Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақша сұраққа жауап бере алмаған: Жаңа экология министрін Нығматулин сынға алды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қазақ тілінде қойылған сұраққа жауап бере алмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгін мәжілісте Каспий теңізін қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әралуандылықты сақтау туралы хаттаманы ратификациялау мәселесі қаралды. Депутат Жанарбек Әшімжан баяндама жасаған жаңа министрге бірнеше сұрақ қойды және барлығына мемлекеттік тілде жауап беруді сұрады.

Бірақ министр Брекешев өз ойын мемлекеттік тілде жеткізе алмайтынын айтты.

"Сұрағыңызға рақмет, мемлекеттік тілде жауап беруге кішкене қиналамын. Қазақша білмегендіктен емес, өз ойымды толық жеткізу үшін орыс тілінде жауап берейін", – деді Брекешев.

Ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин экология министріне ескерту жасады.  

"Сіз бізге бірінші рет келіп отырсыз, депутаттың қойған сұрағы да үлкен күрделі мәселе. Сіз парламентке келіп отырсыз. Сондықтан ендігіде қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап беруіңіз керек. Шетелде оқыдыңыз, ағылшын тілін білесіз. Енді туған елде жүрсіз, оған қоса министрсіз, сондықтан қазақ тілінде сөйлеу керек. Келістік пе?" – деп сұрады Нығматулин. 

"Түсінікті, міндетте түрде", – деп жауап берді министр.

Айта кетсек, парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.

"Каспий теңізінде көмірсутек шикізатының ірі қорларының болуы су айдынының экологиясы мен биоресурстарын сақтау туралы мәселені өзектендіреді. Хаттаманың негізгі мақсаты — Каспий теңізінің экологиялық таза теңіз ортасына қол жеткізу және сол қалпында ұстау үшін жерүсті көздерінен әрі құрлықта жүзеге асырылатын қызметтер нәтижесінде теңіз ортасының ластануын болдырмау, бәсеңдету, бақылау және барынша мүмкін болатын апаттарды жою", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Хаттаманың негізгі бағыттары:

  • ең озық қолжетімді технологияларды және табиғат қорғау практикасын пайдалану әрі оларды теңіз акваториясында жүзеге асыру кезінде беру;
  • Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамалары туралы деректер базасын құру мен жүргізу;
  • Каспийдің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының жай-күйіне, оның жағалау жиегі бойындағы теңіздің ластану деңгейіне тұрақты бағалау жүргізу болып отыр.

Министрдің сөзінше, хаттама бойынша теңіз ортасына әсер етуі мүмкін қызмет түрлерінің тізбесі айқындалған. Конвенцияға сәйкес тараптар өздерінің ұлттық заңнамасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандарын ластанудан қорғау үшін қажетті іс-шараларға жергілікті билік органдары мен жұртшылықтың қатысуына ықпал етеді. Сондай-ақ әрбір тарап қоғамның Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының жай-күйі туралы ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетеді. Хаттама мүдделі органдармен ескертулерсіз келісілді, теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды.

Серікқали Брекешев экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып 10 қыркүйекте тағайындалды. Ведомствоның бұрынғы басшысы Мағзұм Мырзағалиев энергетика министрі болды.

Талқылау