралиев сөйледі.
Семинар-кеңестің күн тәртібіне сәйкес Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқытушысы, профессор, ветеринария ғылымдарының докторы Мәлік Шәлменов "Батыс Қазақстан облысы аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының паразитарлық ауруларын диагностикалық және емдеу іс тәжірибесі" тақырыбында баяндама жасаса, Тасқала аудандық ветеринариялық станциясының директорының м.а. Марина Шамшитова "Тасқала ауданында қараусыз ит-мысықтарды биозарасыздандыруды ұйымдастыру туралы", және БҚО инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, профессор, ветеринария ғылымдарының докторы Ғацса Абсатиров.
"Ауыл шаруашылығы жануарларының әлеуметтік маңызы бар аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру" тақырыптарында баяндамаларын жасады.
Ақпараттық-теориялық бөлімі аяқталғаннан кейін Хан Ордасы ауылында жаңа ветеринариялық пунктінің ашылу салтанаты өтті. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, ауданымыздың құрметті азаматтарымен бірге салтанатты түрде лента қиылды.
Түстен кейін жаңадан ашылған ветеринариялық пунктте профессор, ветеринария ғылымдарының докторы Мәлік Шәлменов ветеринария саласының мамандарына ұсақ малдың паразитарлық ауруларын диагностикалық және емдеу тәсілдеріне тоқталып, практикалық жұмыс барысында тәжірибесімен бөліссе, Тасқала аудандық ветеринариялық станциясы директорының м.а. Марина Шамшитова қанғыбас итке биозарарсыздандыру операциясын жасады.