Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жан Ахмадиев: “Темір қатын” туындысын шоу-бизнестегі тәрбиесіз әйелдерге арнаймын

Замануаи жырау атанып кеткен Жан Ахмадиев шоу-бизнестегі әйелдерге арнап өлең жазып жатыр. Рэпер «Темір қатын» деп аталатын туындысын кезек күттірмейтін мәселеге арнадым деп отыр.

жырау

Ақын әрі орындаушы Жан Ахмадиев бұл өлеңде қазақ қыздарының тәрбиесі, отбасындағы міндеті мен жарына, балаларына адалдығын сөз етпек. Заманауи жырау өз шығармашылығындағы жаңалықтары мен жоспарларын Stan.kz сайты тілшісіне айтқан еді.

-Сәлеметсіз бе, жақында Ресейлік рэп орындаушыларымен өткен батлда жеңіске жетіпсіз. Құттықтаймыз.

-Рақмет. Ия, жақында елімізде алғаш рет «rap musiq sammit» деп аталатын рэп орындаушылар арасында батл яғни байқау өтті. Сол жарыста жеңімпаз атандым. Байқаудың шарты бойынша, қазіргі таңда еліміздегі діни ағымдар, оның ішіндегі салафизм және оқу орындарындағы парақорлық тақырыбында рэп шығару болатын. Әрине, мен еш қиналмастан төрт ай ішінде берілген тапсырманы орындап, ән шығардым. Сонымен қатар менің басқа рэп орындаушылардан ерекшелігім – мен қазақтың ұлттық аспаптарын сахнаға алып шықтым. Сол домбырамен қобыздың құдіретінің арқасында жеңіске қол жеткіздім. Айта кету керек, «rap musiq sammit» батлдың арнайы қонақтары болып Ресейлік Тимати құрған « Black star mafia» лэйблының жігіттері келді.

-Бұл сайысқа қалай жолдама алып жүрсіз?

-Сайыстың алғашқы кезеңінде өзіміздің отандық рэперлермен жарысқа түстім. 90 орындаушы қатысқан бұл сайыста топ жарып, Алматы аренадағы концертке тікелей жолдама алдым. Байқаудың шарты бойынша, мен үлкен сахнада жаңағы атап кеткен Тиматидің командасымен бірге өнер көрсеттім.

-Неге тек сіз?

-Отандық рэперлердің басым бөлігі берілген тапсырманы орындамай, басқа тақырыпта ән дайындап әкеліпті. Оның ішінде Махаббат, сезім жайлы туындылар да болды . Кейбірі тіпті бұрынғы дүниелерін орындап жатты. Былайша айтқанда, жарысқа салғырт қараған. Ал, мен берілген екі тақырыпты да қозғадым. Жеңісімнің жемісі де осыдан шығар. Осылай Тиматидің командасымен үлкен сахнада жарысқа түстім. Ол жақта да алдыңғы орыннан көрініп, Ресейлік жігіттердің құрметіне бөлендім. Әрине, бұл керемет!

-Олардың осал жерін байқадыңыз ба? Әлде мықты ма екен?

-Негізі мықты. Менің жеңісімнің туын көтерген ол – біздің ұлттық аспаптарымыз. Оны мойындау керек. Домбыра мен қобызды рэпке қосып, шоу жасадық. Оның үстіне менің тақырыбым ауқымды болды. Біздің елде өтіп жатқан соң көрерменнің көбі мені қолдады. Маған дауыс берген жерлестеріме де алғысым шексіз. Егер дәл осы сайыс Ресейде өтсе біз жеңіліп қалар едік. Кім білсін… Ал, былай алып қарасақ, біздің шоу Ресейліктерге қарағанда ерекше болды.

-Ресейлік рэп орындаушылар мен еліміздегі рэп орындаушыларың арасындадағы айырмашылықты байқадыңыз ба?

-Әрине, олардың кәсібилігі жоғары. Саханада өздерін еркін ұстайды. Бізде рэп орындаушылар арасында концерт көп болмайды.Сондықтан сахнада көп қобалжиды. Жеке басым сахнада жиі өнер көрсеткендіктен өзімді еркін ұстадым. Оның үстіне концерттік бағдарламамен біраз елде болдым. Ресейде де, Қытайда да өнер көрсеткен жайым бар.Содан болар, сахна мәдениетін жақсы білемін.

-Енді өзіңіз сайыстарға шығып тұратын шығарсыз?

-Ия, бұйыртса, сайысқа шақырту алдым. Осы жазда Мәскеуде Тиматидің жеке концерті өтеді. Сол жерде Тиматимен бірге өнер көрсетемін. Дәл осы үш әнімді орындайтын болдым.

-Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды?

-Әрине,өте маңызды. Себебі, рэп әлемінде, жалпы Қазақша рэпте ешкім бұл дәрежеге жетпеген. Тіпті, Ресейліктердің көп рэпері Тиматимен бірге ән айтып көрмеген. Сондай мүмкіндік туып отыр. Алла қаласа, жақын арада дайындықты бастаймын. Ол жаққа да ұлттық аспаптармен ән орындаймын деген жоспарым бар. Барынша Қазақ елінің өнерін танытуға тырысамын. Айту керек, «Камеди клаб» пен «Пусть говорят» деп аталатын атақты бағдарламаларға шақырту алып отырмын. Сол сапарымда бірнеше түсірілімге қатысып қайтатын жоспарым бар.

-«Қазақпыз ғой» нешінші кезеңге келді?

-«Қазақпыз ғой 5S» жазайын деп жоспарлаған болатынмын. Ол Елбасына жолдау деген атпен шығайын деп жатқан. Әзірге тоқтап тұр. Себебі, қазіргі таңда басқа жобамен айналысып жатырмын. Дәлірек айта кетсем, «Темір қатын» деген ән жазып жатырмын. Еліміздегі белгілі әйелдерге арналады.

-Неге «Темір қатын»?
-Себебі, қазір 40-50 жасқа келсе де, балалары бола тұра, күйеуінің көзіне шөп салып, басқа еркектің етегінен ұстаған әйелдер көбейді. Сол тәрбиесіздер естісе екен деймін.

-Жақында екінші рет әке атандыңыз. Қыздарыңыздың жағдайы қалай?

-Ия, кішкентайымызды жақында қырқынан шығардық. Шүкір өсіп жатыр.

-Қыздарыңызды өнерге баулисыз ба?

-Жоқ. Мен жалпы қыз баланың өнерде жүргенін құптамаймын. Өнер деп айтпай ақ қояйық, шоу- бизнес дейік. Шоу- бизнесте жүрген әйел әншілердің бәрі емес, көбі бұзылған ғой. Сол себепті қыз баланы шоу-бизнеске араластырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мың жерден талантты болса да. Қыз бала ол – ана. Ол үйде отыруы керек. Ол бір ғана азаматтың әйелі болуы керек. Ер бала болса болады. Оның өзінде, еркектің өзі гастрольдік сапармен көп жүреді.

-Отбасыңыз үшін қорықпайсыз ба?

-Жоқ неге? Отбасым емес, мен ғой жазып жатқан «Қазақпыз ғойды». Мен осы жолды таңдадым. Осы жолды таңдағанда да мен кейбір айтыста жүрген ақын ағаларымыз сияқты «тәпішкемнен» секірмеймін. Аяғына дейін барамын. Атын атап айтпай- ақ қояйын. Біліп отырсыздар… Сол ағаларым басында әдемі айтып бастады, ал кейіннен Димаштың дауысына тиісіп, болмайтын әңгімелер айтып кетті. Олар үнсіз болған соң мен өзім айтуым керек. Мен үнсіз қалсам, халық бәрібір менен сұрайды. «Қайда жүрсің?» «Мынаған неге ән жазбадың?», « Қорқып қалдың ба?» деген секілді әңгімелер айтады. Халық сұраған соң, тыңдарманым бар кезде жазамын. Бетке ашық айтудан қашпаймын.
Сұхбатыңызға рахмет.

Оқи отырыңыз:

Жұлдызай Дүйсенбиева: Жүкті кезімде әкемнің көзіне көрінбедім

Асхат Тарғын: Үйленбес бұрын қызымнан рұқсат сұрадым

Ақбота: Қыруар қаржыны тойыма шашқанша, балаларыма жұмсаймын

Кентал: Туған күнімді тойлағым келмейді. Ол ажалды жақындастырады (фото)

Хит әндердің авторы ақын Бағдаулет Арыстан қызының 1-жас тойын дүркіретіп атап өтті (фото)

“Болашақ” студенті: Оқуға келіп шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын қызғанамын

Талқылау